Батыр бабасын ұрпақтары ұмытпайды
Биыл елімізде Қабанбай батырдың 330 жылдығы аталып өтуде. Мерекелік іс-шаралардан батырдың туған жері – Үржар ауданы да шет қалмады. Жақында ауданда Қажығалым Мұқановтың пьесасы желісінде сахналанған «Қаракерей Қабанбай» спектаклінің тұсаукесері өтті.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанат Аңдасова мәлім еткендей, Үржар жерінде Қабанбай батырдың 330 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар мұнымен шектеліп қалмақ емес.
Мәселен, аудан кітапханаларында «Қабанбай батыр ұрпағымыз» танымдық сағаттары, «Дарабоз батыр – Қабанбай» атты кітап көрмелері мен өзге де тағылымы мол іс-шаралар, семинарлар ұйымдастырылуда.
Сондай-ақ мерейтойға орайластырылған «Жігіт сұлтаны» сыны мен «Асыл мұра» көркемөнерпаздар байқауы да жоғары деңгейде өткенін айту керек.
Еске салайық, осыдан шамамен екі ай бұрын Қабанбай ауылында «Дарабоз» деп аталатын сужаңа спорт модулі пайдалануға берілген болатын.
Дегенмен аудандағы ең ауқымды іс-шаралардың бірі Қабанбай батырдың 330 жылдығына және Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына арналған бүркітшілер мен аңшылар арасындағы бірінші Әлем чемпионаты болғаны сөзсіз. Аталмыш жарысқа отандастарымыздан бөлек, Ресей, Моңғолия, Түркия, Украина сияқты бірқатар елден келген бүркітшілер мен аңшылар қатысты.
Батыр баба рухына тағзым етуге арналған осындай сан алуан мазмұндағы іс-шараларды «Қаракерей Қабанбай» спектаклінің тұсаукесері қорытындылағандай болды. Қойылымды өзгелерден бұрын тамашалаған үржарлықтар спектакльдің режиссері – Мерғалым Тұрсынбековтің алғашқы қойылымына жоғары бағасын берді. Айтпақшы, спектакльдегі басты рөлді, яғни Қабанбай батырды да осы Мерғалым Тұрсынбеков сомдапты.
Биыл республика мен облыс, аудан аумағында әйгілі қолбасышының мерейтойына арналған мәдени іс-шаралармен қатар, ғылыми жиындар да өтіп жатыр. Соның бірі – Семейдегі Шәкәрім университетінде Қаракерей Қабанбайдың 330 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция.
– Бұл батылдығымен, қайсарлығымен ерекшеленген тұлға болатын. Халқымыздың басына түскен сол бір қиын-қыстау заманда қазақ жерін басқыншылардан азат етуге айрықша үлес қосқан Қабанбай батырдың ерлігі ұрпақтарының жадында мәңгілікке сақталып қалары сөзсіз. Жалпы, ХХ ғасырдың басында қазақ халқының ауызша тарихын сақтаған ақсақалдар көп болыпты. Және ауыл-ауылды аралап, сондай қарияларды сөзге тартып, әңгімелерін қағаз бетіне түсірген энтузиастар да аз емес еді. Сондай жандардың еңбегінің арқасында бүгінде өз заманында «Дарабоз» атанған батыр бабамыз туралы азды-көпті мәліметке ие болудамыз, – дейді Шәкәрім университетінің профессоры Мұхтарбек Кәрімов.
Сәрсен Қабылым