«AMANAT»

Басты міндет – халықтың әл-ауқатын көтеру

Айжанат Бақытқызы

AMANAT партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Сайрангүл Жұмаділова мен партия мүшелерінің қатысуымен өткен жиында партияның жаңа Саяси тұғырнамасының жобасы талқыланды.

Сайрангүл Жұмаділова айтып өткендей, AMANAT партиясының жаңа Саяси тұғырнамасы – осы жылдың наурыз айында басталған ауқымды партиялық трансформацияның бір бөлігі. Тұғырнамада партияның даму бағдары, ұстанымдары мен саяси мақсаттары қамтылған.

Тұғырнаманы талқылауға партия мүшелері, депутаттар мен сарапшылар, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері белсене қатысты.

Платформа бойынша жүргізілген әлеуметтік сауалнамада 42 мыңнан астам партия мүшесі қатысып, 1 мыңнан астам ұсыныс түскен.

Жаңа Саяси тұғырнаманың негізгі ерекшелігі – құжатты әзірлеу және жазу алғаш рет толығымен қазақ тілінде жүргізілді. Тұғырнама Адам – Қоғам – Мемлекет қағидасы бойынша құрылып, мұнда халықтың әл-ауқаты басты назарға алынған.

Құжатта халқымыздың көрнекті тарихи тұлғалары мен зиялы қауым өкілдерінің ой-пікірлері мен көзқарастары көрініс тапқан. «Тәуелсіздік – баға жетпес байлық, оны біз көздің қарашығындай сақтап, қорғауымыз керек» деген тезис тұғырнамада басты орынға қойылған.

Еліміздің әр азаматы лайықты білім алуға және қолжетімді медицинаға, жеке өмірін қорғауға, жайлы әлеуметтік ортаға және баспаналы болуға құқылы. Осы негізгі мақсат-міндеттерді іске асыру бағытында облыста бірқатар әлеуметтік шара жүзеге асырылады. Атап айтқанда, пайдалануға берілетін жаңа мектептер халықаралық стандарттарға сай заманауи жабдықтармен жабдықталады.

AMANAT партиясы ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуды, ауыл шаруашылығын қолдауға ерекше басымдық беруді стратегиялық міндеттердің бірі деп санайды. Бұл орайда 2023 жылдан бастап ауыл тұрғындарының қажеттіліктеріне бағытталған ұлттық жоба аясында өңірдегі медициналық мекемесі жоқ ауылдарда 36 медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, толық жарақтандырылмақ.

Тұғырнамада көрсетілгендей, жасампаз еңбек қоғамның шоғырландырушы күшіне айналуы тиіс. Азаматтардың өздерінің адал және қажырлы еңбегіне сай келетін лайықты жалақы мен зейнетақы алуға құқығы бар. Сонымен қатар аманаттықтар көпбалалы аналарға, өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларына және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жәрдемақылар мен өзге де жеңілдіктер тізімін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Осы айдарда

Back to top button