Мәдениет

Бекен Жамақаевтың пианиносын мұражайға табыстады

Бекен Жамақаевтың пианиносын мұражайға табыстады

Ғажайып әндерімен халықтың сүйіктісіне айналған сазгер мұрасы – музыка әлеміндегі рухани жеміс. Бірақ ол бойындағы бар мүмкіндігін ел-жұртына толықтай таныта алмай, өмірден ерте озды. Сазгердің Алматыда тұратын ұрпағы әке мұрасын сақтап, нота жазбаларын жинастырып, «Махаббат вальсі» атты ән жинағын шығарды. Бұл музыкалық аманат өзінің лайықты орындаушыларын тауып, тыңдаушы қауымды өнер рақатына бөлер деп сенеміз.

Осы орайда жуырда Семейдің облыстық тарихи-өлкетану мұражайында табиғи талант иесі, дарынды сазгер Б.Жамақаевқа арналған «Жүрегі тұнған ән еді» атты еске алу кеші өтті. Кеште М.Сәрсеке, Б.Ерсәлімов, М.Сұлтанбеков, М.Оспанов, Х.Сыздықов, Қ.Досымжанов, А.Ахметжанов сынды аға буын өкілдері өскелең ұрпаққа Б.Жамақаев туралы естеліктер айтып, сазгер шығармашылығының өміршеңдігін насихаттады. Экран арқылы сазгердің отбасы мұрағатынан алынған фотосуреттерінің слайды көрсетіліп, көрмеге оның қойын кітапшасы, нота жазбалары, құжат көшірмелері, хаттары, қолжазба нұсқалары, «Махаббат вальсі» әндер жинағы, сондай-ақ, баяны қойылды.

Кеште Ә.Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясының әншілері Қадылбек пен Маржан Омаровтар отбасылық дуэті, «Ертіс толқындары» мен «Айша бибі» ансамбльдерінің әншілері сазгердің әндерін орындап, көрермен көңілін бір серпілтті.

Б.Жамақаевтың пианиносын музей қорына табыстаған сазгердің қарындасы Бейбітжан ағасының баянымен «Сен ғана» әнін орындағанда жиналған қауым әнге қосылып, көзіне жас алды. Аталмыш іс-шара ұлттық жауһарларымыздың бағасын арттырып, асылдарымызды ұмытпау мақсатында өткізілді.

Гүлнұр Шалатайқызы, мұражай маманы
Семей қаласы.

Осы айдарда

Back to top button