Мәдениет

Барлық ұлт өкімдері бір дастарқан басына жиналды

Барлық  ұлт өкімдері бір дастарқан басына жиналды
Биыл Әз Наурыз мейрамы облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында жылдағыдан ерекше аталып өтті.
Қазақ халқының және облысымызда тұрып жатқан өзге де этностардың салт-дәстүрі мен мәдениетіне үлкен құрметпен қарауды мақсат тұтқан ізгі шараға этномәдени бірлестіктер жетекшілері мен белсенділері, шығармашылық ұжымдар, осындағы қоғамдық келісім, аналар кеңестерінің, жастар лигасының, журналистер клубының өкілдері және қала тұрғындары молынан жиналды.
Бұл күнгі мерекелік шараларды сахна төрінен аппақ қардай ұлттық киіммен көрінген, өзге ұлт өкілдерін өзімен бірге ерте шыққан Наурыз-ару өз құттықтауымен бастады.
– Мен бүгін Сіздерге көптен күткен көктем мерекесін алып келдім. Ыстық сәлеміммен жандарыңызды жылытып, бір-бірлеріңізді жақындастырып, шаттық сыйлауға келдім. Барлық отбасына бақыт, молшылық, жарқын күндер мен сәби күлкісін ала келдім. Ортақ үйіміз – Қазақстанда бірлік пен береке, тұрақтылық пен достық салтанат құра берсін. Наурыз мерекесі құтты болсын, – деген Наурыз-ару сахна төрінен халықтың арасына жақындап, қазақ халқының ұлттық тағамдарынан жиналғандарға дәм таттырды.
Белгілі әнші Гүлзада Хамитова «Наурыз» әнін нақышына келтіре әуелетсе, қазақы дәстүрмен әжелеріміз шашу шашып, ақсақалдарымыз бата берді.
Мұнан соң өңірдегі түрлі ұлт өкілдері ортақ дастархан басына жиналып, өздері бірігіп әзірлеген наурызкөжеден дәм татты. Өскемендіктерге беларустің дранигі мен бульбасы, украиндардың варенигі, шешеннің шелпегі, әзербайжанның долмасы, қазақтың дәмі тіл үйірген ыстық бауырсағы, қазы-қартасы тартылды бұл күні.
Осынау көктемнің жайма-шуақ күнінде бір-бірлерінен ақжарма тілектерін, достық ниеттерін аямаған түрлі ұлт өкілдері мерекелік шараны ары қарай ауқымды концерттік бағдарламамен, түрлі байқаулармен жалғастырып әкетті.
Ал Достық үйіндегі түрлі этномәдени бірлестіктер жетекшілері сахна төріне көтеріліп, Наурыз мерекесімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
– Наурыз – Қазақстанда тұратын барша ұлт өкілдеріне ортақ мейрам, – деді өзінің құттықтауында облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының директоры Эльдар Төлеубеков. – Бүгін Достық үйіне қарасты барлық этностар ұлттық киімдерімен келіп, ұлттық өнерлерін паш етуде, ұлттық тағамдарын әзірлеп әкеліп, мерекеге жиналған тұрғындарға дәм татыруда. Осының бәрі Наурыз мерекесінің алатын орны ерекше екендігін байқатады. Біздің облыста барша ұлт өкілдері бірлік пен бейбітшілікте өмір сүріп жатқандығын білдіреді.
Мұнан соң жиналғандарға «Улыбка», «Русская песня», «Атамұра», «Барвинок», «Азери», «Арарат» «Ақниет» ансамбльдері, «Майглекхен», «Инсаноре» вокалды топтары, басқа да өнер жұлдыздары Отан, туған жер, Қазақстан, Наурыз тақырыптарындағы ән мен жырдан, биден шашу шашса, мерекені ұйымдастырушылар би байқауын, «Наурыз-2017» викториналық ойынын өткізді. Жеңімпаздардың бәрі де арнайы сыйлықтармен марапатталды.
– Бүгінгі сайыстар әсіресе, би жарысы өте тартысты болды. Тіпті, қатысушылар алдын ала үлкен дайындықпен келген хореографиялық ансамбльдер сияқты. Белсенділік танытқандары үшін бәріне үлкен рақмет. Наурыз мерекесі құтты болсын, – дейді шараға «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы атынан қатысқан Равиль Юнусов.

Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button