Білім

Бас жүлде Ажарға бұйырды

Бас жүлде Ажарға бұйырды


Қазіргі таңда қалың жұртшылық үштілділіктің маңызын жете түсініп келеді. Қазақ, ағылшын, орыс тілдерін еркін меңгеру – жарқын болашаққа жол ашатынын мойындағандай. Осы орайда облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйтқы болуымен үш тілді жетік білетін жастардың арасында «Тілдарын» атты облыстық олимпиада өтті. Оған облыстың аудан, қалаларындағы іріктеу байқауынан өткен 17-22 жас аралығындағы 12 жас қатысты.

Жыл сайын дәстүрге айналған олимпиада Астана қаласының 20 жылдығына арналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, олимпиаданың мақсаты – қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарды анықтап, қолдау көрсету, тілдік қарым-қатынас мәдениетін, көп тілді меңгерген тұлғаны қалыптастыру, қазақстандық патриотизмді нығайтып, өзге халықтардың мәдениеті мен тілін құрметтеу.

– Олимпиада негізінен ересек азаматтардың арасынан үштілді жетік меңгерген, бәсекеге қабілетті жастарды анықтауды мақсат етеді. Өзіңіз байқап отырған боларсыз, олимпиадаға әртүрлі санаттағы азаматтар қатысып жатыр. Олардың арасында студенттер де, мұғалімдер де, оқушылар мен жұмысшы жастар да бар. Ереже бойынша жас мөлшері 17 жастан жоғары жастар қатысатын болған соң, бұл байқауға оқушылар да ілініп отыр. Енді олимпиаданың негізгі ерекшелігіне тоқталатын болсам, мұнда қатысушылардың әр кезең бойынша тілді меңгеру деңгейі жеке-жеке бағаланады. Олар әр кезең бойынша эссе жазып, ілеспе аударма жасайды. Ілеспе аударма жасау дегеніңіз қазіргі күні өте өзекті болып отырған мәселелердің бірі болғандықтан, мұнда қатысушының сөздік қорына, өз ойын жеткізе білуіне ерекше мән берілді. Таңдалған тақырыптардың барлығы қатысушылардың құлақтарына жақсы таныс деп ойлаймыз. Өйткені биыл – мерейтойға толы жыл ғой. Сондықтан тақырыптарды таңдағанда, қазіргі қоғамда орын алып отырған өзекті мәселелерді, ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына қатысты дүниелерді таңдадық. Ал олардың бәрі күнделікті ақпарат құралдарында айтылып жатқан мәселелер, – дейді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Сәуле Қалиғазина.

Олимпиадаға қатысушылар үш кезең бойынша сайысқа түсті. Бірінші кезеңде үміткерлер қазақ тілінен тапсырмалар орындады. Олар «Қазақ әліпбиінің атасы – А.Байтұрсынұлына 145 жыл», «Ел ордасы – Астана қаласына 20 жыл», «Қаһарман есімі – ел есінде. Қ.Қайсеновтің туғанына 100 жыл», «Діни сауатсыздық – экстремизмнің бастауы» сынды, т.б. тақырыптар бойынша өз ойларын ортаға салып, қазақ тілін қаншалықты жетік меңгергендерін көрсетті. Бірі берілген тақырып бойынша еркін көсіліп, көл-көсір білім иесі екенін танытса, тағы біреулері, жасыратыны жоқ, тұсалған аттай кібіртіктеп қалып жатты. Десе де залдағы көзі ашық, сұңғыла көрермендер мен қазылар алқасының мүшелері мәреге кімнің бірінші келерін осы алғашқы кезеңнен-ақ тап басып, танып қойды. Осынау алғашқы кезеңде Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы факультетінің 2-курс студенті Ажар Әнуарбекова, Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Әзиза Өмірбекова, Ұлан ауданы Тарғын ауылындағы І.Айтықов атындағы мектеп балабақша кешенінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әділ Ануарбеков ерекше көзге түсті. Олар ағылшын тіліне арналған екінші кезеңде де, орыс тіліне арналған үшінші кезеңде де жаңағы жүрістерінен жаңылған жоқ. Үш тілде де берілген тақырыптың мазмұнын толық ашып, тілді жоғары деңгейде меңгергендерін дәлелдей алды. Кәсіби тіл мамандарынан құралған қазылар алқасы олардың үш тілде жазған эсселеріне де, мәтінге ілеспе аударма жасау дағдыларына да көңілдері толып, риза болды.

– Менің ойымша бүгінгі таңда үштілді білу өте маңызды. Үш тілді білетін оқушы келешекте өзге елдерде білімін жалғастыра алады. Қалалық немесе облыстық байқауларда ғана емес, халықаралық сайыстарға да қатысуға мүмкіндік алады. Назарбаев зияткерлік мектебінде үштілділік о бастан-ақ жүзеге асырылып келе жатқан жоба болғандықтан, біз қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгеруге үлкен мән береміз. Мысалы, қазіргі күні біз биология пәнін үш тілде оқып, меңгеріп жатырмыз, – дейді Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Әзиза Өмірбекова. Айтуынша, Әзиза тіпті қазақ және орыс тілдерінде өлең де жазады екен. Бірақ ол болашағын медицина саласымен байланыстырып, дәрігер болуды қалап отырған көрінеді.

– Мен Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы №5 мектепте білім алдым. Дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім ордасы болған соң, ол мектепте оқушылардың үш тілді жетік меңгеруіне үлкен көңіл бөлінді. Соның арқасында мен үш тілді жақсы білемін деп айта аламын, – дейді Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің қазақ филологиясы факультетінің 2-курс студенті Ажар Әнуарбекова. Ажардың ағылшын тілін үйренушілерге айтар кеңесі де бар. Ол тілді меңгеру үшін ең алдымен сол тілді жақсы меңгерген ұстазды таңдаған дұрыс деп санайды. Өйткені о баста грамматикасын дұрыс түсінбесең, ағылшын тілінде сөйлеу мүмкін емес. Сондай-ақ үйреніп жүрген тіліңде көбірек кітап оқу көп көмектесетін көрінеді.

Осылайша үш тілді жетік білетін жастардың арасында өткен «Тілдарын» облыстық олимпиадасының бас жүлдесін Ажар Әнуарбекова қанжығасына байлады. Енді ол республикалық кезеңде бақ сынайтын болады.

Мейрамтай Иманғали
Мақала облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың арнайы тапсырысымен әзірленді

Осы айдарда

Back to top button