Экономика

Бақыршықтың бағы жанар күн алыс емес

Бақыршықтың бағы жанар күн алыс емес

Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ ресейлік «Полиметалл» ААҚ бас директоры Виталий Несиспен кездесіп, Бақыршық кен өндіру кәсіпорнын дамыту және екіжақты әлеуметтік серіктестікті жолға қою жөнінде кеңес өткізді.
Осы жылдың төртінші қыркүйегінде «Полиметалл» компаниясы Жарма ауданының Бақыршық және Большевик кен орындарын қамтитын алтын өндіру жобасын сатып алу жұмыстарына нүкте қойған. Бұл кездесуде ендігі уақытта кәсіпорынның қалай жұмыс істеу керектігі талқыланды. Аймақ басшысы аталмыш жобаның ерекшелігіне, әсіресе, Бақыршық кен орнының тарихына қысқаша тоқталып, бұл өндіріс ошағының аяқтан тұруы облыс үшін маңызды екенін атап көрсетті.
-Соңғы 20 жылда кәсіпорын жүйелі жұмыс істеп көрген жоқ. Әйтсе де, соңғы кезде кеншілердің тұрмысына қолдау көрсетіліп келе жатқанын, Әуезов кентінде ешқандай да әлеуметтік қысым жоқ екенін білеміз. Бізге ең керегі – кен орнының жұмыс істеп кетуі. Бұл істің басына «Полиметалдың» келуі көңілге сенім ұялатады. Сіздердің компанияларыңыз – алтын және күміс өндіру саласында әлемді мойындатқан кәсіпорын. Сондықтан Бақыршықтағы кәсіпорын ел күткендей жұмыс істеп, толық қуатына енетінінен үміттіміз. Жергілікті билік тарапынан кен орнының кедергісіз игерілуіне жағдай жасау бойынша қолдан келгенше көмек көрсетілетін болады, – деген аймақ басшысы жер қойнауын падалануда қандай талаптарға баса назар аудару керектігін еске салды.
-Қазіргі заманның талабы бөлек екенін білесіздер. Өндіріске заманауи технология енгізілуі міндетті. Соңғы уақытта бізде жұмыс істеп жатқан компаниялардан алынған кенді шикізат күйінде сыртқа шығармай, өңдеп, дайын бұйым ретінде шығару талабын қойып келеміз. Тағы бір маңызды мәселе, өндірісте барынша қазақстандық мазмұн сақталуы керек. Яғни, біздің елдің аумағында жұмыс істеген кез келген елдің компаниясына өндіріске қажетті материалдар бізде бар болса, оны сырттан әкелудің қажеті жоқ. Кәсіпорын жұмысшыларын мүмкіндігінше жергілікті тұрғындардан жасақтау да негізгі талаптардың бірі. Аса бір жауапты, кәсіби біліктілікті талап ететін лауазымдар болмаса, мамандардың көбі жергілікті тұрғындар болуы керек, – деген облыс басшысы әлеуметтік серіктестік аясында Әуезов кентіндегі дәрігерлік амбулаторияны күрделі жөндеуге атсалысу,180 орындық балабақша ғимаратын қайта жарақтау, бос тұрған тұрғын үйлерді біртіндеп қалыпқа келтіру бойынша көмек көрсетуді сұрады.
Компания басшысы Виталий Несис облыс тарапынан қойылып отырған талаптың бәрін мүлтіксіз орындауға мүдделі екенін білдірді. Қазақстанның инвестор тарту саясаты мен жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасымен жақсы таныс екенін айтқан бас директор Бақыршық кен орнының экологиялық жағдайын оңалту бойынша міндеттемелер алып отырғанын баяндады.
-Кен орнын игеру мерзімін қайта қарап жатырмыз. Сіздердің ұсыныстарыңызды ескере келе, әуелгі уақытта кенді ашық әдіспен игеру керек деп шештік. Бұл өз кезегінде кәсіпорынның өндірісті ерте бастап, жергілікті бюджетке төленер салықтың ерте түсуіне септігін тигізетін болады. Жобаның жалпы құны 450 млн. АҚШ долларының көлемінде болады деп отырмыз. Келер жылы кен аумағының сыртқы инфрақұрылымын қалпына келтіріп, 2016 жылдың бірінші тоқсанында негізгі құрылысты бастаймыз. Ал 2018 жылы алғашқы өнімді алуымыз керек, – деді комиссия басшысы.
Бақыршық кен орнын игеру жобасы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген. Кеңес барысында кәсіпорын осы бағдарлама аясында да мемлекеттің қолдауына жүгіне алатыны айтылды. Ол үшін кәсіпорын Жарма ауданының аумағына тіркеліп, барлық салық түсімдері жергілікті бюджетке кіруі керек.
Кездесу соңында облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ пен Виталий Несис облыс әкімдігі мен компания арасында еншілес кәсіпорындардың тиімділігін және олардың облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөлін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі меморандумға қол қойды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button