Қоғам

Бастауыш партия ұйымдарының саябағы ашылды

Бастауыш партия ұйымдарының саябағы ашылды

Облыс орталығын абаттандыру жұмыстарынан нұротандықтар да шет қалмай, мүмкіндігінше үлестерін қосуда. Жақында олар облыстағы бастауыш партия ұйымдарының санына сәйкес қаладағы этноауыл аумағына 322 көшет екті. Енді бұл игі іс облыстың барлық ауданында жалғасын таппақ.
Партияда бастауыш партия ұйымдарының жұмысына баса назар аударылып, олардың қызметін одан әрі жетілдіру, тиімділігін арттыру мақсатында 2015 жыл – бастауыш партия ұйымы жылы деп белгіленген-ді. Осыған орай, шығысқазақстандық нұротандықтар Өскеменде бастауыш партия ұйымдарының саябағын ашып, бұл эстафетаны еліміздің басқа аймақтарындағы партияластарына тапсырды.
Өткен сенбі күні нұротандықтар қолдарына күрек пен сусепкіш алып, «322 ағаш – 322 бастауыш партия ұйымына» деген ұранмен алма, шетен және шырша көшеттерін екті.
– Біздің партияластар ұйымдастырып отырған акцияның бір мұраты –еліміздегі әрбір тұрғынның бойында табиғатқа деген қамқорлық, жанашырлық сезімін ояту. Әр адам бір емес, бірнеше ағаш отырғызғаны жөн. Бастауыш партия ұйымдарының саябағын ашу бастамамыздың өзге өңірлерде де қолдау тауып, өз жалғасын табарына кәміл сенемін, – дейді Өскемен қаласы ардагерлер бастауыш партия ұйымының төрағасы Серік Оразбайұлы.
Партия мүшелері ағаш көшеттерін егетін орын ретінде облыс орталығының сол жағалауында орналасқан этноауылды таңдапты. Өскемен –еліміздегі өндірісі өсіп-өркендеген шаһарлардың бірі, сол себепті қалада экология мәселесі аса өзекті. Осы ағаштар ауаны тазартып, этноауыл аумағын көріктендіре түсері ақиқат. Ғалымдардың айтуынша, бір гектар көшет бір жылдың ішінде 100 тонна шаң мен уытты заттарды ауаға таратпай, ұстап қалады екен.
– «Нұр Отан» партиясы осы жылды бастауыш партия ұйымдарының жылы деп атады. Бастауыш партия ұйымдары – партияның негізі. Бүгінгі таңда облысымыздағы бастауыш партия ұйымдарының тұрғындарды алаңдатқан әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық мәселелерді шешудегі әлеуеті мен рөлі айтарлықтай өскен. Осыған орай, біз жарғылық мақсаттарды, сондай-ақ, сайлауалды тұғырнаманы іске асыру жолында жоспарлы жұмыс атқаруға тиіспіз, – деп атап өтті «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Ольга Булавкина.
Айта кетерлік жайт, іс-шара барысында облыстық партия филиалына қарасты бастауыш партия ұйымдарының санына байланысты 322 түп ағаш отырғызылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, партияның «Біздің ауыл» жобасы аясында бастауыш партия ұйымдарының саябағы аудан орталықтарында да ашылатын болады.
– Негізгі мақсатымыз – азаматтардың туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін арттыра отырып, қоршаған ортаны тазалау. Осыған орай, аталмыш игі бастаманы қолға алып отырмыз. Бұл бастаманы біз әрі қарай еліміздің барлық бастауыш партия ұйымдарына, өзіміздің партияластарымызға жалғастыру үшін береміз, – дейді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бөлім кеңесшісі Сымбат Рамазанов.
Айта кетейік, бүгінде 322 бастауыш партия ұйымынан тұратын «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының 70 мыңнан астам мүшесі бар. Олар тұрғындарға партияның жарғысындағы мақсаттар мен міндеттерді түсіндіре отырып, партия мүшелері арасында тұрақты байланыс орнатуда. Ол ұйымдардың барлығы әлеуметтік мәселелерден бөлек өңір экологиясын жақсартуға да белсенді үлес қосып келеді.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button