Қоғам

Береке-бірлік сыйластықтан басталады

Қазақстандықтар 1 наурыз – Алғыс айту күнін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2016 жылдан бастап атап өтіп келеді. Көктеммен бірге сағындырып жететін бұл мерекеде  ерекше  бір қасиет бар. Бұл күні қасиетті қазақ жеріне күннің сәулесі ғана мол құйылмайды, аппақ алғыс та жауады. Кеше  Өскемендегі Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында Алғыс айту күні атап өтілді. Іс-шараға облыс әкімі Даниал Ахметов қатысты.

  Кезінде тағдыры талқан болып, жерімізден пана іздеп келген этнос өкілдерінің қазақ халқына айтар алғысы шексіз. Арып-ашып, жаурап-тоңып қазақ топырағына келгендердің ешқайсысын қазақ халқы кеудесінен итермеді. Бір дәнді бөліп, жарты дәнді жарып жеді бірге. Жылағанда жұбатып, жасын сүртті, сүрінгенде қолтығынан демеп сүйеді. Ендеше, қазақтай дархан халықтың жақсылығын қалай ғана ұмытуға болады?!  Жалпы, алғыс айту – асыл қасиет. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында ұйымдастырылған осынау іс-шараның мақсаты – осындай мәдени-бұқаралық іс-шаралар арқылы елдегі бейбітшілік пен келісім құндылықтарын халық арасында насихаттау, ұлтаралық бірлікті сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін кеңінен көрсету.

Мерекеге жиналған көпшілік назарына Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапхана қызметкерлері  ұлы Абайдың  шығармашылығына  және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық тарихына арналған көрмелерді ұсынды. Сондай-ақ келушілер  өңірімізді мекендеген этнос өкілдерінің сәндік-қолданбалы өнері мен тұрмыстық заттарының көрмесін де тамашалады. Көрмеге қойылған әр жәдігер өңірімізде тіршілік кешкен ұлттар мен ұлыстардың мәдениеті, салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігінен сыр шертеді. Облыс әкімі Даниал Ахметов осы мерекеге арнайы жайылған дастарханнан дәм татты.

– Құрметті жерлестер! Баршаңызды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бесінші жыл қатарынан аталып өтіліп отырған Алғыс Айту күнінің басты мәні – ел бірлігін нығайту. Бұл – тарихымызға құрмет көрсетіп, келешек ұрпақты достық пен бейбітшілікке шақыратын күн. Алғыс айту күні барша қазақстандықтар бір-біріне құрмет көрсетіп, туған елге, жерге, ата-анаға, достарға, көршілерге деген ризашылығын білдіреді. Осы айтылып жатқан көп алғыстар арасында біз үшін, әсіресе әртүрлі себептермен жерімізге келіп, ұрпағын өсірген түрлі ұлт өкілдерінің қазақ халқына айтар алғысының орны ерекше маңызды. Өйткені мемлекетіміз үшін бірлік пен ынтымақ ең басты байлық болып табылады. Біздің бүгінгі күні жеткен жеңістеріміздің барлығы осының арқасы екенін ұмытпағанымыз абзал. Көпұлтты ел ішіндегі татулықты көздің қарашығындай сақтау – біздің және бізден кейінгі ұрпақтың қасиетті парызы, – деген облыс әкімі Даниал Ахметов бүгінгі таңда өңірімізде 105 этнос өкілі тату-тәтті тірлік кешіп жатқанын да айтты. Облыста 13 Достық үйі  мен 117 этномәдени бірлестік, қоғамдық келісім орталығы мен аналар кеңесі бар. Барлығының мақсаты ортақ, ол –  шаңырақты шайқалтпау.

Іс-шара барысында облыс әкімі Даниал Ахметов Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын және  Алғыс айту күнін мерекелеуге байланысты қазақстандықтардың жалпыұлттық бірлігін нығайтуға, облыстың Достық үйлері – қоғамдық келісім орталықтарын дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін бірқатар этномәдени бірлестіктердің өкілдерін, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері мен Достық үйлерінің директорларын Алғыс хатпен марапаттады.

– Қиын-қыстау кездерде қазақ жері  белорустарға да пана болды. Біздің өңірде, әсіресе бұрынғы Самар ауданының Мариногорка ауылына беларустар өте көп қоныстанды. Қазір олардың қатары азайды, – дейді белорус этномәдени бірлестігінің төрайымы Галина Борисович. Ұзақ жылдар бойы кітапханада қызмет еткен Галина Авгистиновна мұндай іс-шаралардың келер ұрпаққа берер тағылымын жақсы біледі.

– Біздің тыныштығымыз, береке-бірлігіміз, ынтымағымыз – осы барлық ұлттармен тату-тәтті тірлік кешіп жатқанымыздың арқасы. Шаңырағымыздан шаттық, көңілімізден қуаныш кетпесін, – дейді мұсылман әйелдері қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбарам Етекбаева.

Алғыс айту күніне арналған мерекелік іс-шара шығармашылық ұжымдардың концертіне ұласты.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button