Мәдениет

Береке-бірліктің үлгісін көрсетті

Береке-бірліктің үлгісін көрсетті


Тойдан гөрі береке-бірлікті көп ойлайтын тарбағатайлықтар Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында біршама игілікті істерді қолға алып, нақты істі жүзеге асырып отыр. Жылдан-жылға көркейіп келе жатқан Тарбағатай ауданына 90 жыл толды.

Елдің шеті, желдің өтіндегі шекаралық Тарбағатай ауданының тарихы тереңде жатыр. Мереке кешегі аудан орталығы болған Ақжар ауылынан бастау алды. Мереке жыл сайынғы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің төл мерекесімен тұспа-тұс келіп, Ақжар ауылының орталық саябағында ақшаңқан үйлер тігіліп, мектептер мен мекемелердің, өнер ұжымдарының өнері ұсынылды, сурет көрмелері ұйымдастырылды. Аудан әкімі ауыл шаруашылығында еселі еңбек еткендерге облыс басшысының марапаттарын табыстады. Осы өңірден түлеп ұшқан қоғам қайраткерлері, жазушылар, өнер қайраткерлері келіп, туған жердің жетістігіне риясыз көңілдерін білдірді

Тойдың екінші күні аудан орталығы Ақсуатта жалғасып, Мұрын ана ескерткішінің алдына қойылған Бесік ескерткіші ашылды. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев айтып өткендей, бұл ескерткіш – Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жоба әрі Ақсуаттың сәулетіне сән беріп, жас ұрпақты рухани кемелденуге шақыратын көрнекті орын болмақ.

– Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп, болашаққа жол сілтегендей. Бұл ескерткіш Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іспен дәлелдеудің жарқын көрінісі деп білем. Аталған ескерткішті жасауға қолдау көрсеткен азаматтар мен мүсінші Әлібек Шоқанұлына ризашылығым шексіз,-деді аудан әкімі.

Бесік ескерткішінің ашылуына ұзақ жылдар ауданды басқарған Дүйсен Сұлтанов пен ауданның төл тумалары, белгілі қоғам және өнер қайраткерлері қатысты.

Негізгі мәдени іс-шара Ырғызбай Досханаұлы атындағы орталық стадионнан бастау алды. Мерекені жасыл алаңның ортасында ауданның жас өнерпаздарынан құрылған 200 домбырашы Түркештің «Көңілашар» күйімен ашты. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев өзінің құттықтау сөзінде ауданда біршама игілікті істердің атқарылып жатқанын атап көрсетіп, ауданның іргетасын қалауға атсалысқан аға ұрпақ өкілдеріне, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосқан аға-апаларға алғысын білдірді.

Жыл сайын аудан орталығында әлемдік деңгейде қазақ күресінен әлем кубогы өтіп келеді. Алдағы жылы аталған бағдарлама аясында әлемдік деңгейдегі екі спорт түрі қосылмақ. Қазақ күресінен әлем кубогымен қоса, кәсіпқой бокстан жерлесіміз Қанат Ислам бастаған жиырмадан астам кәсіпқой боксшылар келіп жарыс өткізеді. Сонымен қатар халықаралық деңгейде ірі қалаларда өтіп жүрген ережесіз жекпе-жектің арнайы турнирі осында өтетін болды. Міне, осылайша, бұл үлкен жоба үш күнге созылатын теңдессіз спорт мерекесі болмақ.

Жыл сайын ауданымызда өтетін ақындар айтысы мен дәстүрлі «Тарбағатай жұлдыздары» ән фестивалі де халықаралық деңгейде өтетін болды. Соңғы жылдары ауданның спорты мен мәдениеті әлемдік деңгейлерде көріне бастады. Соның айқын айғағы – жақында ғана ауданымыздың түлегі Ерасыл Қажыбаев «Қазақстан барысының» күміс жүлдесін алды. Той үстінде жерлестері Ерасыл бауырымызға темір тұлпар мінгізді. Ауданның дамуына үлес қосқан аға буын өкілдеріне, ауданның үздік кәсіпкерлеріне арнайы төсбелгі, сый-сияпаттар жасалды. Тарбағатайдың өнер жұлдыздары театрландырылған көрініс көрсетіп, Иран және Түркия елінде өнер көрсеткен «Бабалар сазы» этнографиялық ансамблі, балалар өнер мектебінің өрендері өнерлерін көрсетті. Жұртшылық түс ауа Екпін ауылындағы ипподромда өткен ат бәйгесін тамашалады. Бәйге-жорға, топ бәйге, тай жарысы деп үшке бөлінген жарысқа облыс аудандарынан бірнеше сәйгүлік келіп, қазанның қара суығына қарамай жиналған жұрттың көңіл көркін қыздырды. Тай жарысынан оза шапқан Қойбағаровтың «Найза» сәйгүлігі бірінші орын алса, екінші орынды Зайсанның «Көк қасқасы» алды. Ал аламанның алдын тағы Қойбағаровтың «Бекторы» тұлпары иеленіп, 500 мың теңгенің сертификатын алды.

Ауданымызда жыл сайын өтіп тұратын халықаралық мәдени-спорттық шараларға ұйытқы болып отырған аудан әкіміне ризашылықтарын білдірген қариялар: «Рухани жаңғыру дегеніміз осы. Халықты береке-бірлікке шақырып, игі іске жұмылдыра білгені үшін алғыс айтамыз».

Қадырбек Ккәмұлы
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button