Мәдениет

Баянауылдағы Қоңыр әулие үңгірі

Баянауылдағы Қоңыр әулие үңгірі


Өткен жылдың жазында ойламаған жерден Баянауылға жолым түсті. Қазақтың ең бір қадірлі де қасиетті мекені осы Баянауыл ғой. Барша қазақтың мақтанышына айналған көрікті де киелі мекенге келіп тұрып, іргесіндегі Қоңыр әулие үңгіріне соқпай кете алмадым. Осының алдында ғана өзіміздің Абай ауданындағы Қоңыр әулие үңгірінде болып, тылсым табиғаттың құпиясын тамашалап, арнайы мақала әзірлегенім бар. Енді міне, Баянауылдағы Қоңыр әулие үңгіріне де баруды Алла тағала маған нәсіп етіпті.

Баянауыл – шежірелі өлке. Егер шын ниеті болса, іздеген адамның ел мен жер тарихына қатысты көп дүние тауып, өлшеусіз олжаға кенелері сөзсіз. Мұндағы әрбір тау мен тастың өзі тарихқа тұнып тұр. Соның бірі – Қоңыр әулие үңгірі.

Бір байқағанымыз, Баянауылға келген адамдар қасиетті Қоңыр әулие үңгіріне соқпай кетпейтін көрінеді. Баянауылдың көрікті, киелі жерлерін көремін дегендерге жеке көлігі бар жергілікті тұрғындар да қол ұшын созып, «Аспан астындағы тас мүсіндер» мұражайын аралатуға дайын тұрады екен. Біз де қасиетті Қоңыр әулие үңгірі орналасқан тау етегіне осындай көлікпен оңай жетіп алдық. Бізді әкелген шопырымыз: «Қоңыр әулие үңгірі мына таудың басында» деді де, өзі тау етегінде қоныс тепкен жалғыз үйде қалып қойды. Көліктен түскеніміз сол, қалың масаның талауында қалдық. Жылда осылай ма, әлде біз барған жазда ғана маса ерекше қалың болды ма, әйтеуір жанымызды қоярға жер таппадық. Бір ғажабы, тау басына көтерілген сайын, масаның қарасы да азайып, бірте-бірте сап тыйылды. Десе де Қоңыр әулие үңгіріне жету үшін біраз жерді еңсеруге тура келді. Бірақ биікке көтерілген сайын адамның тынысы да ашыла түсетіндей ме, қалай.

Мұндай қасиетті жер Еуропада да бар

Жалпы қазақтың өзі «қоңыр» деген сөзді ерекше жақсы көреді ғой. Тіпті, ет-бауыры езіліп, жүрегі елжіреп, жақсы көрген перзентін «қоңырым» деп еркелететіні де бар. Ал табиғаттың өзі жаратқан осынау үңгір неге Қоңыр әулие атанған? Тау басындағы үңгірге аяңдап келе жатып, басымызға осындай ойдың да келгенін несіне жасырайық.

Жаяу-жалпылап үңгірге жеткеніміз сол, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аға мемлекеттік инспекторы, былайша айтқанда, қасиетті үңгірдің шырақшысы Алтынбек Жұматұлы Құрманов та артымыздан қуып жетіпті. Оның айтуынша, Қоңыр әулие деген жер қазақ топырағында бес жерде, Еуропада үш жерде бар екен. Оқырмандардың есінде болса, өзіміздің Шыңғыстау жеріндегі Қоңыр әулие үңгірі жайында мақала да жазғанбыз. Ал екіншісі Баянауылдағы осы үңгір. Ал тағы да екеуі Оңтүстік Қазақстан облысында болса, бесіншісі Жайықта көрінеді.

– Қоңыр әулие есімін иеленген қасиетті жер Еуропада да бар. Біреуі Мажарстанда, өзіміздің мадияр қыпшақтар тұратын Карпатта. 1999 жылы мен онда болдым. Сосын тағы біреуі Израиль мен Иранның шекарасында. Оны Ескендір Зұлқарнайынның тәу ететін жері дейді. Азғантай жасақпен жорыққа шығар алдында ол кісі сол жерге барып тілек тілейді екен. Ал үшіншісі Түркияда. Көрдіңіздер ме, көрмедіңіздер ме, «Сұлтан Сүлеймен» туралы фильмде Сүлеймен cұлтан досы Ибрагимге садақтың улы жебесі тиіп жараланғанда, ес-түссіз жатқан батырды Қоңыр әулие үңгіріне апарады ғой. Міне, сол жер, – дейді Алтынбек Құрманов. – Әрине, бұл неғылған қаптап кеткен Қоңыр әулие дейтін шығарсыздар. Біресе Семей мен Баянауылда, біресе Еуропада, біресе Шығыс пен Солтүстікте. Ғұлама ғалымдар Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мен Әлкей Марғұланның жазуынша, 124 пайғамбардың ішінде бір пайғамбар түркі нәсілінен болған екен. Оны орыстар пророк Илья десе, біз Қызыр Ильяс, Қыдыр ата дейміз. Сол пайғамбарға он сегіз мың ғаламның иесі Алла тағала сіздер мен біздерді желеп-жебеп жүрсін, яғни, тілегімізді қабыл қылсын деп қиямет қайымға дейін өмір беріпті. Ол әулие кім көрінгеннің үйінде емес, осындай үңгірлерді мекендейді екен. Бір қоңыр адамның үңгірге кіріп-шығып жүргенін ірі көріпкелдер мен бақсылар, білегіне құрық ілген жылқышылар ғана көреді екен. Содан Қоңыр әулие бар деп кетіпті, – деді ол әңгімесін әрі жалғап.

Алтынбектің өзі 1985-88 жылдары Ленинград мемлекеттік университетінің этнография-өлкетану факультетінде оқыпты. Бір сөзінде әйгілі академик Әлкей Марғұланның өзінің әжесінің бауыры екендігін де айтып қалды. Ұзақ жылдар бойы әкесі Жұмат ақсақал үңгірдің шырақшысы болыпты. Енді міне, әке жолын баласы жалғастырып отыр.

– Қоңыр әулие – өте көне дәуірден адамзат баласының Жаратқаннан тілек тілейтін орны. Аспан астындағы қасиетті орын үш бөліктен тұрады. Бірінші – мешіт бөлігі. Орыс ағайындар мұны шіркеу деп те айтады. Мен олармен дауласа алмаймын. Өйткені, мен бұл жерге мұсылмандар, тек қана қазақтар кіреді десем, ол кісілер «қай аталарың салып берген» деп өкпелейді, – дейді ол ағынан жарылып.

Ғұламалар не дейді?

Кірген адамдар осы жерде ой жүйелерін ретке келтіріп, тілегін тілей бастайды. Одан кейін босаға. Алтынбектің айтуынша, ғұлама ғалымдар Әлкей Марғұлан, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазба деректерінде сонау ғұндардың императорлары мен қазақ хандары осы жерде болғаны туралы айтылады екен. Аузы дуалы қариялар мен би, сұлтандар, шырақшы бабалар Жаратқанға арнап құрбандық шалып, осы жерден бастарын иіп кірген. Үңгірдің ар жағын күн көзі шала қоймайды. Ол жерді қоналқы бөлме дейді екен. Себебі, мынау өмірге келгеннен соң, адам баласының көп нәрсеге мұқтаж болатыны сөзсіз. Бірі Жаратқаннан денсаулық тілесе, тағы бірі перзент сұрайды. Тіпті, кейде қызмет бабымен келіп жататындар да бар. Әйтеуір, бұл үңгірге келушілердің қатары ертеден бүгінгі күнге дейін бір толастаған емес. Әрі қарай келушілер үңгірдің түкпіріне қойылған баспалдақпен жоғары көтеріледі.
Көтерілген кезде табиғаттың өзі соққан қазанды көреді. Қазанда су бар. Ол қасиетті де киелі су. Оған әрине, ешкімнің де күмәні болмауы тиіс. Алтынбек Құрманов судың құрамында тоғыз пайыздан жоғары күміс бар екенін айтады. Бірақ күн сайын үңгірге келушілер оған беті-қолдарын жуып, адам қолының кірі таматын болған соң, ол суды ішуге болмайды. Бір ғажабы, қыркүйек айының аяғында су тасып, өзін-өзі жуатын көрінеді. Сол кезде «қалағаныңша ал» деп айтамыз дейді шырақшы Алтынбек Құрманов.

– Қоңыр әулие сынды қасиетті жерге келгенде біздің бойымызда қуат алмасу жүреді. Үңгірдің іргесінен ұстасаң, арқаңды тигізсең біздің бойымыздағы жаман энергияны жұлып алып, қан айналу жүйесін ретке келтіреді. Анау ұсақ тромбтарды ерітіп жібереді. Осыдан екі әлде төрт млрд. жыл бұрын ба, бұл жерде су болған. Иә, ғаламат топан су. Яғни, жанартаудың жарылысы мен оттың, ауаның, судың қысымымен теңіз астындағы балдыр балқып, осындай күйге түскен. Ғылымның өзі адамның денсаулығына пайдалы деп айтады. Сіздер мен біздердің арғы бабаларымыз бұл жерді әулиелі, шипалы жер деп кеткен. Бұл жерге ұл бала, қыз бала сұрап, қол жайғандардың тілегі қабыл болады. Менің өзім 10-15 жыл кішкентай көрмегендердің сәбилі болғанын көрдім, – дейді шырақшы. Оның үстіне Баянауылдың жері де емдік қасиеті мол өсімдіктерге өте бай. Әйгілі фармацевт дәрігер Салкен Субханбердиннің жазбасы бойынша Баянауылда 240-тан астам емдік қасиеті бар, пайдалы өсімдіктер өседі.

Жалпы, байқағанымыз, Алтынбек Жұматұлы өз өлкесінің тарихын өте жақсы біледі екен. Оның айтуынша, 1826 жылы Қарқаралы отрядының командирі болған Карбышевпен бірге поляк халқының ұлы азаматы Адольф Янушкевич хаттамашы болып Баянауылға келген көрінеді. Кейін ол 1846 жылы Парижден шыққан «Күнделіктер мен хаттар» деген кітабында осы Қоңыр әулие үңгіріне сапары жайында: «Мен осы киелі мекенде 18 күн, 18 түн болдым.
Жаратқаннан Польшаға аман- есен жетуімді тіледім. Бар тілегім қабыл болды. Бүгінгі күні сағынам. Түсіме кіреді. Барғым келеді. Бірақ мен алыс Еуропадамын. Кімде-кім алтындай Сарыарқада болса, Баянауылға барсын. Осы киелі мекенге тәу етсін. Алақаны бос қайтпайды» деп жазыпты. Тіпті, кітапқа кіреберіс Қоңыр әулиенің суретін қарындашпен салып та көрсеткен екен. «Өзім азды-көпті ғылыммен айналысам. Сол кітапты архивтен көрдім», – дейді Алтынбек.

Қоңыр әулие үңгіріне ғалым Шоқан Уәлихановтың да талай рет табаны тиген. Өйткені, Шоқанның туған нағашысы Мұса Шорманов Баянауыл округінің аға сұлтаны болған. Ал нағашысына кім бармайды? Бәріміз барамыз. 1856 жылы Санкт-Петербург қаласында шығатын бір журналға Шоқанның «Баянаулский окружной приказ» деген мақаласы жарияланады. Сол мақалада осы Қоңыр әулие үңгірі туралы да баяндалады. Сонымен қатар, бұл жер Григорий Потаниннің қауырсын қаламынан да тыс қалмайды. 1920 жылы Қаныш Сатпаев пен Том технология институтының профессоры Усовтың да Қоңыр әулие үңгіріне жолы түседі. Ол кезде Қаныш Имантайұлы Баянауыл округінің соты болып қызмет істейтін. Міне, сол ғалымдардың барлығы да осынау үңгірдің киелі екенін жазған. Бұл – Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада қазақтың ханы Абылайдың, Қаз дауысты Қазыбек би мен Бұхар жыраудың, Олжабай батыр, Сырым Малайсары, Уақ Баян батыр, Құлан қыпшақ Қошқарбай, Қанжығалы Бөгенбай батырлар мен ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының құдайға құрбандық шалып, Жаратқаннан тілек тілеген жері. Бұл – солардың маңдайы мен табанының ізі қалған киелі жер.

– Тағы бір айтарым – Баянауылда қазақ ғылымының негізін қалаған 28 академик дүниеге келген. Бір ғана Сатпаев – ұлт мақтанышы. Қазақ археология және этнографиясының атасы, сегіз ғылымды қатар алып жүрген Әлкей Марғұлан, қазақ энергетикасының атасы Шапық Шокин, қазақ химия ғылымының негізін қалаған Әбікен Бектұров, 27 жасында Алаш ұранын жазған Сұлтанмахмұт, қара сөздің қағбасы Жүсіпбек Аймауытов, ұлттық театрдың негізін қалаған Жұмат Шанин, қазақ киносының атасы Шәкен Айманов. Бұларды санап біте алмайсыз.

Солардың көбі өзінің естелігінде ата¬-аналарының осы жерде құрбандық шалып, құдайдан тілеп алғанын жазады, – дейді Алтынбек Құрманов. Солардың бірі осы маңайдағы Қарабұлақ елді мекенінде дүниеге келген академик Әлкей Марғұлан екен. Ол өзінің естелігінде: «Кезінде мені әке-шешем құрбандық шалып, Қоңыр Әулиеден тілеп алған екен» деп жазыпты.

Қалай десек те қазақтың тағы бір киелі жеріне барып, жүрегіміз нұрға толып, қуанып қайтқанымыз шындық. Бір қуанарлығы, биылғы жылы осынау киелі мекенге барушы туристердің қатары әлдеқайда артпақ. Қоңыр әулие үңіріне «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне келушілерді де апару жоспарланып отырған көрінеді.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button