Берелде тағы бір үлкен қорым қазылды

«Берелдегі № 5-ші қорымды ашып жатқан археологтар сүйекке жетіп қойыпты», дегенді ести сала, патшалар жазығына асығыс аттанып кеттік. Тарихшы-археологтар экспедициясы үлкен қорымды көктемде бастап кеткен болатын.
Қазба жұмыстарын мамырда бастаған экспедициялық топ қорым басында айлап-апталап жатып жұмыс істеген екен. «Білім – инемен құдық қазғандай» болса, археологтардың еңбегі де сол – инемен қорым қазу»,-дейді профессор Зейнолла Самашев. Археолог айтса айтқандай-ақ, мұндағы жігіттердің жанкешті еңбегін алдымен көзбен көруің керек. Археологтар әрбір тас пен топырақтың әрбір уысын үлкен ыждаһаттылықпен зерттеп-зерделеп отырып ашыпты. Патшалар жазығында үйілген қорым тастар бір қараған адамға жай ғана бір төбешік болып көрінуі, немесе тіпті, байқалмауы да мүмкін, тарихшы-ғалымдар сырларын ішке бүгіп жатқан осы қорғандарға шартты түрде белгілеп, ат қойып, айдар тағып, нөмірлеп қоятын сияқты. № 5-ші деп аталған қорған маңайындағыларға қарағанда едәуір ауқымды жерді алып жатыр. Алдымен бетіндегі тастар алынады екен, оны да жай алып тастамайтын көрінеді. Қорымның үсті бірнеше шаршы метрлерге бөлініп, әр тастың орыны, орналасу тәртібі түгелдей қағазға түсіріліп, сызылып, жазылып отырады. Археология ғылымының тәртібі солай. Қорымның үйме тастары тазаланған соң, ары қарай – күрекпен атқарылатын жұмыс. Күрекпен атқарылатын жұмыс аяқталған соң, жүрекпен атқарылатын жұмыс жалғасады. Жүрекпен деп отырғанымыз, кәдімгі ас қасықтары мен щеткалар қолданылатын, үлкен сақтықты қажет ететін, мәңгі тон қабатынан құнды жәдігерді аршып алу жұмыстары.
Екі мәрте тоналыпты
Біз барғанда жер бетінен 4 метр тереңдікте Зейнолла Самашевтің шәкірттері жұмыс істеп жатты. Диаметрі 20 метрді құрайтын қорымның ішінде қарағайдан қиылып жасалған ағаш табыт пен тізерлей жатқызылған екі жылқының мүрдесі топырақтан тазалану үстінде екен. Зейнолла ағамыздың айтуынша, қорым өз заманында қатты тоналған. Мүрде жерленгеннен кейін бір немесе екі жылдың ішінде тоналуы мүмкін.
-Ұрылар қорымды табыттың батыс жағынан үңгіп отырып, дәл аяқ тұсынан түскен. Демек, олар сол заманда өмір сүрген және сүйектің қабірде қалай жатқанын білетін адамдар болуы керек. Еш адаспай дәл аяқ тұсынан келуінің де себебі сол. Біздің пайымдауымызша, олар табытты бұзып, сүйекті аяғынан ұстап суырып алған. Азғана уақыттың ішінде адам сүйегінің жіктері мен сіңірлерінің бұзыла қоймауына байланысты, сүйек тұтасымен сыртқа шығып кеткен. Табыт ішіндегі термоүйлесімнің бұзылуына және сыртқа шығып қалуына байланысты сүйек шіріп кеткен сияқты. Бізге олжа болып отырған дүние – табыт ішінде қалып қалған әйел адамның сәукелесі. Тұтас қалпында сақталмаса да, алтынмен әшекейленген сәукеле көп дүниеден хабар беріп тұр. Сонымен бірге, бағалы аң терілерінен жасалған тон, пышақ, құмыра сынықтары кездеседі. Дәл жанында жерленген екі жылқының сүйектері жақсы сақталыпты. Бірінші жылқының алтын жүгені де жарқырап тұр. Қорымға жерленген адамның әлеуметтік мәртебесін алдағы уақытта анықтайтын боламыз. Жас әйел адамның өмір сүрген уақыты шамамен біздің дәуірімізге дейінгі III ғасырдың аяғы IV ғасырды басы,-дейді Зайнолла Самашев.

Қорым екі мәрте тоналыпты, ұрылар ұңғып түскен қос туннель анық көзге ұрып тұр. Ұңғымаға тас толып қалған. Археолог жігіттердің айтуынша, қорымға екінші рет, бертін XIX ғасырда түскен. Мұндағы алтын әшекейлердің орыс патшасының құнды жәдігерлер коллекциясында кездесіп қалатыны да сондықтан. Екінші ұңғыма жолдың болжаммен қазылғанын, табыттың бүйір жағынан келгенінен көруге болады. Олар жылқыларды байқамаған болуы керек, немесе олардың әбзелдерін бәлендей құнды дүние деп бағаламаған.
Алтынмен апталған, күміспен қапталған
Зейнолла Самашев айтады: – Неге екені белгісіз осы патшалар жазығында әйел адамдар көп жерленген. Өткен жылы осы жазықтан тағы екі қыздың сүйегін таптық. Сол заманда ерлер ат үстінен түспей жорықта жүрген кезде, қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайын әйелдер реттеп, шашау шығармай ұстап отырған болуы керек. Сол себептен де сақ дәуірінде әйелдерге деген құрмет ерекше болған. 1998 жылы осы Берелден табылған сақ патшасы мен бүгінгі табылған ақсүйектер әулетінен деп болжап отырған мүрденің өмір сүру аралықтары 60-70 жылдың айналасы болуы мүмкін. Бұл – сол кезеңдегі патшалар династиясының 1-2 буын аралығы.
Енді қайтадан қорымға келейік. Қарағайдан қиып жасалған табыттың беті қайыңның тозымен жабылған. Сол қайыңның қабығы жер астында мыңдаған жылдар бойы жатса да, табиғи өңін жоғалтпапты. Кәдімгі қайыңның қабығының кейбір жері тіпті, сол қалпы әппақ. Егер сол дәуір мен бертінгі дәуір қарақшылары қорымға түспегенде, табыт ішіндегі мүрде бізге тұтас бальзамдалған қалпында және барлық бағалы жәдігерлері мен жетер ме еді… Археологтар айтатын бір әттеген-ай осы.
Қолдарына кәдімгі сурет салатын қылқалам ұстаған жігіттер түймедей заттың айналасында сағаттап отырады екен. Қылқаламмен сурет салып отырған жоқ, үлбіреген жұқа алтынды сол щеткалардың көмегімен тазалайды. Жұмыстарына берілгендері соншалық, маңайындағылармен бас шұлғысып, сөйлесуге мұршалары жоқ. Аттың жүгені де, сәукеле де жұқа алтын фольгалармен қапталған. Қазақтың: «алтынмен аптап, күміспен күптеп» дейтіні осындайдан шыққан болуы керек деп бір ойладық. Тіпті, сол кезеңде жасалған дүниелер мен әшекей заттардың біреуінің талғамсыз қарабайыр жасалғаны жоқ. Бүгінгі күннің озық ойлы дизайнерлерінің қиялдары жете бермейтін сәнді бұйымдарды Алтайдың етегіндегі сақ патшайымдары мыңдаған жыл бұрын жарқ-жұрқ еткізіп тағынып жүргенге ұқсайды. Міне, археология ғылымының бізге көрсеткені осы. Еуропаның немесе солтүстіктегі көршіміздің бізге: «мынау мәдениет» деп әлдеқандай етіп көрсетіп жүрген дүниелері сақ бабаларымыздың салтанатының жанында ештеңе емес.
Сосын мүрде жатқан топырақ түгел құнды материал екен, оның әрбір түйірі арнайы пакеттерге салынып үлкен ғылыми зертханаларға жеткізіледі. Патшалар жазығы – пантеон. Сақ дәуірінде бұл алқапқа ақсүйектер әулетінің өкілдері ғана жерленгендіктен қорымнан табылған әйел адамның сүйегін сақ ханшайымдарының бірі деп пайымдауға болатын сияқты. Археологтар осылай деді.
Зейнолла Самашев № 5 қорымнан шыққан жәдігерлердің ел үшін тарихи маңыздылығы зор екендігін баса айтты. Табыттан табылған әйел бас киімінің қазақ сәукелесінің формасына қатты ұқсастығы көне дәуір мен бүгінгі қазақ мәдениетінің арасындағы үлкен сабақтастықты көрсетіп отыр. Айтпақшы, Берел жазығынан бұрындары табылған жылқылар бүгінгі жабы тұқымды қазақ жылқысының тікелей аталары екендігі ғылыми түрде дәлелденіпті. Бұл қорымдағы алдыңғы аяқтарын ішке бүгіп жатқан жылқылар да жерлеу рәсімі алдында маңдайларынан үшкір затпен соғу арқылы өлтірілген. Екеуінің де бас сүйегінің маңдай тұсында тесік бар.

Туристер табиғи қолында көргісі келеді
«Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының директоры Жангелді Ахмадиевтің айтуынша, облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен Берелдегі қазба жұмыстары мен мұражай кешендерін салу, жалпы, туризм саласын дамыту жұмыстарына ауыз толтырып айтарлықтай қаржы бөлініп жатыр екен. Берел қорымдарының біріне салынған саркофаг осы нәтижелі жұмыстардың бір парасы ғана. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыс көлемі тіпті ұлғая түспекші. Бірақ туристерді басқа нәрсе қызықтырады. Олар қорым тастарын, патшалар қабірін, археологиялық жұмыстардың іздерін саркофактағы көшірмеден емес, табиғи қалпында көргісі келеді. Берелдің нақ өзіне, патшалар жазығына келген туристің, былайша айтқанда, оригинал дүниелерді тамашалағысы бар. Ал бұл жерден шыққан құнды жәдігерлердің Астана музейіне аттанатыны анық. Осы ретте Зейнолла Самашев №5 қорымды тым «еурожөндеуден» өткізбей, осы табиғи қалпында қалдырсақ дейді. «Тек төбесін су мен қар өтпейтіндей берік материалдармен жауып қойсақ болды. Ішіндегі сүйектерді де қозғамауымыз керек, археологтардың жұмыс құралдары, тіпті, қорымның үстіндегі палатка-шатыр мен сыртқа топырақ тасыған екі аяқты арбаларына дейін осы жерде қалуы керек. Келген туристер мыңжылдықтар арасындағы байланысты сезінуі керек», дейді археолог З.Самашев.
Дарын Нұрсапаров