Өскемендегі айтыс қалай өтті?

Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайында «Алтайым – алтын бесігім» атты республикалық айтыс өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.

«Нұр Отан» партиясының құрылғанына 15 жол толуына орай еліміздің әр өңірінде өткізіліп келе жатқан жыр жәрмеңкесінің кезегі біздің облысқа да жетті. Өскемендіктер айтысқа сусап қалыпты. Залда ине шаншар орын болмады. Алты жұп ақын төрт сағат бойы көрерменнің құлақ құрышын қандырып, ымырасыз айтыс жасады. Төл өнеріміздің жанашыры Жүрсін Ерман жүргізген додаға Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаева, Мұхтар Ниязов, Серік Құсанбаев, Нұрлан Мұсаев, Серікзат Дүйсенғазин, Қайнар Алагөзов, Асхат Қылышбеков, Рауан Қайдаров, Манарбек Сатыбалды, Серік Қуанған, Аслан Ғафуров сынды ақындар қатысты. Олардың өнеріне Парламент Мәжілісінің депутаты, тіл жанашыры Оразгүл Асанғазы бастаған, белгілі сатирик Көпен Әмірбек, айтулы айтыскер, «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабеков, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың проректоры Бауыржан Ердембеков, Семейдегі жас ақындар мектебінің жетекшісі Дәмеш Омарова қостаған қазылар алқасы баға берді.

Алдын ала жеребе тарту арқылы жұпталған ақындардың арасынан семейлік Манарбек Сатыбалды мен павлодарлық Рауан Қайдаров бірінші болып сөз бастады. «Қол бастаудан сөз бастау қиын», дегенмен, жас ақындар бір-бірін өлеңмен қажап, тартысты айтыс жасауға тырысып бақты. Баянауылдық ақынның қарсыласына қадап айтқан уәждері уытты шығып жатса, семейлік жас бөрінің елдік пен бірлік жайында толғаған ойлары озық түсіп жатты. Қазылар алқасының шешімімен Павлодардан келген Рауан Қайдаров сәл-пәл басымдықпен жеңіске жетті.
Бұлардан кейін сахнаға айтыстың негізгі буын өкілдері шықты. Алматылық Асхат Қылышбеков пен ақтөбелік Қайнар Алагөзовтың айтысы астарлы әзілмен өрілді. Алайда, шаппа-шап сөз барымтасына түсіп, тақырыпты да тың ойлармен тұздықтай білген қос ақын қазылар тарапынан лайықты бағаланбағандай сезілді. Асхаттың өзге ақындарға қарағанда сөзінің кесек, жырының көркем шығумен қоса қазіргі таңда әлеуметтік желі арқылы жастарды аузына қаратып, тасадан тас ататын қоғамға іріткі салушылар туралы айтқан тың ойлары басқалардың аузына түсе қоймаған ұтымды ой ретінде есте қалды. Ал Қайнардың Шығыс жұртымен амандаса келе:
Армысың, «Нұр Отанның» мүшелері
Ақжол деп ат қоймайтын баласына, – деген сияқты ұтқыр ойлары халықты күлкіге қарық қылды.

Айтыстың жаңа есімі, Өскеменнің атынан шыққан Серік Қуанған астаналық Серікзат Дүйсенғазинмен терезесі тең айтыс көрсетті. Серікзаттың негізгі қарсыласы Кәрима Оралова Шымкенттен келе алмай қалуына байланысты Моңғолиядан келген студент Серік Қуанғанға тап болған. Ер шекіспей бекіспейтіні белгілі, әуел баста бір-біріне тіке келіп, сөзбен түйрескен ақындар айтыс соңында тіл табысып тарқады. Серіктің ағасына қаратып:
Азығың жолда жатқан мен емеспін
Азуың алты қарыс болсаңдағы, – деген өткір тіркестері көрерменнің делебесін қоздырды. Өз кезегінде Серікзат ағалығын көрсетіп, інісіне өнерде ақ жол тіледі.

Көптен бері айтыс сахнасынан көрінбей кеткен маңғыстаулық Нұрлан Мұсаевтың қамау терін Балғынбек Имашев алды. Кіммен шықса да, айтысты шоуға айналдырып жіберетін Балғынбек ақын бұл жолы да үйреншікті әдетінен танбады. Жастар арасында хитке айналған «Чип-чип» әніне басқанда айтысқа келелі ой мен кестелі тілден гөрі жеңіл әзіл іздеп келген жастар жағы шуласып-ақ қалды. Шоу-айтыста астаналық айтыскердің шоқтығы биік көрінгенімен Нұрлан Мұсаев та сахнаға бекер қайтып оралмағанын аңғартты. Әсіресе, көк байрақты белден төмен түсірмей, құрандай қастерлеу керектігі жайында айтқан ойы ел көңілінен шықты.

Өскемендік қос ақын Серік Құсанбаев пен Аслан Ғафуровтың сөз сайысы аға мен інінің сыйластығына құрылды. Тіпті, шабыт қысып, ширыққан тұста Аслан ақын:
Ағама қарсы салып қойғандары-ай
Аламан аңсап мұнда келгенімде, – деп інілік ізеттіліктен аса алмайтынын танытты. Алайда, бұл қос ақынның «Нұр Отан» партиясының ұлт руханиятына деген жанашырлығын, өңірдегі оң өзгерістерді жеріне жеткізіп айтуларына кедергі келтіре алмады.
Салиқалы сұхбат түрінде өткен бұл айтыста Серік Құсанбаевтың ұпай саны артық болды.
Сахнаға соңғы болып Айнұр Тұрсынбаева мен қызылордалық Мұхтар Ниязов шықты. Ең өрелі айтыс та осы екеуінікі болды.

Мұхтардың төл теңгеміздің мерейтойы қажетті деңгейде аталып өтпей жатқанын меңзеп:
-Теңгежан, айналайын, өкпелеме,
Менен тиер пайданы осы-ақ дер ем,
Қолыма осы айтыста көптеу түссең,
Туған күніңді өзім-ақ жасап берем, – деген әзілі сәтті шықты. Ал Айнұр Тұрсынбаева туған өлкесіне еркелей отырып, жырымен жерлестерінің мәртебесін асырып, көңілдерін марқайтты. Оның қазіргі айтыста орысшалап сөз қағыстыру белең алып бара жатқанына алаңдаушылық білдіруі де ақынға тән аңғарымпаздық ретінде қабылданды.

Қазылар алқасының жарты сағат бойы ақылдасып шығарған шешіміне сәйкес ақтық айналым өткізілмеді. Қазылар тарапынан бірыңғай ондық ұпай алған Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаева мен Мұхтар Ниязов бас жүлде мен бірінші орынды тиісінше бөлісті. Көрерменнің ерекше ықыласына бөлеген Балғынбек ақын бас жүлдеге тігілген екі миллион теңгені иеленсе, Айнұр мен Мұхтар бірінші және екінші орынның жүлделерін теңдей екіге, бір миллион, 250 мың теңгеден бөліп алды. Екінші орынды Нұрлан Мұсаев қанжығасына байлап, 750 мың теңгенің жүлдесін қалтаға басты. Осы айтыста Өскеменнің намысын абыроймен қорғап, өткірлік таныта білген Серік Қуанғанға Ақындар мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының 100 мың теңгелік арнайы сыйлығын табыстаған Жүрсін Ерман «Бұл өлкеден Серік Қуанған есімді болашағынан үміт күттірер үкілі жүйрік тауып бара жатырмын» деп ағынан жарылды. Бұлардан бөлек айтысқа қатысқан барлық ақынға 350 мың теңгеден сыйлық ұсынылды.
Айтыстың ортасында көрермен өтінішімен Бекболат Тілеухан ән салды. Осы айтыстың негізгі ұйымдастырушыларының бірі ретінде келген әнші Алтайдың халық әндерінен бастап Ақтамбердінің, Дулат
Бабатайұлының толғауларын нақышына келтіре орындап, ел көңілін серпілтіп тастады.
Айтыс қорытындысын жариялауға шыққан қазылар алқасы ел алдында ақтарыла сөйлеп, шараның шарапаты жайында лебіздерін білдірді. Қазылар алқасының төрайымы Оразгүл Асанғазы «Нұр Отанның» бұл бастамасы халықтың төл өнері арқылы ұлтты ұлы мақсаттарға ұйыстыру мақсатында қолға алынғанын жеткізді.
– Өсер ел тарихын тасқа жазады, өшер ел тарихын жаспен жазады. Тоныкөк бабамыз тасқа қашап қалдырған Мәңгілік ел болу өсиетін Президентіміз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ жалғастырып келеді. Ел жүрегі Астанадан Қазақстанның барлық өңірлеріне қарай жолдар салынбақ. Бұл – Мәңгілік ел болудың мұратынан туындаған жоспар. Ақындар бүгін соны кестелі жырымен жеткізіп бақты. Бүгінгі айтыс – кешегіден бөлек, ХХІ ғасырдың айтысы. Жастарды заманауи әзілімен айтысқа тартып жүрген Балғынбек Имашевқа бас жүлдені беруіміздің себебі – осы. Бұл Өскеменнің айтысқа қосқан жаңалығы деп білеміз. Облысқа жаңа басшы келгенін ақындар да жырға қосып жатыр. Жаңа ғана облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қазіргі әкімдеріңіз Үкімет басшысы болып тұрған кезінде Сұлтан Бейбарысқа қатысты мәдени мұраларды түгендеп, елге алдырғанын айтып өтті. Ал менің есімде Даниал АХМЕТОВ Премьер-Министр болып тұрған кезінде тұңғыш рет мемлекеттік тілді дамытуға екі миллиард теңге бөлгізгені қалыпты, – деді ол.
Осы айтысты ұйымдастырып, басы-қасында жүрген зиялы меймандарға облыс әкімдігінің атынан шапандар жабылды.
– Елбасының тың бастамаларын насихаттап жүрген еліміздің бас партиясы «Нұр Отан» ұлтымыздың руханиятына ерекше көңіл бөліп келеді. Соның бір айғағы – бүгінгі Өскеменде өткен дүбірлі айтыс. Бұл сөз сайысының облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТЫҢ қолдауымен өткізілгенін атап өткім келеді. Мұндай айтыстар облыста әлі жалғасын табатын болады. Жан-жақтан ел бірлігін жырлауға келген ақындарға, мәртебелі меймандарға шығысқазақстандықтар атынан алғыс айтамын, – деді Жақсылық Омар.
Есімжан Нақтыбайұлы