Мәдениет

Береке-бірліктің құт мекеніне айналдық

Береке-бірліктің құт мекеніне айналдық

КешеҚазақстан халқының бірлігі күні Шығыс өңірінде кең көлемде аталып өтті. Облыс орталығында бұл мерейлі мереке ерекше сән-салтанатпен, көтеріңкі көңіл күйде, асқақ рухта тойланды.

Шеруге он екі мыңнан астам адам қатысты

«Мен – Қазақстанның патриотымын» атты дәстүрлі мерекелік шеруге осы жылы 12 мыңнан астам адам қатысты. Оған әр ұжым ерекше дайындықпен келіпті. Әр мекеме-кәсіпорын өздерін айшықтап, ерекшелеп тұратын футболкалар мен арнайы киімдерін киіп шықты. Еліміздегі бірлік пен татулықты насихаттайтын транспаранттарын биік ұстаған көңілді топтың жүздерінен қуаныш лебі есіп тұрды.
Береке-бірліктің құт мекеніне айналдық
Шерушілер Астана көшесінен шығып, Үлбі көпірі арқылы Горький көшесімен өтіп, Республика алаңына жетті. Алаңнан алғашқы болып асау мотоциклдерін тақымдаған байкерлер жүріп өтті. Темір тұлпарлар легі мұнымен аяқталған жоқ. «Бипек Авто» мекемесінің конвейерден шыққан су жаңа көліктері де шеруге қатысты. Ары қарай шеруді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұжымы және Өскемендегі ірі зауыттар мен кәсіпорындар реті жалғастырып әкетті. «Қазцинк», «ҮМЗ», «ТМК», «Азия Авто», «Қазақстан коммуналдық жүйелері», «ШҚ АЭК» пен «Шығысэнерготрейд», «Өскемен жылу жүйелері», «Өскемен су арнасы», «Қазақстан теңге сарайы», «Қазпошта» кәсіпорындарының қызметкерлері мен жұмысшылары алаңмен жүріп өтті. Одан басқа Өскемендегі барлық мектептер, университеттер мен колледждер, жекелеген банктер қатысты.

Береке-бірліктің құт мекеніне айналдық

Биыл алғаш рет акцияға төртінші билік өкілдері қосылды. Алаңмен «Шығыс ақпарат» серіктестігіне қарасты облыстық «Дидар», «Рудный Алтай» газеттерінің және «Алтайньюс» сайтының ұжымы, сонымен қатар «Алдаспан», «Устинка плюс» газеттерінің қызметкерлері де шерулетіп өтті.
Салтанатты шерудің аяғы алаңға келіп жеткенде, жиналғандарды сахнадан облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ құттықтады. Аймақ басшысы өз сөзінде еліміздің басты байлығы бірлік екеніне тоқталды.

– Құрметті жерлестер, қадірменді қауым! Сіздерді баршамыз асыға күтетін жалпыхалықтық мереке – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! «Бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдің алмайтын асулары жоқ». Бұл – халқын асқақ арман, ұлы мұраттар жолында нық сеніммен бастап келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВТЫҢ сөзі. Тарихи қысқа уақыттың өзі бұл сөздің айнымас қағида екенін дәлелдеп берді. Жиырма бес жылдың ішінде халықаралық ұйымдардың беделді мүшесіне айналған Қазақстан мемлекеті әлем елдеріне көп ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүруінің теңдессіз үлгісін көрсетті. Мәңілік Ел болуды көздеген еліміздің халқы бір шаңырақ астында ұйысып, біртұтас ұлтқа айналды. Бұл – жаһандық деңгейдегі қайраткер, Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ сарабдал саясатының жемісі, – деді аймақ басшысы құттықтау сөзінде.

Өнерпаздар ән-бимен әспеттеді

Бұдан соң жиналған қауымға этномәдени бірлестіктер мен шығармашылық ұжымдар қойған «Бір шаңырақ астында» хореографиялық театрландырылған композициясы көрсетілді. Түрлі ұлттың киімін киген ұл-қыздар сан алуан халықтың әуендеріне биледі. Алаңдағы думан концертке ұласты. Өңіріміздің белді өнер ұжымдары мен күміс көмей әншілері мерекені ары қарай әнмен әспеттеп, күймен көмкеріп әкетті. Олардың қатарында – жұртшылыққа етене таныс орыстың «Ладушки» және «Злато», украинның «Світоч», немістің «Май глекхен», кәрістің «Торади» ансамбльдері, сонымен қатар, «Рассвет» балалар хоры, «Инкоро» вокалдық тобы, «Еркетай», «Экстази», «Ақ толқын», «Арабеск», «Аққу» би топтары бар.

Береке-бірліктің құт мекеніне айналдық

Ал өз күшіне сенгендер кір тасын көтеріп, қол күрестіріп, білек сынасты. Арқан тартысып жатқандар да жетерлік. Дойбы, шахмат, тоғызқұмалақтың да қызығы осы жерде. Әдеттегідей қолөнер шеберлерінің бұйымдары халық назарына ұсынылды.
Жерлестеріміз де өздерінің мерекелік тілектерін білдіріп жатты.

– Бүкіл Шығыс жұртшылығын бірлік күнімен құттықтаймын! Ауа райы салқындау болса да, көңіл күйіміз тамаша. Еліміздегі ұлтаралық татулықтың тамыры тереңде ғой, тегіміз бөлек болса да, тілегіміз бір, біртұтас халықпыз. Бір қызығы, қарап отырсам, мен тұратын подъездің өзінде жеті ұлттың өкілі бар екен, бәріміздің аман-сәлеміміз түзу, тілеулеспіз, бір-бірімізге қол ұшын беруге ұмытылып тұрамыз. Осы ауызбіршіліктен айырылмайық! Мен өзім қырық жылдай қорғасын зауытында еңбек еттім, қазір зейнеттемін, немерелерімді қыдыртып жүрмін. Өз ұлтым – орыс, жұбайым – татар жігіті, – дейді өскемендік тұрғын Евгения Давлетшина.

Қасым Қайсенов кентінен келген ерлі-зайыпты Эйнулла мен Жанна Магомедовтер интернационалдық жанұя екен. Өзі әзірбайжан, жан жары – қазақтың қызы.
– Бірлік мерекесімен бүкіл Шығыс Қазақстан жұртшылығын құттықтаймыз! Бүгін отбасымызбен Өскеменге қыдырыстап келдік, қазір туысқандардың үйлеріне барып, қонақшылап қайтпақпыз. Қазақстан достықтың арқасында жылдан-жылға өсіп-өркендеп келеді. Қараңызшы, бүгін алаңда қаншама ұлттың өкілдері жүр, балалар асыр салып ойнауда, осы мамыражай өмірдің қадірін түсіне білген жөн. Өйткені, өзімнің әке-шешем осы қазақ еліне бала кезінде соғыстан қашып, босып келген болатын, – дейді бізге Эйнулла.

Саябақтар есіктерін айқара ашты

Сондай-ақ, Қазақтан халқының бірлігі күніне орай облыс орталығындағы кейбір саябақтар қысқы демалыс маусымынан кейін өз жұмыстарын жандандырды. Атап айтқанда, бұл күні шаһардағы «Жамбыл», «Сәулетай», «Жастар», «Қазақстан» және «Сол жағалау кешені» саябақтарында мерекелік концерттер өтіп, балаларға арналған байқаулар, өзге де қызықты шаралар ұйымдастырылды.
Бұл күні Өскеменде өткен мерекелік акциялардың бірқатары алдағы жазда Астанада жалауын желбірететін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне де арналды. Мәселен, «EXPO-2017: Astana – Болашақ энергиясы» деп аталған акция аясында өскемендік автосүйер қауым мен байкерлер қатысқан авто-мото шеруі өтті. Шеру барысында мотоциклшілер мен «БИПЭК АВТО» компаниясының су жаңа автокөліктері еліміздің көк байрағын Өскеменнің орталық көшелерімен алып жүрді.

Сол сияқты, Республика алаңында «EXPO-2017: Astana – Болашақ энергиясы» атты жастар викторинасы ұйымдастырылып, оның жеңімпаздары халықаралық көрме жолдамаларына ие болды. Дәл осы кезде орталық алаңда тағы бір ерекше көзтартар шара – робот техникасының көрмесі өтті. Көрмеде келушілер назарына «Нұр Орда» мектеп-лицейі, Назарбаев зияткерлік мектебі және жас техник стансасы оқушыларының қолымен құрастырылған құлтемірлер ұсынылды. Сондай-ақ, этномәдени бірлестіктер мен «Нұр салауат» жастар ұйымының көрмелері де ұйымдастырылды. Қолданбалы өнер туындылары мен «Ақылды мұражай» көрмелерін де тамашалаушылар көп болды.
Түстен кейін алаңда жұрт назарын өзіне бұрған ерекше шара – «Автоэкзотика-2017» көрме-сайысы өтті. Оған қатысушылар «Автодыбыс», «Ретро/классика», «Тюнинг», «Салон», «Капот астындағы күш» сияқты аталымдар бойынша сынға түсіп, үздіктерді анықтады. Кешкісін дәл осы жерде «EXPO-2017: Жастар – болашақ энергиясы» атты биылғы «Студенттік көктемнің» гала-концерті ұйымдастырылды.
Бірлік мерекесі аясында бұл күні Республика алаңындағы субұрқақ салтанатты жағдайда іске қосылды.
Мерекелік шаралар қала іргесіндегі «Шығыс» кентінде де жоғары деңгейде аталып өтті. Кент тұрғындары мен қонақтар қол күресі, көңілді старт, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ пен асық атудан өзара сайысқа түсіп, мереке көркін қыздырды.

Семейлік каратэшілер марафон ұйымдастырды

Бұл күні Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі барлық қалалар мен аудандарда барынша лайықты деңгейде, жоғары дайындықпен ұлттар достығын паш ете отырып, мерекеленді.
Кешеден бері Семейде ұлан-асыр той. Халықтың көңілі көтеріңкі. Орталық алаңға үлкені мен кішісі жаппай жиналып, этноауылдардың мерекесі тамашаланады. Қаладағы киокушкинкай каратэ мектебінің ұстаздары мен шәкірттері «Каратэ терроризмге қарсы!» деген ұранмен қаланың ішінде жүгіріп өтіп, марафон ұйымдастырды. Кимоно киген 500 спортшы Абай, Шәкерім, Міржақып Дулатов, Интернациональная көшелерін айналды. Халық ерекше қол соғып, қошемет көрсетті.

Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов қала тұрғындарын және қонақтарды ынтымақ күнімен құттықтап, игі тілегін жеткізді.
– Халқымыздың достығы мен татулығын, бейбітшілігі мен бірлігін айғақтайтын мереке – Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын! Бұл күн тұрақтылық пен келісімнің, ынтымақ пен ырыстың, бақыттың мейрамы, – деді қала басшысы.

Мерекеде, сондай-ақ, қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова, Достық үйінің директоры Берік Көпбаевтар түрлі ұлт өкілдерімен кездесу өткізді. Шара барысында этномәдени бірлестік басшыларына құттықтау хаттары табыс етілді. Бірлік күніне орай «Студент көктемі-2017» мерекесі өтті. Бұған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова қатысты. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен «ЭКСПО-2017» көрмесіне билеттер табыс етілді.
– Елімізді мекен ететін түрлі ұлттар біртұтас халыққа айналып отыр, – деді Халық ағарту ісінің үздігі, Достық үйіндегі түрлі ұлттар ақсақалдары кеңесі төрағасының орынбасары Кеңес Райымбеков, – Бүгінде Семейде жүзден астам ұлттың өкілі тұрады. 17 этномәдени орталық бар. Барлығы жеке-жеке ауыл құрып, концерттік бағдарлама ұсынып, бірліктің бекемдігін көрсетіп жатыр. Барлығының тілегі, мақсаты бір. Бәріміз де ел болашағы үшін әр салада еңбек етудеміз.

Орталық алаңда бас қосқан Семейдегі татар өнер мектебінің директоры Ғабдулхақ Ахунжанов, «Возрождение» неміс ұлттық бірлестігінің төрайымы Лилия Гончарук, облыстық татар қоғамдық орталығының жетекшісі Камилия Исмаиловалар Елбасы саясаты салиқалы түрде жүзеге асырылуда деген ойларын ортаға салды. Кешке қарай семейліктер субұрқақтың ашылуын тамашалап, Ертіс жағасында ұйымдастырылған мерекелік концертке қатысты.

Ержан Әбіш,
Нұржан Кенжеұлы,
Раушан Нұғманбекова

Осы айдарда

Back to top button