«Бексұлтан» биік белестерді бағындырып келеді
Берікхан Тайжігіт
Майлин ауылдық округіне қарасты «Бексұлтан» шаруа қожалығының иесі Бақытбек Тұрысбеков – алпысты алқымдап қалған жан. Бәкеңнің қожалығы – Аягөз ауданындағы тасы өрге домалап келе жатқан шаруа құрылымы.
Үш-төрт жыл бұрын аудан бойынша өткен Ауыл шаруашылығы күнінде қожалықтар мен серіктестіктер алдында «Бексұлтан» шаруа қожалығының іс-тәжірибесі жиылғандар алдында насихатталып, кең көлемде көрсетілді. Шаруа қожалығының қалай құрылып, алғашқы қадам басқаны мен жүріп өткен жолы жайлы тәпсірлеп айтылып, өзге серіктестіктер мен қожалықтарға насихатталды. Бұл, шынын айтқанда, «Бексұлтан» шаруа қожалығы үшін де зор мәртебе болды.
– Рас, атқарып жатқан еңбегіңнің бағаланғаны көңілге қуаныш әкеледі, – дейді шаруа құрылымының басшысы Бақытбек Тұрысбеков. – «Бексұлтан» шаруа қожалығында маусымына байланысты 20 адамға дейін еңбек етеді. Яғни, осыншама адам өзінің отбасыларын қожалықта еңбек ете жүріп асырайды деген сөз. Бұл қуанышты жағдай ғой. Жалпы, біздің «Бексұлтанның» негізгі бағыты – асыл тұқымды ірі қара мал өсіру. Мұнда біз қазіргі кезде 750 бас ірі қара, 400-дей жылқы, 2 мың қой өсіреміз. Әрине, осыншама малға оның азығы да қажет. 10 мың гектар жайылымдық, шабындық жеріміз бар. Сондықтан қожалық жыл сайын заманауи техникамен өздерін қамтамасыз етіп отырады. Өйткені техника да заман ағымына сай жаңарып, жаңғыртылып отыруы керек деп санаймыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында біршама басым бағыттар тілге тиек етілді. Онда Президентіміз: «Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі», – деген болатын. Осы жүзеге асқан жағдайда өнім өндіруші шаруа құрылымдары үшін зор көмек.
Бақытбек Тұрысбеков те – өзі жиырма жыл бұрын құрған құрылымның ісін алға бастырып келе жатқан азамат. Бүгінгі күні малы төскейде мыңғырып, еселі еңбек етіп жатқан бұл қожалықтың тарихы да айта қаларлықтай. Бір атап өтерлігі, мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктердің арқасында шаруа қожалығы заманауи құрал-жабдықтармен, техникамен өзін-өзі қамтамасыз етіп алған. Қарамағында 10 мың гектар шаруашылық жері бар шаруа құрылымы мал өсіруде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Малын қоса асылдандырып келе жатқан қожалықтың жарқын істері – көпке үлгі. Мемлекеттік бағдарламаларға толықтай қатысып, соның жеңілдіктерін көріп отырған шаруа қожалығының бүгінгі жағдайы жақсы. Рас, мал өсірудің, оның өнімін өндірудің өзіндік қиындықтары, машақаттары жетерлік. Алайда бұл іс қожалық иесі Бақытбек Тұрысбеков үшін таңсық емес.
Жалпы, ол Жарма ауданы, Октябрь совхозы, Мариновка (қазіргі Әди Шәріпов) ауылында дүниеге келген. Саналы ғұмырын мал шаруашылығына арнаған, бұл салада тәжірибесі жетерлік азамат. Бәкеңнің әкесі Мүкеев Тұрысбек марқұм да – бүкіл өмірін шопан болуға арнаған жан. Бақытбек те әке тәрбиесін көріп, мал өсірудің маманы атанды. Қиыншылығы мен қызығы қатар жүретін төрт түлік өсіру ата-баба кәсібі екенін ол жастарға айтудан жалыққан емес. Соны ісімен дәлелдеп те келеді. Ұлдары Серік пен Берік бүгінгі күні әкелерінің бір жағына шығып, қожалықтың қат-қабат тірлігіне белсене араласып келеді. Бақытбек пен Гүлнұр Тұрысбековтерден тараған ұл-қыздары – тәлімді тәрбие көрген, саналы білім игерген жандар. Олар екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, қанаттандырды. Үлкен ұлы Серік Бақытбекұлы – осында өзіне көмекші, шаруа қожалығының мүшесі, келіні Әсем – ұстаз. Екеуі де жоғары білімді, Балнұр, Әдемі, Абылай, Ақназар, Ерназар атты бес баланың әке-шешесі. Кіші ұлы Берік те – шаруа қожалық мүшесі, келіні Аймара – орыс тілінің маманы, ұстаз. Екеуі де жоғары білімді, олар Бейбарыс, Айару атты екі бала тәрбиелеп отыр. Қызы Айнұр, күйеубаласы Дастан да – жоғары білімді, жоғары санаттағы ұстаз. Астана қаласында тұрады. Екі баланың ата-анасы. Зере, Төрехан есімді жиендері бар. Кенжесі Арай – қаржы маманы, күйеубаласы Ернар мыс шығаратын кен орнында инженер болып қызмет етеді. Бүгінгі күні Заңғар, Нұрсұлтан, Баян есімді жиендерін тәрбиелеп отыр.
– Шешеміз Мүкеева Әсия Ыбырайқызы марқұм дүниеге төрт ұл, екі қыз әкелген ұлағатты ана еді. Ол кісі де отағасына көмекші болды. Мен сол Жарма ауданы, Қалбатау ауылында автобус паркінде слесарь болдым. 1983 жылы Аягөз ауданына отбасылық жағдайларымен қоныс аударып, шаруашылықта слесарь, контроллер-механик, слесарь-оператор болып еңбек еттім. Жүйе өзгеріп, нарық заманы келген соң жеке шаруашылық аштық. Аллаға шүкір, «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген емес пе, ісіміздің нәтижесін бірер жылдан кейін-ақ көре бастадық… Бүгінгі күні жеке шығып, өз алдымызға мал өсіре бастағанымызға 20 жылдан асты, – дейді Бақытбек Тұрысбеков. – Әртүрлі бағдарламалар арқылы жұмыс жасап жатқан жайымыз бар. Жеңілдіктері жетерлік. Ал, шындығына келгенде, бұл бағдарламалардың кез келген шаруа құрылымдары мен жекелеген азаматтарды қолтығынан демеп, сүйемелдеп жіберетіні шындық. Жалпы, біздің қожалығымыздың өркені өсіп, жыл сайын дамып келе жатуының өзінде сыр бар. Негізі, әлгінде айттым ғой, менің әкем Мүкеев Тұрысбек те, анам Әсия Ыбырайқызы да өздерінің саналы ғұмырларын мал шаруашылығына арнаған адамдар болатын. Нағыз еңбектің қой торылары еді. Суреттері ауданның «Құрмет тақтасында» тұратынын мақтан етіп өстік. Шынында да, мал шаруашылығы маған да соншалықты таңсық болмады. Бала жасымыздан еңбекке ерте араластық, әкеміздің бір жағына шығып мал қайырыстық. Бүгінгі күні ойлап отырсам, осыдан жамандық көрген жоқ екенбіз. Жалпы, ауылда тұрғаннан соң, ауыл шаруашылығында жүргеннен соң мал асырау негізгі кәсіп болып саналуы керек деп есептеймін өзім. Біршама жұмыстар мен қызметтерді атқардық қой. Бірер жыл «Көксу» атты ұжымда болып, 2002 жылдан бастап жеке шаруашылық қожалығын ашқан жайым бар, бауырым.
Еселі еңбек ескерусіз қалған ба, Бақытбек Тұрысбековтің төгілген терін аудан, облыс тараптары үнемі бағалап келе жатқаны шындық. Бірнеше мерекелік медальдармен, ауыл шаруашылығы министрінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» медалімен, бірнеше рет «Алғыс хатттармен» және облыс, аудан әкімінің «Құрмет грамоталарымен» марапатталған. «Парасат» ордені кеудесінде жарқырайды. Осының бәрі, әрине, тәжірибемен келген еңбектің, ұйқысыз өткен түндердің өтемі десе де болады. Алайда, Бәкең еңбегін еш бұлдап көрген жан емес. Ел игілігі үшін еселі еңбек етіп жатқан Бақытбек Тұрысбековтей жан қашанда биік тұғырдан көріне береді. Өйткені бұл сала, ата кәсібі – мал өсіру ол үшін таңсық емес.
– Менің есімім Берік, – дейді Бақытбектің кіші ұлы. – Осы «Бексұлтан» шаруа қожалығының мүшесімін. Әкеміз кезінде нарықтық қоғам келген сәтте еш абдырамай, өз алдына қожалық құрып, төрт түлік өсіре бастағанын қазір мақтан тұтамыз. Рас мен де, ағам Серік те жоғары білімді. Тіпті, жұбайларымыз да жоғары білім алған. Дей тұрғанмен, бәріміз де осы қожалықтың бас-қасында болуды мақсат еттік. Атам қазақ: «Малдының беті жарық, малсыздың беті көн шарық» деп тауып айтқан ғой. Әкеміз де осы саланы игере алсақ, бақыт та, басқасы да болатынын құлағымызға жастайымыздан сіңіре білді. Сондықтан әке аманаты – біз үшін парыз.
Шынында да, Майлин ауылдық округінің, қалаберді Аягөз ауданының белді шаруашылығы «Бексұлтанның» жүріп өткен жолы – көпке үлгі.
Аягөз ауданы.