Берелде дүниежүзілік археологтар форумы өтеді
Кеше аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағылығымен облыс әкімдігінің мәжілісі өтті. 2015-2019 жылдарға арналған мәдени саясат тұжырымдамасының облыста жүзеге асу барысы мен индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығына жоспарланған жобалар талқыланған жиында апаттық жағдайдағы мектептерді жаңалау, тұрақтандыру қорының жұмысы, көптілділікті дамыту мәселелері бойынша қосымша ақпараттар тыңдалды.
Әуелі аймақ басшысы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жаңадан тағайындалған басшысы Мұрат Құсайыновты таныстырды.
Бұдан кейін облыс әкімі өңірдің жалпы экономикалық жағдайына қысқаша баға беріп, назар аударарлық тұстарға жеке-жеке тоқталды. Жыл бойында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 93 млрд. теңгеге кеміген. Соның 67,7 млрд. теңгесі «Азия Авто» АҚ-на тиесілі. Бұдан бөлек, «ҚазЦинк РемСервис», «Қазцинкмаш» ЖШС-де өндіріс көлемі азайған. Аталған үш кәсіпорынға жоғалған түсімнің 80 пайызы тиесілі.
Коммуналдық шаруашылық пен тұрғын үй саласындағы жұмыстарды оң бағалаған аймақ басшысы, шағын және орта бизнеске қолдауды күшейте түсуді тапсырды. Мемлекеттік тапсырыспен салынған құрылыстардың сапасына мән беру керектігі де айтылды. Облыс басшысы әлеуметтік маңызы бар нысандарды қолданысқа қабылдау кезінде асығыстыққа бой ұрмау керектігін қатаң ескертті.
– Күршім ауылындағы мәдениет үйі дәл осындай жағдайға мысал бола алады. Әуелі мемлекеттік комиссия нысанды қабылдау жөніндегі актіге қол қойған. Содан кейін барып 90 млн. теңгенің қосымша жұмыстарын істеу қажеттігі жөнінде акт қабылдайды. Осылайша мемлекеттік органдардың шалғайлығы бизнеске зардап шектіріп отыр. Кез келген нысанды қабылдамас бұрын барлық әкімдер мұқият зерделеуі керек, – деді аймақ басшысы.
Ұзаққа созылған құрылыстардың да өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына теріс әсер етіп отырғанын айтқан облыс басшысы халықты баспанамен қамту ісінде мемлекет бюджетіне алақан жая бермеуді тапсырды.
– Бүгінде «Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ-мен бірлескен жобалар өз тиімділігін көрсетіп отыр. Ағымдағы жылы Өскемен және Семей қалалары бойынша бұл іске 1,5 млрд. теңге қаржы тартылды. Келер жылда бұл межені 30 млрд. теңгеге жеткізу қажет, – деген өңір басшысы «Қазақстан ипотекалық компаниясы» Ипотекалық ұйымы», «Еуропа қайта құру және даму банкі» сынды қаржылық институттардан инвестиция тарту ісін індете түсуді жүктеді. Қос қаланың әкіміне аталған институттардан қаржы тарту үшін жеке байланыс орнату тапсырылды.
Сырттан инвестиция тарту өңір экономикасы үшін трендке айналу керектігін айтқан облыс басшысы Күршімдегі көпір құрылысы, Семейдің энергетикалық жүйесін жаңғырту сынды ірі жобалардың инвестициялық мүмкіндіктерін ерекше атады. Ал агроөнеркәсіп саласында Үржардағы құс фабрикасы мен Аягөз және Семей қалаларындағы ет комбинаттары мал шаруашылығын алға сүйрейтін локомотивке айналуы тиіс. Сондай-ақ, желтоқсан айында өтетін инвестициялық форумға аудан және қала әкімдері үлкен мүмкіндік ретінде қарап, ұсынатын жобаларын пысықтай түсу жүктелді.
Облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Нұрмұханова Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған мәдениет саясат тұжырымдамасының өңірде жүзеге асу барысын баяндады.
Р.Нұрмұханованың айтуынша, облыстың мәдениет саласында 4429 қызметкер тер төгіп жүр. Соның 50 пайыздан астамы ауылдық жерлер мен моноқалаларда шоғырланған. Облыстағы шығармашыл адамдардың 60 пайызын да ауылдар мен моноқалалардағы өнерпаздар құрайды.
Бүгінде мәдениет басқармасының алдында саланы жаңа сапаға көтере білетін менеджерлер дайындау, мәдени қызметкерлердің біліктілігін арттыру, ошақтарды жоғары білімді мамандармен қамту сияқты міндеттер тұр. Сала қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстары 2016 жылдан бастап қарқынды жұмыс істемек. Облыс бойынша 185 жоғары білімді мәдени маман қажет.
Басқарма мәдениет саласына арналған республикалық портал ашу бастамасын қолға алмақ. Аталған портал арқылы мәдени шараларға онлайн-режимде билет сату, виртуалды көрме сынды қызметтер көрсетілетін болады. Облыстың кітапханаларында 939 мың дана әдебиет тіркелген. Алайда, соның тек жеті пайызы ғана электронды нұсқаға көшірілген. Ал 429 мың дана мұражай құндылықтарының сегіз пайызын ғана виртуалды түрде көру мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта бұл бағытта да тыңғылықты шаруалар атқарылмақ.
Берел және Жидебай мұражай-қорықтары тұрғындардың бос уақытын ұйымдастырудағы тірек нысандар бола бермек. Келер жылы Катонқарағай ауданында «Патшалар жазығы» атты бүкіләлемдік археологтар форумы өтеді. Жыл бойында облыстың мәдениет саласына 29 жас маман тартылған. Оның көбі – театр саласының мамандары. Ал өңірдің имидждік шараларының ішінде «Ақ Ертіс» классикалық өнер фестивалінің орны ерекше. Республикаға танымал «Отырар сазы», Құрманғазы атындағы саз аспаптар оркесті сынды ұжымдардың гастрольдік сапарлары жалғасын таппақ.
Облыс басшысы жоспарланған мәдени шаралардың ішінде дүниежүзілік археологтар форумының дәрежесі ерекше болатынын атады.
– Бұл шараға әлемнің ең білікті, ең танымал археологтарын шақыру қажет. Бұл шара арқылы Берел жазығы әлемге Хеопс пирамидасындай әйгілі нысанға айналуы тиіс. Осы форум нәтижесінде Катонқарағай ауданының аумағында кең ауқымдағы қазбалар жүретін болады. Ол үшін экономикалық жоспарлау басқармасы қаржы қарастырады, – деген аймақ басшысы идеологиялық сын-қатерлерге «Мәңгілік ел» тұжырымдамасын тосқауыл ретінде пайдалануды ұсынды.
– Бүгінде «дінге бет бұрған осы екен» деп белгілі бір ұлтқа тұрмыстық деңгейге дейін еліктеу үдерісі өршіп тұр. Мұндай идеологиялық қысым қазақ халқына ежелден таныс. «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолы» осындай қысымдарға қарамастан, ұлттың ұстынын сақтап қалуға қауқарлы болғанымен құнды. Сол даңғылды әрі қарай дамытып, барлық идеология саласындағы ағымдарды салт-дәстүрімізге икемдеп пайдалану қажет. Кез келген мәдени жаңалықты қаз қалпында көшіріп алмай, ұлттық сүзгіден өткізіп барып қабылдаудың маңызы зор, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы орынбасары Жақсылық Омарға келер жылдың өңірдегі басты мәдени жаңалығына баланып отырған дүниежүзілік археологтар форумын өткізу жобасын жетілдіре түсуді тапсырды. Бұған дейін еліміздің жетекші археологтары облыстың археологиялық әлеуетін дамыту тұжырымдамасын дайындаған. Өңірдегі мәдени мұраларды сақтау бойынша жұмыстар осы тұжырымдамаға негізделмек. Тарихи-мәдени нысандарды түгендеу, оларды күтіп ұстау және орнымен пайдалану, археологиялық қазбалар ұйымдастыру сынды бірнеше бағыттарды қамтитын бұл жоспар аймақтың геомәдени брендін қалыптастырып, туризмді дамытуды көздейді.
Елімізді индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының Өскемен және Семей қалаларында іске асырылуы жайында аталмыш шаћарлардың басшылары баяндады.
Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бірінші бесжылдығында облыс орталығында 18 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, үш мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылғанын атап өтті. Бұл жобаларға тартылған инвестицияның жалпы көлемі 150 миллиард теңгеден асыпты.
– Әрине, қаладағы ең ірі инвестициялық жоба деп «Азия Авто» толық циклды көлік зауытын айтуға болады. Бұл кәсіпорынның құрылысына 119,8 миллиард теңге бөлінді. Қазір нысанға инженерлік желілер тартылуда, – деді қала әкімі.
Қала басшысы, сонымен қатар, бірінші бесжылдық аясында өңірлік Индустрияландыру картасы бойынша бес жоба жүзеге асырылғанын да атап өтті. Олардың ішінде ОСБ-тақтайлар өндіретін «Мелисса» серіктестігі бар. Бұл кәсіпорын жылына 30 мың текше метр өнім шығарады. Сондай-ақ, жоба құны 2,7 миллиард теңгеге бағаланған технологиялық қондырғылар зауыты да аталған тізімге енді. Қазір жобаның бірінші кезеңі бойынша жұмыстар аяқталып, 509 тоннаға жуық өнім алынды. Зауыт толық қуатына 2017 жылы енеді деп жоспарланып отыр.
Өңірлік Индустрияландыру картасына Өскемен титан-магний комбинатының сирек кеуекті титан шығару жобасы да енгізілгенін айту керек. Бұған қоса, 1,1 миллиард теңгеге бағаланған конденсатор зауытының электр энергиясын үнемдеу құрылғыларын өндіру жөніндегі жобасына да басымдық берілуде.
– Биыл құны 2,9 миллиард теңгені құраған тағы төрт жоба ұсынылып, оның екеуі үйлестіру кеңесімен бекітілді. Осының арқасында алдағы уақытта қаламызда қосымша 180 жұмыс орны ашылатын болады. Жалпы, қазіргі уақытта облыс орталығында жергілікті мазмұнды көбейту бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, түрлі көрмелер ұйымдастырылып келеді, – деді Темірбек Қасымжанов.
Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов ҮИИД бағдарламасының бірінші бесжылдығында облысымыздың екінші шаћарында 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылғанын жеткізді. Бұл жобалардың жалпы құны 10,7 миллиард теңгеге бағаланыпты. Қала басшысының айтуынша, бүгінде сол жобалардың бесеуі 50 пайыздан төмен қуатында жұмыс істеп тұр. Қалған бесеуі, атап айтсақ, «Восток бройлер, «Алина Про», Сәт Транс», «Технология комфорта» және «Приречное агрофирмасы» серіктестіктері 90 пайыздық көрсеткішке жетіп отыр.
– Екінші бесжылдықта Семей қаласы бойынша жеті жоба жүзеге асырылатын болады. Олардың үшеуі осы жылдың картасына енгізілген. Бұлардың ішінде, әсіресе, Семей машина жасау зауытын реконструкциялау және жаңғырту, сондай-ақ, оның базасында МАЗ автокөліктерін құрастыратын өндіріс орнын ашу жөніндегі жобаның орны бөлек. Аталмыш жобаның қуаты жылына шамамен 440 жүк көлігі мен мыңға жуық тіркеме шығаруға жетеді. Қазір директорлар кеңесінде мақұлдаудан өтіп жатқан жобаның құны 1,4 миллиард теңгені құрап отыр. Сонымен қатар, Семей асбест-цемент бұйымдары зауытының автоклавты газды бетон өндіру жөніндегі жобасы да ерекше атап өтуге тұрарлық бастама. Қуаты жылына 100 мың текше метр газды бетон шығаруға жететін өндіріс орнының жобасы 307 миллион теңгеге бағалануда, – деген қала әкімі алдағы екі айда шаћарда жергілікті мазмұнды көбейту мәселесіне басымдық берілетінін айтып, осыған байланысты тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілетініне сендірді.
Жиында сонымен қатар, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнұр Сұлтанова ел Президентінің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын іске асыруға орай аймағымыздағы апаттық жағдайдағы және үш ауысымда білім беріп келетін мектептерді жою мәселелерін шешу барысы жайында ақпарат берді.
– 2015 жылдың басындағы жағдай бойынша облысымызда 18 апаттық мектеп тіркелген. Сондай-ақ, екі білім ордасында балалар үш ауысымда оқуға мәжбүр болған. Жалпы, соңғы үш жылда өңірдегі апаттық мектептердің саны 35-ке азайғанын айту керек. 2014-2015 жылдары облыста 25 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ескі апаттық білім ордаларының орнына салынған жаңа мектептердің басым бөлігі Үржар, Күршім, Тарбағатай және Шемонайха аудандарында бой көтерді, – деген басқарма басшысының міндетін атқарушы биыл облыста 15 мектептің құрылысы жүргізілгенін, оның 12-сі өтпелі, ал қалған үшеуі «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқанына атап өтті.
Ақпарат берушінің айтуынша, алдағы жылы облысымызда үш білім ордасы пайдалануға беріліп, тағы екеуінің құрылысы басталмақ екен.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ құрылысы жүргізіліп жатқан мектептердің жағдайы аудан-қала басшыларының ұдайы бақылауында болу керектігін айтып, осыған қатысты бірқатар тапсырма жүктеді.
– Бұдан былай нысандарды қабылдау жағын қатаң бақылауға алатын боламыз. Жалпы, бұл мәселеге құзырлы басқарма басшылары ғана емес, жергілікті әкімдер де жауапты екенін естеріңізге саламын. Әкімдеріміз өз өңірлеріндегі құрылысы кешіктіріліп жатқан мектептердің тезірек салынып бітуіне ешқандай мүдделілік танытпайтын сияқты. Енді сіздерден де сұрау болады. Облысымыздың аудандарындағы мектептердің басым көпшілігі 63-65 пайызға ғана толады екен. Сонда жанталасып салып жатқан білім ордаларымыз жартылай бос тұр деген сөз. Жоспар бойынша биыл 17 жаңа мектеп пайдалануға берілуі керек болатын. Алайда, бүгінге дейін оның тоғызы ғана есігін ашқан. Осы жайтқа қарап-ақ сіздердің жұмыстарыңыз қандай деңгейде екенін көруге болады, – деген облыс әкімі бәрінен де Үржардың Науалысындағы және Ұланның Алғабас ауылындағы құрылысы бітпей жатқан мектептердің жыры мезі қылғанын айтты.
Аймақ басшысы аталған мәселе бойынша білім және құрылыс басқармаларының басшыларына, сондай-ақ, аудан-қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктеп, олардың орындалу уақытын белгіледі.
Жиында сонымен қатар, «Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Манарбек Сапарғалиев өңірлік тұрақтандыру қорының жұмысы туралы ақпарат берді.
Есімжан Нақтыбайұлы,
Нұржан Кенжеұлы