Мәдениет

Батыр жерлестеріміздің туыстарын іздейміз

Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу аясында 1941-1945 жылдардағы сұрапыл майданда ерлік көрсетіп, «Кеңес Одағының Батыры» атағына ресми түрде ұсынылған шығысқазақстандықтар қатары жаңа есімдермен толығып отырғанын оқырмандарымызға сүйіншілеп хабарлаймыз.

Мерейтой аясындағы ең маңызды жаңалықтың бірі – соғыс жылдарында 15 шығысқазақстандық азаматтың неміс басқыншыларына қарсы майдандағы ерен ерлігі үшін сол замандағы ең жоғары марапат – «Кеңес Одағының Батыры» атағына ресми түрде ұсынылып, белгісіз себептермен тапсырылмай қалғандығы, солардың есімі анықталып, тәуелсіз Қазақстанның ең жоғарғы марапаты «Халық қаһарманы» атағына ұсынылып отырғаны болды. Бұл жағымды жаңалықты облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев хабарлады.

Оның айтуынша, облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес аталған батырларымыздың барлығының да есімдері өңірдегі өздері туған қалалары мен аудандарындағы білім ордаларына берілмек. Қазіргі уақытта батырлардың есімін беру, олардың туыстарын іздеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

– Жеңістің 75 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында Қазақстан бойынша 133 адам соғыс кезінде Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғаны, олардың бәріне де көзі тірісінде бұл атақ тапсырылмағаны белгілі болды. Алайда, тиісті құжаттары, көрсеткен ерліктері марапат қағазында толық көрсетілген. Бұл жағымды жаңалық Қорғаныс министрлігінің табанды жұмысының нәтижесінде анықталды. Осы 133 батырдың 15-і біздің шығысқазақстандық жерлестеріміз. Облыс әкімі Даниал Ахметов бұл оқиғаға ерекше мән беріп, барлығының туыстарын іздеп табуға нақты тапсырма беріп отыр. Даниал Кенжетайұлының бекітуімен барлығы да «Халық қаһарманы» атағын беру үшін облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментпен бірлесе, тиісті құжаттары әзірленіп, Президент аппаратына жіберілді. Қорғаныс министрлігі де қолдау танытып отыр, – деді Айтқазы Шерубаев.

Оқырмандарымызға ерекше айтарымыз, сол он бес адамның ішіндегі алты жерлесіміздің бүгінде ешқандай туыстары табылмай отырған жайы бар. Сондықтан төменде олардың есімдері мен жеке мәліметтерін көрсете отырып, жариялауды жөн көрдік. Олар жайында қандай да бір мәліметтер білетіндер болса, облыстық ардагерлер кеңесіне хабарласуды сұраймыз.

  1. Аға лейтенант Сейтказинов Қанапия, 1912 жылы туған, Қазақ ССР, Семей облысы, Көкпекті ауданы, Көкпекті ауылында туған. 1-ші Украин фронтының 3 гвардиялық армия, 414-атқыштар полкының, 3-атқыштар батальоны командирінің орынбасары болған. 1945 жылы майданда қаза тапқан.
  2. Капитан Гутов Виктор Александрович, 1920 жылы Қазақ ССР, Горно Ульбинка ауылында туған, 186 атқыштар дивизиясының 238 атқыштар полкының 2-атқыштар батальоны командирінің орынбасары болған. Қаза болған уақыты көрсетілмеген.
  3. Аға лейтенант Қозыбаев Бейсембек, 1920 жылы Қазақ ССР, Шығыс Қазақстан облысында туған. 52-ші атқыштар дивизиясының 100-атқыштар полкының, 1-ші атқыштар ротасының командирі болған. 1944 жылы шайқаста қаза тапқан.
  4. Қызыл әскер Трусов Амаргазы Көкпекті ауданынан шақырылған, ПТР артеллерия батальонының 108 бөлімшесінің бронебойшигі. 1943 жылы 21 қарашада Отан үшін Радомольный ауданы, Ленино селосы маңындағы ұрыста батырлық пен ерліктің үлгісін көрсетті.
  5. Капитан Несмиянов Александр Александрович 2-ші Гвардия әскері, 126 Горлов Қызылту дивизиясы, 690-атқыштар полкінің 1-ші атқыштар батальонның командирі. «1944 жылы 8 сәуірде Армиян қаласындағы Полсед ауданында жаудың қатты соққысында жолдас Несмиянов А. ерлік пен батырлық көрсетті. 1944 жылы 11 қазанда Огельнтов ауданын барлау бойынша жауынгерлік тапсырма алды, өз батальонымен аталған ауданға шығып, қарсыласқа соққы жасап, жауға үлкен шығын келтірді. Сонымен қатар жаудын 160 солдатын мен 8 оттық нүктелерін жойды.
  6. Гвардия лейтенанты Гутовский Виктор Иванович ТА 1-ші гвардиялық Әскери инженерлік батальоны, 14-инженерлік ротасы, 1-взводының командирі. Взвод командирі гвардия лейтенанты В.И.Гутовский 1944 жылдың 14 тамызынан 24 тамызы аралығында взводпен бірге алғы шептегі 44 гвардияны қамтамасыз етіп отырған. Сонымен қатар гв. лейтенанты Гутовский танкте соғыса отырып, жаудың 177 адамын өлтіріп, 82-сін тұткынға алды. 1945 жылдың 24 қантарында взводымен бірге Овиньско ауданындағы Варта өзенін басып алды.

Осы аталған жерлестеріміздің бәрі де қан майданда ұмытылмас ерлік көрсетіп, жаумен бетпе-бет ұрыста көрсеткен ерліктері үшін кезінде «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылған. Тіпті, олардың арасында Зайсан әскери комиссариатынан шақырылған гвардия лейтенанты Виктор Гутовский мен Өскемен қаласынан соғысқа аттанған капитан Виктор Гутов екі мәрте, қазіргі Алтай ауданынан аттанған капитан Несмиянов Александр бұл атаққа үш мәрте ұсынылған. Өкінішке қарай, бұл жоғары марапат оларға белгісіз себептермен берілмей кеткен. Енді міне,  Жеңістің 75 жылдығына әзірлік және оны өткізуге дайындық кезінде шығысқазақстандық жерлестерімізге жоғарғы атақты беруге ұсынылған құжаттар мұрағаттан табылып, олардың ұрпақтары мен туған-туыстары іздестіріліп жатыр.

Құрметті оқырман, отты жылдардан қанша алыстасақ та ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды. Бүкіл еліміз бойынша жүріп жатқан «Біз Жеңімпаздардың ұрпақтарымыз» акциясына қатыса отырып, жоғарыда есімдері аталған майдангерлердің ұрпақтары мен туған-туыстарын білсеңіздер, Өскемен қаласы, Максим Горький көшесі 40, 222 кабинет мекенжайы бойынша Шығыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесіне 8 7232 713279 телефоны арқылы немесе a.veteran2012@yandex.kz  электронды поштасына не болмаса облыстық «Дидар» газетінің редакциясына хабарласуларыңызды сұраймыз.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button