Руханият

Бар бақытын Қарағаш ауылынан тапты

Бар бақытын  Қарағаш ауылынан тапты

Аягөз ауданының Қарағаш ауылы – мыңға тарта тұрғыны бар елді мекен. Тарбағатайдың қойнауына орналасқан осынау өлкеде дүниеге келген Роза Романқызы Гутьярдың ата-анасы Ресейде нан өндірісін жолға қою жолында тағдырлары тәлкекке ұшырап, тарихи отанынан Донбассқа жер аударылады да, анасы Лидия Адамқызы төрт жасында бірге туған үш бауырымен қасиетті Аягөз жерінің дәмін татады.
Қарағаш ауылына шұбырып келген бөгде жандарды бауырына басып, бір үзім нанды бөлісіп жеген де осы өлкенің мейірімді жандары болатын.
Одан бері қаншама уақыт өтті десеңізші. Кешегі қаршадай қыз осы жерде бойжетіп, осы жерден Берікжан Қабиевтай өзінің өмірлік жарын тапты. Перзент сүйіп, ана атанды, немере сүйіп әже болу бақыты бұйырды. Бүгінде Ж.Жабаев атындағы орта мектептің директоры Роза Қабиева – ауданға ғана емес, облысқа танымал жан. Жуырда ғана «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» атты мерейтойлық медалімен марапатталған Роза Қабиеваны құттықтау үшін білім ордасына арнайы ат басын бұрған болатынбыз. Босағадан күлімдей қарсы алған көгілдір көзді, бойшаң келген аққұбаша жан өзін «Роза Романқызы Қабиева» деп таныстырды. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» деген, іздеген адамымыздың өзі қарсы алғанын жақсылыққа жорыдық.
– Шынымды айтсам, барлық саналы өмірім Аягөз жерінде өтіп келе жатқанын тағдырдың маған деген үлкен сыйы деп білемін. Өйткені, бақытты балалық шағым да, қырмызыдай құлпырған қыз күнім де осы өлкеде өтті. Осы жерде Диана, Руслан, Елжан атты үш бала тәрбиелеп өсіріп, олардан Жәнібек, Нұрәли, Әлижан атты үш немере сүйіп отырмыз, – дейді ол. -Аллаға шүкір, Айзере, Динарадай келіндерім алдымнан кесе-көлденең өтпейді. Ал мен туралы басқалардың айтқаны жөн шығар.
Шынында да, Қарағаш ауылдық округінің әкімі Талғат Сыздықаев Роза Романқызының адамгершілігі мен өзінің қызметіне деген адалдығын сөз етсе, Алма Байысова, Әсем Құнанбаева, Анар Сәбитқызы, Жанар Мұқашева, Жанар Қарабаева, Әлия Жастабанова сияқты ұстаздар оның еңбекқорлығымен елге сыйлы болып, білім саласының биік шыңына шыққандығын тілге тиек етеді. 1984 жылдан бері 37 оқушының үздік аттестатпен бітіруіне ықпал етіп отырған Роза Романқызы – Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі. Облыстық білім басқармасының, тілдер басқармасының, аудан әкімінің, аудандық білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталып келеді. Қоштасарда ол:
– Біздің қазақта “кіндік қаны тамған жер» деген тамаша түсінік бар ғой, – деді күлімдеп. – Мен үшін бұл өмірдегі алтын бесік, туған жер – Аягөз өңірі, Қарағаш ауылы. Туған жер алдындағы перзенттік парызымды өтеудің бір жолы оған қалтқысыз қызмет ету деп түсінген мен, Абай атамыз айтқандай, «ақырын жүріп, анық басатын», қызығы мен қиындығы қатар жүретін ұстаздық жолды өзімнің мамандығым ретінде таңдадым. Сондықтан да Қазақстанда қалдым, осы жерге дән болып егіліп, мәуелі бәйтеректей жайқалдым. Ақын айтқандай:
Қазақстан, жерің бай, ғажабың мың,
Ашықтығын тілеймін ажарыңның.
Арта берсін мерейі мен мәртебесі,
Ақ күн туып алдынан қазағымның, – деп тілегім келеді.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button