Мәдениет

Байкөкше ақынның болжамы

    1885 жылы Семей қаласына қараған Зайсан, Өскемен, Кереку (Павлодар), Семей ояздарының Семейден жетпіс шақырым Шар өзенінің бойындағы Қарамолада төрт ояз бас қосып, ақы және ел ортасындағы дауларын бітіретін съезі болмақ болады. Ол съезді басқаруға оязной (начальник) шықпақ болып, бір ай бұрын сол төрт ояз елге хабар береді. Әр ояз елге өз ортасынан болыс басына бір би сайлап алып келуге бұйырады.

Ел жиылмақ шамада Зайсан, Өскеменнің отыз-қырық билері келіп, Ақметкерей Рақыш Төлей баласының ауылына түседі. Рақыш Семей оязына қарайтын керей, матай, уақ сияқты руларға қадірлі, әмірі жүріп тұрған кісі еді. Бұл үш ояздың билері бас қосып, «біз осы съезді төрт болыс тобықтыны, оның басшысы Абайды төмендетіп, аяқ астымызға бір салайық, бұл тобықты аз болса да, көнбейтін ауыл болды, оның Абай сияқты кісісін осы жылғы съезге кіргізбесек, қалған тобықтыны жөнге салып, малы мен басын шабындыға ұшыратамыз, сондықтан бір бас, бір тас болайық» деп баталасады.

Тобықтыдан басқа үш ояздың билері біріккен соң, Кереку оязының билеріне кісі жібереді, оларды да көмекке шақырады. Кереку билері  «Біздің тобықтыда қол жетпей жүрген ақымыз жоқ, Абаймен бас араздығымыз да жоқ. Сондықтан біз екі жаққа да қосылмай, жай тұрамыз», – дейді.

Енді уәделескен ояздың билері Абайды жамандап, дүние пәлені жауып, «осы съезде ол болмаса екен, ел бүлдіреді, ұры ұстайды» деп оязнойға барлық билер қол қойып, мөр басып арыз береді. Бұл хабар елге жайылып, жұрт Абайдың бір сүрінетін кезі келді ғой десіп жатады. Сол хабарды тобықтылар да естіп, «Бұл істің түбі қалай болады?» деп, Абайға келген соң, ол: «Бара көрерміз, қорқып, қашып жатуға болмайды», – деп атқа мініп, жолдағы Байқадам-Сқақ деген екі тап ауылға кеп, билер мен Абайлар бөліне қоныстанады.

Сонда тобықтының мамай деген табынан шыққан Байкөкше деген ақыны ерте оянып, Абайға келіп: «Бүгін бір түс көрдім», – деп түсін өлеңмен айтқан екен:

Абайжан, бір түс көрдім бүгін түнде,

Көкке ұшып, шарыққа шықтың мүлде.

Ақ киімің үстіңде, боз атың бар,

Аспанда шағылыстың барып күнге.

 

Сонан соң жоғарылап тағы да ұштың,

Ілдің де екі нәрсе жерге түстің.

Орнықтың биік тауға қондың-дағы,

Әлеумет бәрін көрді болған істің.

 

Жаныңа төрт аққу кеп қонды тағы,

Лық толған ақ сұңқарға екі жағы.

Қасыңа шалмалылар келіп екі,

Сөйлесті мәжіліс қып олар тағы.

 

Қол жайып шалмалылар бата берді,

Осыны жамиғаттың бәрі көрді.

Ұйқымнан ояндым да ғажаптандым,

Отырдым ойға келіп арлы-берлі.

 

Түсімнің кәлеті жоқ олай-бұлай,

Жорыдым өз түсімді, өзім былай:

Ақ киімің астында боз ат болса,

Ағартар тұқымыңды сенің Құдай.

 

Көкті құшсаң, бақытың көкті шарпар,

Ақылың осы жүрген жаннан артар.

Әкелген екі нәрсең – ғылым, білім,

Сөзіңді естігеннің бойы балқыр.

 

Күнге шағылыссаң, боларсың ай мен күндей,

Арқа ұранды қазаққа тегіс бірдей.

Ақ сұңқардың жаныңа лық толғаны –

Тұқымыңнан жан қалмас атқа мінбей.

 

Төрт аққу: Күнке, Ұлжан, Айғыз, Нұрғаным аналарың

Шалмалы би: Өскенбай, Кеңгірбай бабаларың.

Шалмалының бата қып қол жайғаны –

Бақытыңнан құр қалмас балаларың.

Бұл жолы артылады тағы басың,

Күннен-күнге болады бағың басым.

Байкөкше ақын айтқандай-ақ, осы съезде уақ, хандар табынан шыққан ел ағасы, қадірлі ақсақал Әлімханның араласуымен баталасқан топ Абайға келіп кешірім сұрайды.

Сөз бастаған Әлімхан:

– Абай мырза, өзің де естіп жатқан шығарсың, мына Зайсан, Өскеменнен келген ағайындар біздің Рақыш мырзаға келіп, тобықтыда қолымыз жетпей жүрген ақымыз-дауымыз бар, найман, керей, уақтың баласы едік, бізге жолдас бол, көмек қыл деген соң, бастарын қосып баталасып, сіздің елмен жамандасып, жауласпақ болған екен. Соның ішінде бізге қарсы тұрып қайрат қылатын Абай ғой деп, тілдері жеткенше жамандап, ұлыққа сені шаққан көрінеді. Үйде жатыр едім, ел бүлінуге айналды  дегенді естіп, шыдай алмай атқа мініп, ағайындарға келдім. Мен әдейі келген соң, осы отырған үш ояз елдің ақсақал-қарасақалы сөзді, билікті маған берді. Мына мен әкеліп саған бердім. Сені Құнекем аруағына берем, – деп татуластырған екен.

– Әлеке, сіз сықылды ағаның бергенін аламын, бірақ «Жаңылмас жақ болмайды, сүрінбес тұяқ болмайды» деген мақал бар ғой. Мен серке боп көпті бастасам, сіз қойшы боп сырттан бағып жүресіз, – дейді Абай.

Сөз тоқтайды, қауым Абайды Төбе би сайлайды. «Бұдан былай елдіктерің кетпесін!» – деп Әлімхан бата беріп, берекелі бітіммен тарасады.

Қарамола съезі жайында Абаймен бірге болған ескіше Семей уезі, Шыңғыс пен керей, Көкен болысына қарайтын уақ Байқадам-Сапақ деген таптан шыққан заты кедей, бірақ пысық жігіт Мүсірәлінің аузынан 1939 жылы жазылып алынған екен.

 

Әзірлеген – Тілеукен Тілеубердіұлы

Осы айдарда

Back to top button