Баспана бағасы қымбаттауы мүмкін
Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне байланысты елімізде тұрғын үйдің бағасы қымбаттауы мүмкін деген болжам бар.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті.
– Менің ойымша, 2004-2007 жылдардағы сияқты қолдан баға өсімі болмауы үшін бақылауымыз қажет. Бұрындары Алматы мен Астанада үй бағасы Нью-Йорк пен Париждегідей қымбаттаған еді. Үлестік құрылыс, ипотекалық несие нарығына дағдарыстан кейін мемлекеттік органдар тарапынан қатаң мониторинг жасалады, – дейді Ұлттық банк төрағасы.
Оның айтуынша, барлығы сұраныс пен ұсыныстың ара қатынасына келіп тірелмек десек, кейінгі уақытта баспанаға деген сұраныс өсе түскендігі белгілі.
Қ.Келімбетов баға өсімі бола ма, жоқ па, дөп басып айту қиын екенін жеткізді. Дегенмен, болашақта өседі деген болжам негізді.