Білім

Барлық бала оқуға баруы тиіс

Барлық бала оқуға баруы тиісМемлекет басшысының оқушылардың мектепке баруын толық қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында үстіміздегі жылдың 1-тамызынан 30-қыркүйегіне дейін биыл бесінші рет «Мектепке – жол» атты жалпыреспубликалық дәстүрлі акция өткізіледі. Ол біздің облыс аумағында да кеңінен өріс алмақ.

Биыл 16 мың бүлдіршін мектепке барады

Алайда, биылғы акцияның ұстанымы дәл бұрынғыдай болғанымен, атауы «Жақсылық жасауға асығайық!» деп аталады. Жалпы жұртқа түсініктірек болуы үшін нақтылап айта кетейік, бұл акцияның мақсаты – оқумен қамтылмай қалған оқушыларды анықтап, балалардың сабаққа еш себепсіз және түрлі әлеуметтік себептермен бармауының алдын алу, баланы мектепке дайындауға өзіндік көмек көрсететін шеф-қамқоршыларды күнкөрісі төмен отбасылары мен балаларға бекітіп, оқушыларды жаңа оқу жылына дайындауда көмек көрсету.

Өскемендегі ұлттық баспасөз орталығында журналистермен кездескен облыстық балалардың құқығын қорғау департаменті директорының орынбасары Альмира Тоқтарбекова мен облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Думанғазы Арғынғазин осы мәселелердің жүзеге асу барысын егжей-тегжейлі баяндады.

Биыл облыс көлеміндегі 718 мектеп табалдырығын 170 мыңға тарта бала аттайды деп күтілуде. Оның ішінде 16 мың бүлдіршін тұңғыш рет білім ошақтарына барып, парталарға отырады.

Ақ пен қара қатар жүретіні сияқты, өкінішке орай, біздің өңірде де ата-анасының аялы алақанының жылуына зәру ұл-қыздар жетіп-артылады. Атап айтсақ, тұл жетімдер мен әке-шеше қамқорлығынсыз қалған балалардың ұзын саны бүгінде 4074 болса, күнкөрісі төмен отбасыларында 34 мың бала тірлік кешуде. Ал 2343 бала мемлекет қамқорлығында тәрбиеленіп келеді екен. Осындай деректерді алға тартқан А.Тоқтарбекова жылт етпе жақсылық тұсты да атай кетті. Ол – жылы жүректі жандардың 96 баланы тағдыр тәлкегіне ұрындырмай, өз қалауларымен патронаттық тәрбиеге алуы.

Өткен жылы «Мектепке – жол» акциясы аясында барлық тұрғын жайларда, тіпті, фермалар мен елді мекендер сыртындағы саяжайларда жүргізілген рейдтік шаралар барысында сабақ оқудан қашып жүрген 23 бала оқуға тартылған көрінеді. Сөйтіп, акция барысында 23 мыңнан астам балаға 64 миллион теңгенің материалдық көмегі көрсетілген екен. Кездесуде бұл қомақты қаржының 28 миллион теңгесі демеушілер мен меценаттардың үлесі болғанын ерекше атап өтті Альмира Тоқтағазықызы.

– Биыл 10 тамыздан 10 қыркүйекке дейін республика көлемінде алғаш рет «Жолашар» атты акция да бастау алмақ, – деді осы тұста Думанғазы Семейғазыұлы. – Бұл акцияның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалардың мектепке баруына негізді жағдай туғызу. Орайы келіп тұрғанда елден көмегін аямайтын меценаттар мен кәсіпкерлерді аталған акцияға да белсене қатысуға шақырғым келеді.

Демеушілік жасап жүргендер баршылық

Ел келешегі – балаларға «Мектепке – жол» акциясы өтіп келе жатқан бес жыл көлемінде демеушілік жасап жүргендер көбеймесе, азаймаған екен. Мәселен, «Қазцинк», «Бипек-Авто», «Вита» кәсіпорындар тобы» мен «Просто Мария», «Иртыш металлинвест» ЖШС-лары, «Қазақтелеком», «Шем-азат» акционерлік қоғамдары, тіпті, Өскемендегі бірнеше сауда үйлері мен базарлары, сондай-ақ, аудандардағы әкімдіктердің қызметкерлері, тағы басқа да толып жатқан ұйым-мекемелер әр жаңа оқу жылы қарсаңында көмек қолдарын созады екен.

Сонымен қатар балалардың құқығын қорғау департаменті жақында оқу құралдары мен мектеп киімдерінің бағаларына арнайы мониторинг өткізген көрінеді. Оның қорытындысы Өскемен қаласындағы сауда нүктелерінен оқушы дәптерлерін 15 теңгеден, қаламсаптарды 10, күнделіктерді 200, ал түрлі-түсті қарындаштарды 85 теңгеден сәл жоғары бағаларға сатып алуға болатындығын көрсетсе керек. Ал төменгі және орта сынып жасындағы балалардың аяқкиімін 2500, жоғары сыныптықтардыкін сегіз мыңнан әрі қарайғы сомаға алу мүмкіндігі бар көрінеді.

Баспасөз мәслихатында журналистер тарапынан биылғы ҰБТ қорытындысы, мектептердің оңтайландырылуы және жаңа оқу жылына дайындығы, тағы басқа да мәселелер бойынша қойылған сұрақтарға толыққанды жауаптар қайтарылды. Кездесу соңында әр баланың мектептен қалмауына мүдделі ұйым, мекемелер басшылары мен жеке кәсіпкерлер және баласын мектепке дайындауда қиындық көріп отырған аз қамтылған отбасылар облыстық балалар құқығын қорғау департаментіндегі 26-46-36 телефонына хабарласу керектігі де ескертілді.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button