Әлеумет

Баспана алуға бір жыл уақыт беріледі

Айжанат Бақытқызы

«Отбасы банк» «Әскери баспана» бағдарламасына қатысушыларды іріктеу қорытындысын жариялады. Тұрғын үй төлемдерін алушылар өз мәртебесін Baspana Market жылжымайтын мүлік порталынан көре алады.

«Отбасы банктің» облыстық филиалының басшысы Нәзигүл Аккулованың айтуынша, негізгі тізімге 1380 адам, резервтік тізімге 276 адам енген. Егер негізгі тізімдегі үміткер бағдарламаға қатыса алмаса, оның орнын резервтік тізімдегі үміткер алады.

«Әскери баспана» бағдарламасы қатысушыларының пулына арнайы салымдарына тұрақты түрде қаражат жинап жүрген салымшылар енген. Негізгі тізімге енгендер несиеге өтініш бере алады. Маңызды артықшылығы – енді бағдарламаға қатысушыларға баспана іздеуге, оны бағалатуға және несиеге өтінім беруге тура бір жыл уақыт беріледі. Яғни, 2023 жылдың 9 қазанына дейін тұрғын үй несиесін алушылар асықпай, байыппен өздеріне ыңғайлы елді мекеннен жайлы баспана таңдап, оны қолжетімді шарттармен сатып ала алады.

Биылдан бастап «Әскери баспана» бағдарламасының шарты бойынша, тек жаңа үй сатып алуға болады. Бұл пайдалануға берілген тұрғын үй немесе Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігі бар салынып жатқан тұрғын үйден таңдалған пәтер болуы мүмкін.

Бағдарлама бойынша несие алу шарттары өзгерген жоқ. Ең төменгі қажетті жинақ сомасы – 15%. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – 8%. Несие мерзімі – 25 жылға дейін. Несиенің ең жоғарғы мөлшері – 50 млн теңге.

– Тұрғын үй несиесін рәсімдеу үшін банк бөлімшесіне барудың қажеті жоқ. Бағдарламаға қатысушылар несиеге өтінішті қашықтан консьерж-ипотека қызметі арқылы жолдай алады. Ол үшін otbasybank.kz сайтына кіріп, «бейнеқоңырау» батырмасын басу қажет. Бейнебайланыс операторы өтінішті қабылдап, оны ипотека алуға дейін жеткізеді, – деді банк басшысы.

Осы айдарда

Back to top button