Барлық салада жоғары көрсеткіш қалыптасты
Өңірдің барлық жетекші салаларында өткен жылдармен салыстырғанда жоғары көрсеткіштер қалыптасып отыр. Әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау, индустриялық-инновациялық даму, туризм, кен өндіру және ауыл шаруашылығы салаларында ірі жобалар қолға алынған.
Бұл жөнінде селекторлық режимде өткен облыстық мәслихаттың кезекті ХХІІ сессиясында ағымдағы жылдың жеті айында аймақта атқарылған жұмыстарды саралап, өзіне жүктелген функциялар мен міндеттер жөнінде есеп берген облыс әкімі Даниал Ахметов мәлім етті. Есепті жиын тұрғындарға онлайн-режимде тікелей көрсетілді.
Биылғы жылдың басты оқиғасы Астананың 20 жылдық мерейтойы болғанын атаған облыс әкімі Шығыстан бас қаламызға заманауи әуенді субұрқақ тарту етілгенін, ол жер астаналықтардың тамаша демалыс орнына айналғанын, Астана Елбасымыздың сарабдал саясатының жемісі екенін жеткізді. Сондай-ақ, 20 жылдық аясында волейболдан әйелдер арасында өткен Азия чемпианаты да ел мерейін асырған маңызды ісшара болғанына тоқталды.
Облыс басшысы атап көрсеткендей, өткен жеті айда өндіру және қызмет көрсету көлемі өнеркәсіпте – 107,9, агроөнеркәсіптік кешенде – 103,6, құрылыста 136,6, саудада – 101,5%-ға өскен. Экспорттық әлеуетті күшейту үшін тауарлы- сүт фермаларын және мал бордақылау алаңдарын құру қарқынды жүргізілуде. Мәселен, 2015-2018 жылдар аралығында 28 тауарлы-сүт фермасы іске қосылып, 54 сүт қабылдау пункті ашылған, 439 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, оған 17 мыңға тарта адам тартылған.
– Еуропа қайта құру және даму банкімен бірлесіп, 298 млрд. теңгенің 101 жобасы әзірлеу және іске асыру сатысында тұр. Қазіргі кезде 70 млрд. теңгенің 12 келісімшартына қол қойылған. Облыс жасалған мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шарттарының саны жөнінен республикада бірінші орынға ие. 176 мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы мен концессиясы дайындық сатысында. 77 шарт іске асырылуда. Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасының» бірінші әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында тұрғын үй құрылысына ерекше көңіл бөлінуде. Жылдың соңында былтырға 108% өсіммен 410,5 мың шаршы метр үйді пайдалануға беру көзделіп отыр, – деген облыс басшысы студент жастарға қолайлы жағдай жасау үшін 4,6 мың орындық 11 жатақхана ашу жоспарланғанын атап көрсетті.
Сондай-ақ, өңірдегі ең маңызды ірі жобалар қатарындағы Ақтоғай КБК құрылысы аяқталып, мыс өндіру көлемі артып келеді. Бақыршық кен байыту комбинатының құрылысы іске қосылып, шілдеде алғашқы концентрат алынды. Жыл соңында Тұрғұсын ГЭС-1 жобасы да аяқталатын болады.
Үстіміздегі жылы автокөлік жолдарын жөндеуге барлық қаржы көздерінен 62 млрд. теңге бағытталса, оның 19,3 млрд. теңгесі облыстық және аудандық маңыздағы жолдарға бөлінген. Өскеменнің өзінде бұған дейін болмаған жөндеулер басталып, Сәтпаев даңғылы толық қайта жарақтандырылуда. Ертіс көпірі қолданысқа беріліп, сегіз жолақты жол түседі. Бұдан бөлек, Понтон көпірі мен Ахмер ауылы және Менавное мен Ахмер аралығындағы жол жөнделуде, 19 тұрғын аудан мен Алматы тасжолы арасын, Сәтпаев даңғылын Самар тас жолына жалғайтын жол салынуда. Бұл жобалар облыс орталығындағы көліктер жүктемесін барынша азайтпақ.
Өскемен және Семей қалаларынан Жалаңашкөл станциясына дейін теміржол қатынасы ашылды. Алакөлді абаттандыру жалғасын тауып, биыл бұған 2,9 млрд. теңге қарастырылған. Облысәкімі биыл шипалы көлде 450 мың адам демалғанын айтып, алдағы екі жылда бұл көрсеткіш 1 млн. адамға дейін жететінін жеткізді.
– Облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде 49 млн. теңгенің өңірлік 45 жобасы жүзеге асуда. Жуықта Тарбағатай жерінен табылған кезекті алтын адам біздің ата-бабаларымыз туралы қалыптасқан пікірді мүлдем өзгертіп, жаңа деректерді алға тартты. Археолог ғалымдар олардың геологияны, металмен жұмыс істеуді жоғары дәрежеде меңгергенін дәлелдеп берді. Білім саласында биыл Аягөз, Үржар, Тарбағатай аудандарында үш мектеп құрылысы бітеді. Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін енгізумен «Менің мектебім» жобасы аясында 277 IT-сыныбы ашылады. Ол үшін шілдеде 500 мұғалім біілімін жетілдірді. Үш тілділікті енгізу жобасы қарқынды жүргізілуде, – деген аймақ басшысы министрліктің қолдауымен Өскемендегі бірінші қалалық ауруханада елімізде бірегей әрі жалғыз роботтандырылған хирургия және трансплантология орталығы жұмыс істеп тұрғанын, ондағы дәрігерлер Италия мен Германияның жетекші клиникалары негізінде білім алғанын, бүгінде 50-ден астам емделушіге ота жасалғанын мәлім етті.
Даниал Ахметов сонымен қатар, аймақ тұрғындарын таза сумен қамтуға, түлектерді өзімізде қалдыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, «ақылды қала» жобасына да жеке-жеке тоқталды. Өз кезегінде депутаттар атқарылған шаруаларды бірауыздан қолдап, есепті мерзімде облыс басшысы тиімді де нәтижелі жұмыс істегенін атап көрсетті.
Дәурен Аллабергенұлы