«Батыр балаға» мемлекеттен қолдау бола ма?
Елімнің өркені өссін десең, өндіріс ашып, өркениетке бет бұр. Табан астында жатқан бір түйір тарыдан да таудай табыс табуға болады. Ең бастысы, ерінбей еңбек етіп, қара жерге шыққан әр түйір дәннің қадірін білмек керек. Өзіне осындай талап қойып, талқан өндіріп, табыс тауып жүргендердің бірі – зайсандық кәсіпкер Бірлік Мамырбекұлы. Ол айына отыз тоннаға дейін талқан өндіріп, он адамды жұмыспен қамтып отыр. Ендігі кезекте өндіріс қуатын арттырып, өнімін экспортқа шығаруды жоспарлап қойған.
– Өндіріс ашпай өркениетке қадам басу мүмкін емес. Бүгінгі таңда біздің елге осы тұрғыдан өзгеріс керек екендігі айтпаса да түсінікті. Үлкенді-кішілі өндіріс ошақтарын ашу – еліміздегі ең өзекті мәселе. Өндіріс болғанда да, шикізатты өңдеп қана қоятын емес, қажетті дүниені өндіріп шығаруымыз керек. Мысалы, өзіміз тұтынатын тамақты өзіміз жасаған жөн. Міне, осындай ойдың жетегінде жүріп, талқан өндіру идеясына тап болдым. Ал талқан – түгел түркі жұртының ортақ асы. Басқа елдердің тамағы брендке айналып жатқанда біздің де бетке ұстар дүниеміз болуы керек ғой, – деп бастады әңгімесін Бірлік Мамырбекұлы.
Келіні келі түйген әр қазақ үшін талқан – таныс тағам. Бүгінгі таңда ұмыт бола бастаған ұлттық тағамды жаңғыртуды зайсандық кәсіпкердің қолға алғанына төрт жылдай болып қалыпты. Бірқанша адамды жұмыспен қамтып, тары талқан өндіріп, табыс тауып отыр. Кәсіпкер талқанның бес түрін өндіріп шығарады. Олар арпа талқаны, сұлы талқаны, тары талқаны, бидай талқаны және жеңіл құрамда дайындалған балалар талқаны. Одан өзге де жент, тары, арпа қатарлы өнімнің бірқанша түрі тағы бар. Ұлттық тағамдарды ұлықтау мақсатында кейбір өнімдеріне «Наурызкөже», «Батыр бала» деген атау беріп, әрбіреуінің сыртына «Шығыс өнімі» деген брендтік атау жапсырған. Әр өнімнің өзіндік жасалу жолы, құрамы бөлек. Алдағы уақытта өнімнің түрін көбейтіп, құрт, ірімшік қатарлы ақ тағамдарды қоса айналымға шығаруды көздеп отырғанын айтады.
Бірегей жобаға грант неге берілмейді?
Кәсіп бар жерде нәсіп бар. Ауыл тұрғындарының біразы біз тілге тиек етіп отырған «QABYL AGRO» ЖШС-де жұмыс істеп, нәпақасын тауып келеді екен. Кәсіпкер онға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып, оның сыртында тапсырыстың көлеміне қарай күнделікті 10-15 жалдамалы жұмысшы алады. Тұрақты еңбек ететін әр жұмысшыға 100-150 мың аралығында жалақы төлеп келе жатқанын айтады. Егер өндіріс көлемі ұлғайса, жұмысшылардың да жалақысы өсе түспек екен.
– Өндіріс қуаты жоғары, алайда күнделікті шығаратын өнім көлемі тапсырысқа байланысты болады. Қазіргі уақытта карантинге байланысты күніне 500 килограмм мен 1 тонна шамасында ғана өнім шығарып жатырмыз. Егер тапсырыс болса, күніне 5-10 тонна көлемінде тары талқан және тағы да басқа тағамдар шығаруға өндіріс қуаты жетеді. Ал қазір шамамен айына 30 тоннаға жуық өнім шығарып тұрмыз, – дейді кәсіпкер.
Бірлік Мамырбекұлы Зайсан ауданының әкімдігінің қолдауымен 1 гектар жер алып, шаруашылық ошағының негізін қалаған. Әкімдікпен қатар, кәсіпкерлер палатасының аудандық өкілдері де өз көмектерін көрсетіп, өнімнің сатылымға шығуына қол ұшын созып жүрген көрінеді. Аудан әкімшілігінің қолда бардың қадірін біліп, қолдау көрсетіп келе жатқандығы –қуантарлық жағдай.
Алайда Бірлік жыл сайын кәсіпкерлер палатасынан берілетін қайтарымсыз грантқа бір рет те қол жеткізе алмапты. Сонымен қатар өнімнің бұл түріне субсидия да қарастырылмапты.
– Қайтарымсыз грантқа екі жыл өтінім жолдадым. Бірақ екі жылда да жобам өтпей қалды. Бұл Қазақстанда көп кездесе бермейтін өндіріс түрі тың идея болғандықтан, қолдау көрсетіп, грант берер деп үміттенген едім. Өйткені бұл – балалардың денсаулығына пайдалы, экологиялық таза өнім. Одан тыс, оның көптеген түрлерін шығарып, ұлттық өнімді ұлықтап жатырмын. Биыл аудан әкімі міндетті түрде грант аласың деген еді. Бірақ сонда да берілмеді. Болмағанда кәсіпті қолдап, ұлттық тағамның осы түріне субсидия берілсе ғой, – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкердің айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімінің бір түріне жататын ұлттық тағам – талқан өндіруге субсидия қарастырылмапты. Суша сапырылған субсидиядан ұлттық тағам өндіруге бір тамшы да бұйырмайтыны қызық-ақ. Кәсіпкер егер осы бағыт бойынша субсидия бөлініп, қаржылық жеңілдіктер қарастырылса, өндіріс қуатын арттыруға мүмкіндік болар еді деп отыр. Онда аудан халқын жұмыспен қамту жағына да септігі тимек. Одан бөлек, өндіріс өнімін ұлғайта түсу үшін тары, арпа, сұлы, жүгері сияқты шикізат, яғни астық керек. Өйткені сұраныс көлемі артқан сайын керекті шикізат көлемі де арта түспек.
– Егістік егу жұмысын да қолға алып жатырмыз. Осыны ауылдастар да қолға алса дейміз. Алдағы уақытта да өндіріске керекті бидай, тары, арпа сынды өнімдерді өзімізі өсіруге кіріспекпіз. Ал осының бәрін сатып алып өңдейтін болсақ, табыс тұрғысынан тиімсіз. Мысалы, өткен жылы 50 гектар жерге егін салып, 70 тонна өнім алдық. Өзіміздің ауылдағы ағайынның өсірген өнімін алсақ, бізге де экономикалық тұрғыдан тиімді. Осылай жұмыла көтерсек, жүк жеңіл болмақ, – дейді кәсіпкер.
Мектеп асханасынан талқанға орын тауып берсек…
Қарыны тоқ, көйлегі көк қазіргі жұрт талқан жемейді-ау деп ойлаудың қажеті жоқ. Кәсіпкер талқанға деген сұраныс артып келе жатқанын айтады. Індетке байланысты азайғанымен, ішкі нарықта сұраныс жаман емес. Алматы, Нұр-Сұлтан, Талдықорған, Өскемен, Семей қалаларында және облыстың барлық аудандарында сатылымға шыққан.
– Ел ішінде сатып, шетелге де экспортқа шығарып көрдік. Алғаш рет 2019 жылы 22 тонна тары талқан өндіріп, Қытайға экспортқа шығардым. Бастамасы жаман болған жоқ. Екіжақты келісімшарт жасасып қойдық. Егер шекара ашыла қалса, экспортқа шығарып, өнім көлемін арттырмақпыз. Одан бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Тәжікстан қатарлы елдерге шығаруды жоспарлап отырмыз. Жалпы, мақсат – ұлттық өнімді болмағанда түркі тектес елдердің арасында брендке айналдыру, – дейді кәсіпкер.
Бірлік Мамырбекұлы өнімін мектеп оқушыларына берілетін тағам тізіміне қостыру жағын қарастырып жүргенін де айтып қалды. Расымен де, экологиялық таза өнімді мектеп оқушыларына бір уақыт беріп тұрса, тәтті-тәпсектен қарағанда денсаулығына пайдалы болар ма еді.
– Алдағы уақытта Тағамтану академиясына өз өнімімізді ұсынып, мектепте балаларға берілетін тағамдардың қатарына қостыру жағын қарастырып көрсек деп отырмыз. Өйткені қазір мектеп оқушыларына неше түрлі тамақ беріледі ғой. Солардың арасында өзіміздің ұлттық тағам талқан жүрсе артық болмас. Бұл балаларға экологиялық тұрғыдан таза, экономикалық тұрғыдан тиімді тағам болар еді. Өз елімізде өндірілгендіктен балалардың денсаулығына зияны жоқ. Талқанның құнары мол, энергетикалық қуаты жоғары. Бір жағынан, қайта пісіруді қажет етпейтін дайын ас, сондықтан осы тұрғыдан жауапты мекемелер қандай да бір қолдау көрсетіп, жол сілтеп жіберсе, тіптен жақсы болар еді, – деп кәсіпкер нақты жолын таппай отырғанын да жасырмады.
Қаржылық қолдау болса, өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім түрін арттыруға мүмкіндік бар екенін айтты кәсіпкер. Тіпті өзіміздің құрт-ірімшікті брендке айналдырып, тарыдан кәмпит жасауды да ойластырып қойыпты. Кәсіпкер отандық өнімді отбасында ғана емес, жаһан жұртына таныстырсам деген алдына мақсат қойыпты. Ісіне береке тіледік.
Талқан таршылық заманның асы деген ойдан аулақ болғанымыз дұрыс шығар. Ашаршылықта жеген құйқаның дәмін ұмытпағанымыз абзал.
Қызырбек Дүргінбайұлы