Әдебиет

Басқа ат құрып қалғандай, әулиенің атын тартып әпердіңдер ғой…

 Басқа ат құрып қалғандай, әулиенің атын тартып әпердіңдер ғой...
Басқа ат құрып қалғандай, әулиенің атын тартып әпердіңдер ғой…

Ежелгі Тараз қаласы XVIII ғасырдың аяғынан бастап «Әулиеата» аталғаны, ал 1936 жылы по¬эзия алыбы Жамбыл Жабаевтың (1846—1945) құрметіне «Жамбыл» деп өзгертілгені тарихтан мәлім.
Сол Жәкең көзі тірісінде, 1940 жылдың көктемінде өзінің атымен аталатын қалаға сапар шексе керек. Поезд Жамбылға жеткен кезде:
— Әулиеатаға келіп те қалдық, балалар!— дейді Жәкең вагон терезесінен сыртқа көз тастап. Қасында отырған әдеби хатшысы Ғали Орманов:
— Әулиеата демеңіз… Жамбыл деңіз, Жамбыл қаласына келдік деңіз,— деп Жәкеңнің сөзін түзеткен болады.
Сонда Жамбыл:
— Басқа ат құрып қалғандай, әулиенің атын тартып әпердіңдер ғой, әйтеуір,— дейді әзілдеп. Сосын қолын жайып, күбірлеп былай деп дұға оқыпты:
— Қасиетіңнен айналайын, Әулие ата,
Атымды ап қойды деп болма қапа,
Әумин!

***
Өткен-кеткеннен сөз қозғап, ескіден сыр тар¬тып, қазақтың танымал қаламгерлері Асқар Сүлейменов пен Ақселеу Сейдімбеков бірде Алматының ағашы мол, саялы бір гүлзарында асыбай атып, дем алып отырыпты. Қағаз-қарындашын қолтықтап көше бойлап безектеп бара жатқан суретші Еркін Нұразханов оларды көреді де, сәлем бере кетейін деп, екі ағасына қарай бұрылыпты. Сәлемнен соң Ақселеу:
— Асеке, сіз бен біздің өзіміз біле бермейтін касиетімізді бадырайтып көрсетіп салып жүрген суретші інің осы болады,— дейді алақанындағы насыбайдың қалдығын қағып жатып.
Асқар Еркін інісін бұрыннан да жақсы таниды екен, ерінін орамалдың ұшымен бір іліп сүртіпті де:
— «Қасиетіміз» дегеніңе шүбәм бар, Ақселеу, осы Еркін біздің қасиетсіздігімізді бадырайтып көзімізге көрсетіп жүрген секілді,— деген екен.

***
Асқар Сүлейменов (1938-1992) жылдар бойы шығармашылық демалыста болып, үйде жұмыссыз отырған кісі екен. Содан кейінгі жылдардағы нарық шөміштен қыса бастаған соң, амалдың жоқтығынан 1991 жылы «Парасат» журналы редакциясына қызметке тұрыпты.
Бірде Асекеңнің өзі қатты сыйлайтын дарынды інісі Иранбек Оразбаев бір шаруамен «Парасат» журналының редакциясына бара қалады. «Сәлем бере кетейін» деп Асқардың есігін ашса — Асекең әлдебір мұңға батып, жағын таянып, терезеден сыртқа телміріп үнсіз отыр екен дейді. Бөлмесіне кіріп келген Иранбекке көңіл де аудармайды, біреу келді-ау деп бұрылып та қарамайды, терезеге телміріп отыра береді.
— Ау, Асеке, сізге не болған?— дейді Иранбек ағасының бұл отырысынан көңіліне секем алып.
— Ә, Иранбекпісің… Сен «Матросская тиши¬на» туралы бірдеңе білуші ме едің?— дейді Асқар.
— Мәскеудегі түрме ғой, әлгі «гэкэчепистер» қамалған…— дейді Иранбек.
Сонда Асқар бет орамалымен мұрнын бір сүртіпті де:
— Мынау кеңсенің жұмысы деген қолды байлап, еркіндіктен айырады екен. Мен де сол «Матросская тишинаның» темір торлы терезесіне тап болғандай күйзеліп жүрмін,— деп қаламдас інісіне мұңын шағыпты.

***
Ақын Берқайыр Аманшин (1924—1986) «Жұлдыз» журналының поэзия бөлімін басқарып отырған кезде ол кісіге Қабыкен Мұқышев (1920 – 1976) бір топ өлеңдерін апарады. Содан өлеңнің тағдырын Қабыкен де сұрамай, Берағаң да айтпай, арада жарты жылдай уақыт өтіп кетеді. Бірде көшеде екеуі оқыс ұшырасып қалады. Қабыкен табан астында:
— Әй, Берқайыр, Берқайыр,
Ағаң сенің ер Тайыр.
Өлеңімді баспасаң
Қайта өзіме бер, қайыр, — депті де, амандаспай да, қоштаспай да әрі қарай жүріп кетіпті.

***
Партизан-жазушы Қасым Қайсеновтің әкесі сексенінші жылдардың орта тұсында жүзге жетіп қайтыс болады. Бұл хабарды естіген соң Сырбай Мәуленов бәйбішесін ертіп, өзінің майдангер досы Қасекеңе, ол кісінің жұбайы Асылға көңіл айтуға үйлеріне барады. Есіктен кіре бере Қасымды құшақтап тұрып, Сырбайдың досына айтқан көңілі мынау екен:
— Жасады әкең бір өмір ғасырындай,
Жетпісте жетім қалған Қасымым-ай!
Жылама, жасыңды тый, балалар мен
Жұбайың аман болсын Асылыңдай!
***

Бір топ ақсақал, қарасақал қаламгерлер қазіргі қазақ тілінің жай-күйі төңірегінде пікірлесіп, әңгімелесіп отырады.
— Баяғыда залда екі-үш орыс отырса болды, баяндама да, жарыссөз де орысша өтуші еді,— дейді біреуі.
— Алла-ай десеңші, ондайда жарыссөзде қазақша сөйлесең — отырған жұрт қой қораға қасқыр кіріп кеткендей жақтырмай, осы ұлтшыл емес пе дегендей күдікпен қараушы еді ғой,— дейді келесі қаламгер де жағасын ұстап.
— Екі-үш орысың не… Залда жалғыз Иван Шухов отырса да шүлдірлеп орысша сөйлеуші едік қой,— дейді үшінші біреуі де оларды қостап.
Сонда партизан-жазушы Қасым Қайсенов:
— Иван Шухов түгілі, сол залда татар Машқар Гумеров отырса да тілімізді бұрап орысша сөйлеуші едік қой. Ал Гумеров жолдас татарша да емес, орысша да емес, қазақша жазатын жазушы емес пе еді!—деген екен.

***
Ұмытшақтық қасиет жазушы Дидахмет Әшімхановта да болса керек.
– ен қырыққа толғанға дейін сағат жоғалтқыш болдым, – дейді ол бірде қаламгер інілеріне сырын ашып.- Мынау дүние – қырыққа толған мерейтойда Сауытбек досымның сыйлаған сағаты еді. Содан бері бес жыл өтті, шүкіршілік, жоғалтқам жоқ.
– Қалайша?- деп сұрайды әуесқой інілері.
– Өйткені, бұл сағатты содан бері қолымнан әлі шешкем жоқ? – деп жауап беріпті Дидахмет.

Бір килограмм алмаға екі килограмм ақша сұрап отыр

Қалжыңбас Қалтай Мұхамеджанов жаңа жыл алдында өткізіліп жатқан әлдебір жиынға кешігіңкіреп келіпті. Бұл — 1991 жылдың желтоқсаны, яғни, нарықтық қатынастың қайда апарарын білмей ел дағдарып жүрген қиындау уақыт екен. Кешіккен Қалекеңнен:
— Иә, Қалтай, қайда жүрсің?— деп сұрайды құрдастары.
— Жолай көкбазарға соғам деп…
— Иә, көкбазарда не жаңалық бар екен?
— Ол жақта қандай жаңалық болушы еді,— дейді сонда Қалтай қолын нәумез сілтеп. — Бір кемпір бір килограмм алмаға екі килограмм ақша сұрап отыр.
Қалекеңнің дәл тауып айтқан жауабына отырған жұрт ду күліп жіберіпті.

***
Өмірден ертерек кеткен тамаша ақын Төленді Нұрмұхамедов (1936-1979) көп жыл бойы партия – совет саласында қызмет еткен ғой. Сол кісі Алматы облысы Талғар аудандық партия комитетінің хатшысы болып жүрген кезінде партиялық қызметті тастап, біржола шығармашылыққа бет бұруды ойлайды. Сөйтеді де, хатшылықты табыстап, Мәскеудің М. Горький атындағы Жоғары әдебиет курсынан бір-ақ шығады. Ол жақта екі жыл оқып, Алматыға келген соң қызмет табылмай, біраз уақыт жұмыссыз жүреді. Сонда Сырбай:
— Нұрмұхамедов Төленді,
Жазамын деп өлеңді
Хатшылықтан босанып,
Мәскеу жаққа жөнелді.
Барып, түсіп оқуға
Теорияға кенелді.
Қайтып келді — жұмыс жоқ,
Кездесті көп кедергі…
Оқу сонда не берді? . —
деген екен.

***
Сырбай Мәуленов «Қазақ әдебиетіне» екі рет бас редактор болғаны белгілі. Сол екінші жолы бас редактор болып бекіген соң, бірде Орталық Комитеттің кезекті Пленумына қатысады. Үзіліс кезінде Сырағаң бұрын Орталық Комитеттің секретары боп істеп, кейін орнынан түсіп қалған Нұрымбек Жанділдинді көреді. Бұрынғы үлкен бастық төңірегіне бір топ адам жинап, әңгімелесіп тұрғаннан кейін, Сырағаң байқамағансып былай қарай өте береді.
— Иә, Сырбай, сен «Қазақ әдебиетіне» қайтып барыпсың ғой? — деп Жанділдин өтіп бара жатқан Сырағаңды тоқтатыпты.
Сонда Сырағаң:
— Оныңыз рас… Мен қайтып баруын қайтып бардым ғой. Менің қайтып барған жолымды құдай тағала сізге де бермес пе екен?—депті.

***
Қазақ халқының талантты ақындарының бірі Төлеужан Ысмайыловтың (1932-1972) бірде «Социалистік Қазақстан» газетіне топтама өлеңдері шығады. Қуанышы қойнына симай, Төлеужан елпең қағып көшеде келе жатса — қарсы алдынан Сырбай Мәуленов кезігіпті.
— Оқыдың ба? Өлеңдерім қандай екен? — дейді Төлеужан Сырбайға.
Сонда Сырбай:
— Кешегі болдым ырза өлеңіңе,
Төлеужан, не берейін төлеуіне?
Басыңды бір сүңгітсем жарамай ма,
Тобылғы торы сыра шелегіне, —
депті де, қолынан ұстап сыраханаға қарай жетелей жөнеліпті.

Жүрегің – ыстық моншадай, көңіоің – мейманханадай

Халқымыздың даңқты ұлдарының бірі, Рейхстагқа ту тіккен батыр Рақымжан Қошқарбаев (1924-1985) әскерден аман-есен оралған соң, көп жыл бойы моншаның директоры, соңынан «Алматы» мейманханасының бастығы қызметтерін атқарған. Сол Рахаң бірде қаламгер достарының арасында отырған кезде:
— Осы сендер менің әскердегі өмірімді, Рейхстагқа ту тіккенімді тәптіштеп, оқырманды мезі етіп, қайта-қайта жаза бересіңдер. Жазғыш болсаңдар — менің содан кейінгі өмірімді неге жазбайсыңдар? Мәселен, мен қандай директормын, сол туралы пікір білдірсеңдер етті? — деп базына айтады.
Мұны естіп отырған ақын Сырбай Мәуленов сол арада суырылып сөз алып:
—Мейірің — нұры мол сарай,
Мінезің — бейғам баладай.
Жүрегің — ыстық моншадай,
Көңілің — мейманханадай, —
деп мақтап ала жөнеліпті.

***
Баяғыда ақын Қуандық Шаңғытбаев пен драматург Игорь Саввин киностудияда бірге қызмет жасапты. Екеуі үнемі бірге жүретін төс түйістірген достар екен. Бірде қаттырақ «тойлаңқырап» жіберіпті де, екінші күні бастары мең-зең, моншаға түсіп жазылмақ болады. Сүйекшідей сүйретіліп моншаға келген оларды сол жерде Сырбай Мәуленов көреді. Екі досқа жаны аши қарап тұрып, Сырағаңның моншада шығарған өлеңі мынау екен:
— Қуандық тауып Игорьді,
Моншаға әкеп күйдірді.
Қайта-қайта уқалап,
Жон терісін ій қылды.
Сыйлап салқын сырамен,
Тас тамырын идірді,
Арақ беріп артынан,
Ақыл-есін жидырды.

Жобаның жүргізушісі – жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқаров

(Жалғасы, басы газеттің №133-148 сандарында жарияланды. Жалғасы бар)

Осы айдарда

Back to top button