Мәдениет

Бата, тілек байқауы болып өтті

Бата, тілек байқауы болып өтті


Еліміз Тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішінде бұрынғы ұмыт бола бастаған халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүріне жан бітіп, қайта тіріліп жастарға тәлім-тәрбие беруде үлкен күшке айнала бастады. Жарма ауданының орталығы Қалбатау ауылындағы мәдениет үйінде аудан ардагерлері арасында «Батаменен ел көгерер» атты бата, тілек байқауы өтті.

Меніңше, мұндай байқау облыс көлемінде бірінші өтіп отырған сияқты. Шараны ұйымдастырушы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Есполов болса, идеяны қолдап, дем беруші аудан әкімі Нұрлан Сыдықов мырза. Шараны өткізуге толық жағдай жасаған аудандық мәдениет бөлімі бастығы А.Дәуітов. Байқауға ауданның 20 ауылдық округінен жас мөлшері 65-тен жоғары бір қариядан өкіл таңдап алынды. Байқаудың ережеcі бойынша cайысқа қатысушы мен қоржындағы асықтың нөмірі сай болуы керек. Батаның 30 түрі бар, мысалы «Келінге берілетін бата», «Наурыз батасы», «Ас қайыру батасы», «Сүндет той» батасы т.т. Кешті жүргізуші мәдениет қызметкері Жазира Мақанова сайыскерлерге байқау шартын түсіндіріп, байқаудың қазыларымен таныстырды. Олардың қатарында журналист Ә.Сәтпеков, ақын Ж.Рахметова, Шар қалалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Мұсатаев, еліміздің Мәдениет қайраткері А.Дәуітов және осы мақаланың авторы бар. Жүргізуші қатысушыларды құттықтап, сәт сапар тілеуге ауданның «Құрметті азаматы» Нұрбек Қонысбаев ақсақалға сөз берді.

– Мұндай байқау облыс көлемінде болған емес. Сіздер жаңа іске бастамашы болып тұрсыздар. «Батамен ел көгерер» деген аталы сөздің мәнін төмендетпей жастар өнеге алатындай бата, тілек айтуға шақырамын. Сіздерге сәттілік тілеймін! – деді ол. Осыдан соң сайыс басталып кетті. Сахнада қазақ үйінің үлгісімен жасалған жасау, ортада мол жайылған дастарқан. Қазақи дәстүрмен тартылған бас, тегенеде қымыз.

Байқау шарты бойынша бірінші топ Темірхан Келелбаев пен (Әуезов кенті) Матай Бақтыбаев (Шалабай ауылдық округі) сайысты бастады. Осылай 20 ауылдық округтен келген 20 сайыскер қария бақтарын сынасты. Іштерінен Заманбек, Тоқтарқан, Мансұр, Шайдолла сияқты батагөй қарттар «міндетті» батаны келістіре айтып, кейбіреуі тіпті, ән де шырқап жіберді. Заманбек Таңатаров қария басты кесіп дәстүр бойынша әр мүшесіне анықтамасын да айтып көрермендерді риза етті. Байқау барысында аудандық мәдениет үйінің әнші, күйшілері көрермендерді өз өнерлерімен тәнті етті.

– Ауданымызда осындай шежірелі қарттар барына мақтанышпен қараймыз, – деді аудан әкімінің орынбасары Айдар Ибраев. – Сіздер біздің қазынамызсыздар, жасай беріңіздер. Сіздерді аудан әкімі атынан құттықтаймын, табысты болыңыздар.

Сайысты қорытындылаған ұйымдастырушы Н.Есполов қарияларға алғыс айтып, байқаудағы жетістіктер мен кемшіліктерге тоқтала келіп, келешекте бұдан да мазмұнды, қызықты өткізуге зор дайындықпен келуге шақырды. Байқау төрешілерінің шешімі бойынша 1-орынды 70 ұпай алған Заманбек Таңатаров (Қаратөбе ауылдық округі) иеленді. Жеңімпаздардың барлығы аудан әкімінің мадақтама қағазы мен сыйлықтарына ие болды.
Сондай-ақ, барлық қатысушы қарияларға аудан әкімі Н.Сыдықовтың Алғыс хаты табыс етілді.

Мәуітқазы Зүкенов
Қалбатау ауылы.

Осы айдарда

Back to top button