Жаңалықтар

БЕРЕЛДЕ «ЭТНОАУЫЛ» БОЛАДЫ

        Түркінің төрі, алаштың атақонысы, кіндік жұртымыз Өр Алтайдың ендігі жарқын болашағы, атар таңы туризмде  деп  айтып жүрміз.   Құт қонған өлкемізде туризмнің көкжиегін кеңейтпесек, ертеңгі күні Катонқарағайдан  халықтың тіптен үдере көшуіне  ешкім  де тосқауыл бола алмас.

Өңірде туризм, демалыс қызметтерін көрсетумен белсенді түрде  айналысып жатқандар да бар. Олар өздерінің қолда бар мүмкіндіктерін барынша пайдаланып,  еңбектенуде. Солардың бірі – шалғайда жатса да, береке-бірлігі ортаймаған Берел ауылының тұрғыны,  Катонқарағай өңіріне танымал кәсіпкер  Нұрлан Райысов.

                              БҰЛ ЖАҚТА БИЕ БАЙЛАМАУ МҮМКІН ЕМЕС

Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында  Алматыға арман қуып, білім іздеп барған ол ауылдағы әкесінің науқастанып қалуына байланысты  туған еліне қайта оралды. Ауылға келе салысымен  сол кездегі  марал шаруашылығымен айналысатын «Берел» совхозына жұмысқа түсіп, онда үш-төрт  жыл маралшы болып еңбек етеді. Совхоздың дәурені біржолата аяқталған тұста, ол жұмысынан босап,  отбасының қамы үшін жеке тірлігін жасауды ойлайды. Осылайша, қатарынан үш жыл бойында ауыл мен қала  екі ортада таксист болып  та көреді.

Бір кездегі таксиші Нұрлан қазір біржолата қымыз өндіруге көшкен. Жыл сайын жаз шыға сүті мол, кең құрсақты сақа биелерді таңдап алып, бие сауымын бастап кетеді. Төр Алтайдың масатыдай төрінде отырып бұл жақта бие байламау мүмкін емес.

– 2000 жылға аяқ басар кезеңде саудамен айналыса бастадым, -дейді  Нұрлан Көксегенұлы. – Ол уақытта ауылда дүкен атаулы жоқ, елдің бәрі қажеттілерін саудагерлердің үй-үйлеріне  барып,  сатып алатын. Осылайша, біз де ауылдастарымызға қажетті азық- түлікті қаладан жеткізіп тұрумен айналыстық. Жолдасым Бақыт та Алматыдан киім-кешек әкеліп сатып жүрді. Сөйтіп жүріп, ауылдағы бұрынғы «Рабкооптың» ғимаратын сатып алып,  дүкен аштық. Арада алты жылдан соң, дүкеннің жанында  шағын наубайхана ашылды. Дүкен де наубайхана да әлі күнге дейін істеп тұр. Кейіннен отбасылық бизнесімді кеңейту мақсатында  мал шаруашылығын да қолға алам деп шештім. Совхоздан қалған қора-жайларды сатып алдым, несиеге Күршімнен екі бұқа алып, ірі қараның санын көбейтуді ойластырып жүргенде, өңірімізге бруцеллез індеті батпандап кіріп, ойлаған жоспарымыз бен мақсатымызды  күл-талқан етті. Құдайға шүкір, қазір  малымыз бар, бірақ ірі қараны емес, жылқы шаруашылығын мықтап дамытсақ дейміз. Бүгінде  30 бас  бие байлап, қымыз сауғалы төрт жыл болды. Өзіміздің «Әнел» атты шаруа қожалығымыз бар. Өндірген өнімді ауылдастарға, аудан тұрғындарына өткіземіз. Өткен жылы «Самай-Нұр» атты ЖШС құрдық. Ондағы мақсатымыз – шаруашылығымыздың аясын кеңейту. Келешекте мал азығын даярлау үшін иелігімдегі жерлерді егістік алқаптарына айналдыру ойымызда бар.

               МЕЙМАНДАРҒА МЕЙРАМХАНА САЛЫП ЖАТЫР          

Іскер басшының ендігі мақсаты – бағана айтып өткен өңір туризмі, оның дамуына үлес қосу. Айтуынша,  өмірдің талабы осыған бет бұруға әкеліп отыр дейді.

-Біріншіден, туризм бізге ауадай қажет. Азуын айға білеген шетелдегі көптеген мемлекеттердің өзі осы туризмге ден қойған.  Біздің олардан қай жеріміз кем, жеріміз кең, көрікті жерлер көп.          Өзіміздің туған өлкені туризмнің қайнаған ортасына айналдыруға болады. Оның жолын мен де іздестіріп жүрмін. Бастамасы да жоқ емес. Өздеріңіз білетіндей, ауылымыз күре жолдың бойында, тоғыз жолдың торабында орналасқан. Жыл сайын ауданға ат басын бұрған мыңдаған демалушылар мен туристер ауылымызды басып өтеді. Анау Рахман қайнарына да, Мұзтауға да, мына жатқан Берел қорғандарына да отандық туристерді қойғанда, шетелден келетіндер қаншама?! Сонда байқағаным, оларға   жол ортада тоқтап, жүрек жалғап алатын тамақтану орындары жоқтың қасы. Сөйтіп, осы ойымды іске асырайын деп биыл Берелдің ортасынан жер алып, аумағы 300 шаршы метрді құрайтын мейрамхана салуды қолға алдым. Алғашында  жол бойындағы шағын дәмхана етіп істейік пе дегенбіз, ойлана келе, «құласаң, түйеден құла» дегендей, үлкен мейрамхана саламыз деп шештік. Мамырда басталған құрылыс жұмыстары бүгінде аяқталуға шақ қалды. Жұмыстың 90 пайызы  толығымен бітті. Ендігі қалғаны – тек ғимарат ішіне электр жүйесін қосу, қажетті жиһаздар жеткізу, жылу жүйесін тарту, ауласын қоршау. Жиһазға тапсырыс беріп қойдым. Мұнда кез келген той, діни жоралғыларға байланысты науқандар өткізе беруге болады. Бастысы, жол бойы келімді-кетімді туристердің тоқтап, қамданып алатын орны болуы керек. Ол үшін мейрамхана  қысы-жазы үнемі  жұмыс істеп тұратын болады. Қажетті жұмыскерлер мен қызметкерлерді қазірден бастап қарастырып жатырмыз, – дейді Н.Райысов.

Кәсіпкер мейрамхана құрылысына Шымкенттен құрылыс бригадасын жалдап,  төрт айдың ішінде ғимарат қабырғаларын көтеріп, төбесін жаптырған. Артынша, дәл осы өңірден екінші бригада келіп, мейрамхананың ішіндегі жұмыстарды жасаған. Құрылыс жұмыстарына осы күнге дейін көп болмаса, аз емес 100 млн. теңге қаражат кеткендігін айтады  кәсіпкер. Енді ғимараттың тұрғындар пайдалануына берілуі  тағы да қаражатқа байланысты екендігін айтады ол. Біз барған күні болашақ мейрамхананың сыртында бір-екі адам кәріз жүйесіне арналған шұңқырларды қазып жатқанын байқадық.  Оны ауыл азаматы Сәлімжан Құнанбаев пен Алтай ауданынан келген Алексей Снегирев атқарып жүр екен. Одан бөлек, Н.Райысовтың шаруашылығында Александр Соколов, наубайхана жұмысында Ақерке Жұмағұлова, Анар Райысова сынды ауыл тұрғындары еңбек етеді. Жалпы саны онға таяу адам жұмыспен қамтылған.

Нұрлан Көксегенұлы  туризмді дамыту жолында жалғыз мейрамханамен шектелмей, келесі жылдан бастап этноауыл салуды бастайтындығын да жеткізді. Оған қажетті орынды ыңғайлап қойыпты.

-Үйіміз ауылдың шетінде орналасқан. Арғы жағы орман. Сол маңда өзіме тиесілі 40 гектар жерім бар. Соның бір шетінен этноауыл ашсам деп отырмын. Жоспарымыз бойынша мұнда шағын қонақүйлер саламыз, ең негізгісі – киіз үйлер орнатамыз. Оның ішіне келген демалушылар мен туристерді өзіміздің дәстүр-салтымызды кеңінен насихаттап, таныстыру үшін халқымыздың қолөнер бұйымдары, ұлттық тағамдары  қойылады. Ұлттық нақыштағы кәдесыйлар жасап, сатылымға шығарамыз. Түптеп келгенде, егер осы ойлаған жоспарымыз іске асса, өңіріміздегі туризм саласы аз да болса гүлденіп, дами түсер  деген арман ғой бізде. Туристер ауданымызға үздіксіз ағылып отырса, аудан экономикасы артып, халықтың тұрмысы  едәуір көркейер еді, – дейді  елі мен жеріне жанашыр кәсіпкер.

Тимур Смағұлов

Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button