Барлық талап-тілек орындалады
Пандемияға байланысты оқушылардың денсаулығын ойлау, оларға дұрыс білім беру үшін көптеген іс-шаралар жүзеге асуда. Ауданның білім жүйесі талап етіліп отырған барлық нормаларды сақтап, оқушылардың сапалы білім алуына толық жағдай туғызып отыр.
Өңірде 46 орта, бес толық емес мектеп бар. Олардың 27-сі толық, қалғаны шағын комплектілі. Бұл мекемелерде 12408 оқушы білім алады. Биыл бірінші және төртінші сынып оқушыларының саны 4769-ға, бесінші және он бірінші сынып оқушылары 7643-ке жетіп отыр.
Ауданда қашықтан білім алатын 4827 оқушының 3550-і компьютермен қамтылса, компьютері жоқ 1177-сі смартфонмен білім алуда. Мектептерден 427 компьютер таратылды, сонымен қатар аудандық кәсіподақ ұйымы 10 ноутбук сатып алды, алдағы уақытта оқу қорынан үнемделген қаржыға 60 ноутбук сатылып алынбақ.
– Ұстаздарға қойылатын талап-міндеттер де көбейді. Дегенмен, балалар мектепке көтеріңкі көңіл-күймен келді, ата-аналардың да көзқарасы жақсы болды. Алдағы уақытта да талап етіліп отырған бағыттан таймай, барлық нормаларды сақтап, балаларға сапалы білім беруге күш саламыз. Біз облыстық білім басқармасына 3744 компьютерге сұраныс бердік. Бұл өтініш жуықта қанағаттандырылуы тиіс. Аз қамтылған 660 отбасыға уақытша пайдалануға 660 роутер беріліп, 4304 оқушы интернетпен қамтылды, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Сәуле Жүнісова.
Ауданның білім бөлімі коронавирустық инфекция таралуының алдын алу мақсатында жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты іс-шараны қашықтан өткізіп, Zoom, WhatsUpp байланыс құралдары арқылы 6327 оқушыны қамтыды. Сондай-ақ дәстүрлі түрде оқытатын мектептерде 1966, кезекші 1-4 сыныптарда 3942 жеткіншек іс-шараға қатысты, сынып сағаттары санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілді. Қашықтан оқитын сыныптар үшін сынып сағаттары байланыс құралдары арқылы ұйымдастырылды.
Сынып сағаттары Абайдың 175 жылдығы, әл-Фарабидің 1150, Ата Заңның 25 жылдығы тақырыптарында болды. Оқушыларға күнделікті оқу режимін сақтауға, жеке гигиена талаптарын ұстануға бағытталған түсіндіру жұмысы жүргізілді. Бірінші сыныпқа келген 1134 оқушы үшін есте қаларлық сценарийлер жасалды.
– Ата-аналар осы оқу жылына түсіністікпен қарауда. Маскалар мен антисептиктер бойынша еш мәселе туындаған жоқ. Бірақ ата-аналар балаларын қашықтан оқытуға ауыстыра алады. Егер баланың денсаулығы, созылмалы аурулары, иммунитеті әлсіресе, оны кезекші сыныпта оқыту қосымша қауіп болуы мүмкін.
Сондай-ақ балалары бірінші сыныпқа барған ата-аналармен әңгімеден аңғарғаным – қоғамның цифрлануы ересектерге арналған гаджет, смартфондар тілін меңгертетін жеңіл онлайн курстарды қажет етеді. Мемлекет басшысы Жолдауында қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда Үкіметтің жіберген қателіктеріне тоқталып, әлі күнге дейін нақты бір онлайн платформаның жоқтығын назарға алды. Президенттің бұл мәселені атап өтуі жалпы қоғамдағы цифрлық даму тетіктерінің көпшілікке қолжетімсіздігін көрсетсе керек, – дейді білім бөлімінің басшысы.
Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.