Аймақтар аухалы

БАСЫНАН БАҒЫ ТАЙҒАН АУЫЛ

БАРШАТАСҚА БАРУДЫҢ АЗАБЫ

Емелтаудан шыққан беті Мәдениет ауылының іргесінен өтіп, бұрынғы Шұбартау ауданының орталығы – Баршатасқа баратын жолға түстік. Жол деген аты ғана. Шұрық-тесік асфальттың сау жері жоқ. Бір шұңқырдан құтылғаныңмен, келесісінен жерді сүзбей, автокөліктің астын соқпай  өте алмайсың.  Бір рет барып қайтқанымызда  көрген бұл жолдың азабын шұбартаулықтар күн сайын көріп жүр. Жолдың ғана емес,  Баршатастағы аурухананың да атына заты сай болмай тұр.

Қарағанды – Боғас бағытындағы Аягөз -Малгелді – Баршатас ауылдарының арасындағы 175 шақырымдық жол Шұбартау өңірі тұрғындарының бас уайымына айналғаны қашан?  Кеңестік заманнан бері жөндеу көрмеген республикалық, жергілікті  маңыздағы  бұл жол бүгінде тоз-тозы шығып, шоқпыт-шоқпыт болып қалған. Рас, соңғы жылдары там-тұмдап біраз ғана  шақырымына жөндеу жүргізілгенімен, от орнындай ойдым-ойдым  болып сол қалпында жатқан тас жол жүргізушілерді де, жұртты да әбден әбігерге түсіріп келеді. Бұрылыс, қалтарысы жоқ 175 шақырымдық   жазық жолда ел тоқылдатып, тарсылдатып төрт-бес сағат бойы жүріп келеді.

Әрі-бері жүрген көлікті аз-ақ күнде алқам-салқам етіп, шипасын бітіретін Баршатастың жолында таксилер де сирек жүретін көрінеді. Ауыл жүргізушілері Баршатастан Аягөзге барып, келу уақытты да, жүйкені де, қаражатты  да жеп жатқанын айтып, «Баршатастың жолымен жиі жүрген көліктің «ходовкасы» бір-екі аптада-ақ бітеді» дейді.

Әйтеуір, биыл аудан орталығы мен Баршатас аралығына «Газель» көлігімен автобус маршруты ашылып, халықтың көп уайымының бірі азайыпты. Күн сайын Аягөзге қатынайтын автобустың бағасы да қолжетімді – 1000 теңге. Жолшыбай Байқошқар, Малгелді, Мәдениет ауылдарына да соғады. Дегенмен  шағын көлікке  жолаушылардың сыймай қалатын кездері де көп екен.

Ауылдың сексендегі  қариясы Мәдени атаның айтқанындай,  баршатастық тұрғындар ең аяғы дәрі-дәрмек алу үшін де тозығы жеткен жолмен тепеңдеп  175 шақырдық жердегі аудан орталығына барып жүр. Бұрын Баршатаста дәріхана болғанымен иесі көшіп кетіп, өзге біреуге өткен дәріхананың есігі тарс жабылып, қызметі аяқ астынан тоқтаған.

АУРУХАНАҒА «УЗИ»  АУАДАЙ ҚАЖЕТ

-Ауруханаға барғаныңмен, емделуге қажетті дәрі-дәрмек үшін Аягөзге баруың керек, сол жақтан алдыртуың керек. Баршатастағы ауруханаға маңайдағы Байқошқар, Бидайық, Мәдениет, Малгелді, сонау Емелтаудағы ел келіп қаралады, емделеді. Алайда ауруханада көз дәрігері, тіс дәрігері сияқты мамандар мүлде жоқ. Тұрғындар жылына бір келетін жылжымалы емхананы күтіп жүргені. Үлгірсе қаралды, үлгірмесе қалды. Өзім де  көзімнің қысымын өлшете алмай жүрмін әлі,-дейді ауыл қарты Мәдени Құлынтаев.

Ауылдық аурухананың бас дәрігері Марат Өнербаевтан ауруханаға мамандар ғана емес  қарапайым медициналық құрал – УДЗ ( УЗИ) аппараты да қажет екенін естіп, қайран қалдық. Бүгінде қаладағы  емхана, ауруханалар УДЗ-ның заманауи түрі – 3D УДЗ-ны пайдаланып жатқанда, Баршатастағы ауруханада оның қарапайым түрі де жоқ болып шықты. Бала-шаға, әсіресе аяғы ауыр аналар бағанағы секіртпе жолмен төрт-бес сағат бойы екі бүктетіліп отырып УДЗ-ға түсу үшін Аягөзге барып, қайтуда.  Жас босанған аналар, қарттар да ауырып, сырқай қалса УДЗ үшін екі ортада сабылады. Сондықтан дәл қазір Баршатастағы ауруханаға бәрінен бұрын УДЗ аппараты ауадай қажет болып тұр. Қаладағы медициналық мекемелерде қолданылып жатқан өзге озық медициналық құралдар туралы  айтпай-ақ қояйық.

Бас дәрігер ауруханада  ФГДС аппаратының  да жоқ екенін айтты. Ал бұрынғы полигон ошағынан 30 шақырымдай ғана жерде орналасқан  Шұбартау өңірінде  онкологиялық, ас қорыту жүйелері,  жүрек- қан тамырлары аурулары аз емес. Ол аурулардың бәрін ерте бастан анықтап, зерттеуге қажетті құралдың ешқайсы жоқ. Құрал-жабдықтың жоқтығынан жұрт ауылда аурухана бола тұра тексерілуге, емделуге  қалаға, аудан орталығына баруға мәжбүр. Ескірген жедел жәрдем көлігінің  жаңалауды қажет етіп тұрғанын көрдік.

Қазір Баршатас ауылдық ауруханасы орналасқан бұрынғы аудандық аурухана ғимаратының басым бөлігі босап, қаңырап қалыпты. Құрал жоқ болса, маман жетіспесе, жағдай осы күйінде қала берсе,  бұл аурухананың өзі де жабылып қалуы мүмкін.

-Бізде интернетке қосылған бір-ақ компьютер ғана бар, жылдамдығы өте төмен, жоқ деуге де болады.  Қазіргі заман талабы бойынша науқастарды емдеу үшін интернет арқылы  ең алдымен порталға тіркеуіміз қажет. Біз оның бәрін қолмен жазып, өткізіп отырмыз. Интернеттің жоқтығы да қызмет көрсету сапасына өзіндік кедергісін келтіріп келеді,-дейді терапевт жас маман  Динара  Олжаханова.

БАСЫ БАР, АЯҒЫ ЖОҚ АБАТТАНДЫРУ

Баршатас ауылындағы  қоғамдық кеңестің төрағасы Майдан Құрмашев, Қайыржан Нұрсипатов сынды ауыл азаматтары Баршатастағы тағы бір шетін тұрған мәселенің бірі сумен қамту екенін жеткізді. Бүгінде ауылдағы 370 үйдің 35-іне ғана су тартылған. Қалған ел ауызсуды  құдықтан алып ішіп отыр.

-Баршатастағы су қоймасы апаттық жағдайда  тұр. Ауылдағы ескі екі су мұнарасы сонау кеңес одағы кезінде салынған, қирауға жақын. Жазда ауылда су болмай қалатын кездер  көп. Бұл мәселе бұрынғы аудан әкіміне талай айтылған. Аягөз ауданына қосылғаннан бері қалтарыста, қараусыз қалған Баршатасқа назар аударылып, бюджеттен қаражат бөлінсе дейміз. Былтырлары балалар ойыны алаңы салынып, жарық тартылып Баршатасқа біраз ғана  абаттандыру жүргізілген болды. Бірақ бәрі есеп үшін шала-пұла атқарылып, аяқсыз қалды. Ештеңе төселмеген, арзанқол дүниелермен толтырылған  балалар ойыны алаңының іші-сыртын жаздай арам- шөп басып кетті. Қираған, жанып кеткен шамдарды алмастыратын, көшелердің тазалығына қарайтын, әлгіндей нысандарды күтіп-ұстауға бір коммуналдық тазалықшы қажеттігі туып отыр. Жаңадан келген аудан әкіміне де айтып жатырмыз. «Кеткен адам жаман, келген адам жақсы» деу біздің елдің әдетінде жоқ нәрсе. Сөйтсе де, бұрынғы аудан әкімін есеп беру жиынында ғана көрсек, қазіргі әкім тағайындалғанынан бері үш-төрт рет келіп кетті. Әкімнің осы келісін бір жақсылыққа балап, Баршатастың қордаланған мәселелерін шешіп, жағдайын жақсартса деп  үлкен нәтиже күтіп отырған жайымыз бар, -дейді Қайыржан Нұрсипатов.

Басы бар, аяғы жоқ абаттандыру Баршатастың сұрықсыз көрінісін өзгерте қоймапты. Бұрынғы аудан орталығы кезіндегі көп мекемелердің қирандылары, орындары  ауыл ортасында сол күйінде жатыр. Бір кездегі қос қабатты мектеп, интернат, саз мектебі, білім беру бөлімі ғимараттарының қираған қалдығын жинап алар жан табылмапты. Он жылдан бері сол қирандыларды тазалауға ауданнан қаражат сұралып келе жатқанымен  бөлінбеген.  Ауыл тұрғындары балалар ойыны алаңы ашылса, ескі стадион қалпына келтірілсе деген тілектерін жеткізді.

Баршатаста ең қымбат деген үй 500 мың теңге көлемінде тұратын көрінеді. Үйлердің арзандауына ауылдан  көшіп жатқандардың көптігі де әсерін тигізуде.

– Балқыбек, Байқошқар, Бақанас өзендері қосылып, осы Баршатастың үстінен өтеді. Өзеннің екі жағы тоғай, қара топырақты жер. Мал бағуға ғана емес,  егіншілікке де аса қолайлы.  Қазір ауылда 30-40 үй бос тұр. «Нәтижелі еңбекпен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасымен  Оңтүстіктен жермен айналысатын отбасыларды алып келіп, осы ауылға қоныстандырса, жолы жөнделіп, ауыл интернетке қосылса, басқа  жағдайын жасаса басынан бағы тайған Баршатас көркейер ме еді?!-дейді қоғамдық кеңестің төрағасы Майдан Құрмашев.

БАРШАТАСТЫ АДАМ ТАНЫМАСТАЙ ЕТІП ӨЗГЕРТЕМІН

Баршатастың бүгінгі мүшкіл халі қашан жақсаратынын Аягөз ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаевтың өзінен сұрадық.

– Ауылдарда  ауызсу мәселесі шетін тұр. Көптеген ауылға су 3-4 сағаттан артық берілмей отыр. Мысалы, Шынқожаға   ауызсу 5-6-ақ сағат қана келіп тұр. Бұл ауылда балалар ойыны алаңы, футбол алаңы бар. Ол ауылға ойын алаңы, тағы басқадан бұрын ауызсу қажет.    Сондықтан ауылда  ең алдымен халыққа аса қажетті мәселе атқарылуы керек. Келесі жылы  бірінші кезекте ауылдардағы  ауызсуды шешеміз. Қосағаш, Мәдениет, Бидайық деген ауылдарда су бар-жоғы 5-6-ақ сағат беріліп жатыр. Байқошқарда мүлде су жоқ, суды құдықтан алып ішіп отыр. Менің тапсырмам бойынша ауыл әкімдері келесі жылдың бюджетіне ең алдымен  ауызсумен қамту мәселесін шешуді жоспарлап отыр. Екінші мәселе – жол. Баршатасқа бардым. Осы бес айдың ішінде төртінші рет халықпен кездестім.  Баршатас ауылында  келесі жылы қыруар шаруа істеледі. Тарбағатайда Ақжар ауылы бар, білесіздер. Ешкім бұрынғы аудан орталығы  деп есептемейді. Ол аудан орталығы  Ақсуаттан артық болмаса кем емес. Келесі жылы Баршатастың ауызсу мәселесін шешеміз. Су бұл ауылға  24 сағат бойы берілмейді екен. Қазір ақша бөлініп жұмыс істелініп жатыр, келер жылға дейін бұл ауылға 24 сағат су беріледі деп уәде беремін тұрғындарға. Ауылға су жинайтын  резервуар орнатылып, су  әр үйге баратындай  етіліп жақындатылып, құбыр тартылып  жатыр. Баршатасқа  балалар ойнайтын алаң, көшеге субұрқақ, теледидар қойылады.  Баршатасты адам танымастай өзгертем келесі жылы.

– Тура осылай деп тақырып қойып жазамыз онда.

-Жазыңыз.

-Жолға, ауылдағылардың шағын несие ала алмауы мәселесіне байланысты сұраққа  келетін болсақ, Аягөз ауданында 1200 шақырым жол бар, соның 510 шақырымы аудандық маңыздағы жолдар. 350-і республикалық, 300 шақырымы облыстық маңыздағы жолдар. Биыл Баршатасқа баратын жолдың Малгелдіге дейінгі   бір бөлігіне жөндеу жүргізілді. Келесі жылы Аягөзден   Малгелдіге дейінгі жол жөнделіп, асфальтталады. Аягөз ауданының жолы осы Малгелді ауылына дейін барады. Шағын несие алуда  әкімшілік кедергілер өте көп. 40 мыңға жетер-жетпес  халық тұратын Тарбағатай ауданының халқы жылына  1,5 млрд теңге несие алып отырды.  80 мыңға тарта ел тұратын  Аягөз ауданының халқы 250 млн теңге ғана несие  алған. Жеті есе аз. Неге олай? Бірінші –халық бағдарламаларды білмейді.  Оны түсіндіру үшін топ ұйымдастырдық. Әр ауылға барып түсіндірдік. Бұрын ешкім ешқайда шықпаған. Енді биыл аудан тұрғындары 1млрд.-тан астам теңге шағын несие алмақшы. Бүгінге дейін 750 млн алып отыр, жыл соңына дейін 1 млрд. теңгеден асады.

Ауданда   құдықтарды есепке алуды бастаймыз.  Қазір жаппай құдық қаздырып жатырмыз.  Биыл 250-ден астам құдық қаздық. 400-ден астам шаруа қожалығына күн  батареялары қойылды. Қазір бұл жағынан бәрінің алдында тұрмыз.

Мақаланы аудан әкімінің бізге берген  осындай жауабымен аяқтап отырмыз. Әкімнің айтқанының бәрі атқарылып, Баршатастың айы оңынан  туатын күнге тезірек жеткей тұрғындар.

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Осы айдарда

Back to top button