Мәдениет

Бас қалаға былғары бұйымдарын апарады

Бас қалаға былғары бұйымдарын апарады


Былғары бұйымдардың шебері Наталья Кузьмина этностиль бағытына түрен салмақшы. Бұған дейін қазақ қолөнерінің тарихын табанды түрде зерделеген ісмер екі ғасырдан бері көмескі тартып қалған төл өнерге заманауи үлгіде тіл бітіргісі келетінін айтады.

Натальяның шеберлігіне тәнті болған «ЭКСПО-2017» көрмесінің ұйымдастырушылары оған Астана төрінде Шығыстың атынан шығуға мүмкіндік ұсыныпты. Бүкіл әлемнің озық ойлары жиналатын шарада жерлесіміз этностильдегі былғары бұйымдарын көрмеге қоймақшы. Сонымен қатар, шетелдік қонақтарға былғары мен қайыстан ұсақ аксесуарлар жасауды үйретіп, шеберлік сағаттарын өткізетін болады. Бір кезде жарнама бизнесінен нәпақа тауып жүрген кәсіпкердің аяқ астынан қолөнерге ден қоюының өз себебі бар екен.

Натальяның бір атасы Түркістан-Сібір теміржолын салуға атсалысқан инженер болса, бір атасы Семей өңіріне белгілі көпес болыпты. Сол ақсүйек бабаларынан Натальяға мирас ретінде жалғыз ісмашинесі қалыпты. Осы «Зингер» маркалы алман мәшинесінің арқасында Наталья жастайынан қолөнерге жуық болып өседі. Алматыдан библиограф мамандығын бітіріп келгенімен, лайықты жұмыс таба алмай, ақыры жарнама индустриясына араласады.

-Жұмыс кабинетіме өз қолымнан шыққан бұйымдарды іліп қоятынмын. Келген клиенттердің көзі әлгі бұйымдарға бірден түсетін. Кейбірі жай қызығушылық танытса, кейбірі салған жерден тапсырыс беретін болды. Кейініректе жарнама тапсырысынан бұйымдарға деген тапсырыс көбейе бастады. Өйткені, жарнамамен айналысатын мекемелер қаптап кеткен болатын. Осылайша, өзімнің бала кезден сүйген ісімді табыс көзіне айналдырдым, – дейді шебер.

Былғары – ешбір аллергиялық әсері жоқ, таза материал. Сондықтан былғары бұйым әрқашан жоғары бағаланған. Ал ол қолмен пішіліп, тігілген болса, бағасы еселеп артады. Бүгінде «Ханд мейд» стилі сән әлемінде дербес сала ретінде қалыптасып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Натальяның «ЭКСПО-2017» көрмесіне ұсынатын бұйымдары шетелдік қонақтарға аса қызықты болмақ.

Ісмердің шағын шеберханасына «Аврора» маркалы әмбебап тігін мәшинесі мен 20 түрлі қол ине, балға-төс, бірнеше тістеуік қойылыпты. «Аврораны» әмбебап деп отырғанымыз, шебер оны өзіне қажетті бөлшектермен жабдықтап, жетілдірген екен. Қозғалтқышын жапондық ісмәшинесінен алып салса, инесін 1,5 см. қалыңдықтағы былғарыны тесетіндей етіп орнатқан. Наталья негізінен Италиядан алдырған былғарылармен жұмыс істейді. Өте сирек кездесетін тапсырыстарда ғана қайысты өзі өңдеп қолданады.

Ол тапсырыс берушілердің жасы мен материалдық жағдайы әртүрлі екенін айтады. Белбеу, кілт салпыншақтары, партмане, тұмар, білезік, сөмке, кеудеше сынды былғарыдан тігілетін кез келген бұйымды Натальяның шеберханасы сапалы етіп дайындауға қауқарлы. Былғарының бетіне лазер сәулесімен өрнек салу, арнайы бояулармен сурет салу сияқты аса нәзік жұмыстар да Наталья үшін үйреншікті әуестікке айналған. Шебер соңғы кездері тұмарға деген сұраныстың артқанын айтады.

-Тұмарды көп адам дұға жазылған үшбұрыш қана деп ойлайды. Білсеңіз, бір тұмардың бойында бүкіл бір әулеттің энергиясы сақталады. Өйткені, кез келген адам өзіне қимаған жақсылықтың барлығын ұрпағына тілейді. Тұмарды да осындай ниетпен арнайы жасатады. Маған кейде тарихы жарты ғасырдан асатын тұмарлардың қабын жаңалату үшін келеді. Ондай тапсырыстарды иесімен бірге отырып жасаймын. Өзінің бойтұмарын өз қолымен жасағаны әлдеқайда пайдалы ғой, – дейді Н.Кузьмина.

Былғары өңдеудің білгірі қолдың тігісін ешбір технология, ешбір мәшине ауыстыра алмайтынын айтады. Осыны жақсы білетін кейбір тапсырыс берушілер бұйымның бастан-аяқ қолдан тігілгенін қалайтын көрінеді.

Наталья Астанадағы көрмеге «ЭКСПО» сериясымен жаңа бұйымдар сериясын дайындауда. Ондағы бұйымдардың барлығы этностильде болатынын айтады. Осы мақсатпен этнографиялық музей қызметкері Раиса Мұхамеджановадан көптеген кеңес алып жүр. Кез келген дизайндік жобасын сол кісіге қаратып, қазақ танымына қайшы келмейтініне көз жеткізгеннен кейін ғана былғарыға бедерлейтін көрінеді. Шебердің бұл мәселеге қатты көңіл бөлуінің астарында этностильдегі бұйымдарға сұраныстың күн санап артуы жатыр.

-Әзірге былғарыны Италиядан әкелтемін. Ондай сапалы материал Қазақстанды қойып, ТМД көлемінде жоқ. Ал бізде оған қажет шикізат босқа үйіліп жатыр. Кейде сол олқылықтың орнын неге өзімізге толтырмасқа деген ой келетіні бар. Бірақ ол алдағы уақыттың еншісінде. Алдымен «ЭКСПО-дан абыроймен оралу керек. Қазір жатсам да, тұрсам да ойлайтыным сол, – дейді Наталья шебер.

Есжан Ботақара

Осы айдарда

Back to top button