Тәуелсіздік - 30

Бақыт балалы үйге қонады

  Жадыраған көктем мерекесіне де санаулы күндер қалды. Әдетте бұл күні қоғамның түрлі саласында ерлермен қатар еңбек етіп, толағай табыстарға жетіп жүрген әйелдер қауымы жайлы жиі айтамыз. Алайда, мамандық игеріп, мансап қумаса да, Алланың берген балаларын дүниеге әкеліп, өсіріп, тәрбиелеп отырған көпбалалы аналардың да алар орны ерекше.

Ана мен бала – мемлекеттің қамқорлығында. Тәуелсіздіктің 30 жылында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың әл-ауқатын арттыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік шараларды жүзеге асырғаны белгілі. Әсіресе тұрмысы нашар және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету жөнінде ауқымды шаралар ұсынып, жүктелген міндеттер қазір ойдағыдай іске асырылып жатыр.

Өңіріміздегі көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан әлеуметтік қолдау шаралары жайлы айтып берген облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаевтың мәліметінше, былтыр облыстағы 11 мың отбасына 4,7 млрд. теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі көрсетілген. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларындағы бір жастан алты жасқа дейінгі 12 мың бала 835 млн. теңгенің азық-түлік және тұрмыстық заттар жиынтығынан тұратын кепілдендірілген әлеуметтік пакеттерімен қамтамасыз етілді.

Төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған баласы бар көпбалалы отбасылар отбасының табысын есепке алмай, әр балаға төрт айлық есептік көрсеткіш (11 112 теңге) есебінен ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алады. Былтыр 14,8 мың көпбалалы отбасы республикалық бюджет қаражатынан 7,4 млрд. теңге жәрдемақы алды. 48 мың оқушы мектеп формасымен және аяқ киіммен, тамақтандырумен қамтамасыз етілген. 4 мың баланың ата-анасы балабақша төлемінен босатылды.

Қазір өңірімізде барлығы 27 308 көпбалалы ана тұрады, оның ішінде: «Алтын алқа», «Күміс алқамен» наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған, ай сайын 17 780 теңге мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы төленетін 13330 көпбалалы ана бар. Жыл сайын 8 наурыз мерекесіне орай көпбалалы аналарға  біржолғы сыйақы беріледі. Сонымен қатар бес және одан да көп бала тапқан (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнеткерлікке шығуға құқылы.

Көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі кезең-кезеңмен шешілуде. Былтыр өңірлік бағдарлама аясында көпбалалы отбасыларына 1049 баспана берілді. Оның ішінде 336 отбасы ауылдарда жеке құрылыс салушылар салған үйлерге ие болды.

Мұқтаж отбасылардың баспанамен қамтылуын аймақ басшысы Даниал Ахметов жіті қадағалап, сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп отыр. Биыл барлық қаржыландыру көздері арқылы 560,8 мың шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарланып отыр.

Облыстағы «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басшысы Нәзигүл Аккулованың мәліметінше, «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында былтыр өңірдегі 133 отбасы баспаналы болды. Үй бағасының он пайызын құрайтын бастапқы жарна ретіндегі бір миллион теңгенің сертификатын жергілікті әкімдіктер берді. Табысы төмен отбасыларға ипотекалық несиені 2 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен беретін бұл тиімді бағдарлама биыл да жалғасатын болады.

Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шеңберінде 2 мың адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, 4,7 млрд. теңге 990 шағын несие берілген. Оның ішінде көпбалалы отбасыларына төрт пайызбен 124 шағын несие, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 864 қайтарымсыз грант берілді.

Отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған Гүлжамал Бершімбекова «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бастау-бизнес» жобасы бойынша онлайн оқып, 555 мың теңгенің қайтарымсыз грантын алды. Енді өзінің шағын сән студиясын ашпақ.

Осындай қайтарымсыз грантқа ие болған көпбалалы ана Арна Наурызова өзінің «Айзере» шеберханасында қолөнер ісін дөңгелетіп отыр. Берілген грант қаражатына тігін машиналары мен шеберханаға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған. Енді өзін ғана емес, басқа да көпбалалы аналарды жұмыспен қамтып отыр.

Көпбалалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Келесі кейіпкеріміз, Көкпекті ауданы, Құлынжон ауылдық округіне қарасты Көкжыра ауылында тұратын Райхан Есенбекқызы – он балаға жарық дүние сыйлаған алтын құрсақ ана. Райхан мен жұбайы Ерболат Құсайынов сегіз ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Балаларының үлкені Бақтыгүл 25 жаста, Семейдегі медициналық колледжді бітіріп, қазір наркологиялық ауруханада медбике болып еңбек етеді. Екінші ұлы Наурыз С.Аманжолов атындағы университеттің алғашқы курсында оқиды, болашақ ұстаз. Одан кейінгі алты бала мектептің даярлық тобында және 2, 4, 6, 8, 10-сыныптарда оқиды. Кенже қызы 4 жаста болса, ең кіші баласы – он айлық.

Жолдасы Самардағы «Мәмбет» шаруа қожалығында от жағушы болып еңбек етеді. Райханның айтуынша, шаруа қожалығы қыста көмір түсіріп береді де, жолдасының еңбекақысынан ұстап қалады.

Райханның өзі «Алтын алқа» иегері ретінде айына 18 мың теңге, кіші баласының бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты айына 24 мың теңге  алады. Жеті баланың әрқайсысына 11 мың теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған. Одан бөлек 57 мың теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі беріледі.

Райхан Талдықорған қаласындағы индустриалды-педагогикалық техникумды мұғалім мамандығы бойынша бітірген. Бірақ 1993-94 жылдары қысқарту болып, мамандығы бойынша жұмыс табылмағандықтан, Мәдениет үйінде көркемдік жетекші болып еңбек еткен.

Балаларының үлкені спортқа, өнерге жақын. Ұлдарының үлкені Наурыз 10, 11-сыныптарды Рыпакова атындағы спорт мектебінде оқыған. Әкесі сияқты ән айтады, домбыра шертеді. Мектеп жасындағы балалары да ән айтудан, ағылшын тілінен түрлі сайыстарға қатысып, жүлдемен оралып жүр. Бұл орайда көпбалалы ана балаларды талпындырып, түрлі жарыстарға дайындап жүрген Амангелді орта мектебінің басшысы Гаухар Бибосынова, оқу ісінің меңгерушісі Гүлжанат Жақашева, ұстаздары Назгүл Жүнісова мен Жұлдыз Барбосыноваға аналық алғысын жеткізді.

– Сонымен қатар балаларыма мемлекеттік жәрдемақы тағайындауға қажетті құжаттарды дер кезінде өткізуге көп көмегін тигізген әлеуметтік маман Салтанат Байжұменоваға алғысымды айтамын, – дейді көпбалалы ана.

Мектеп жасындағы балаларына жыл сайын мектеп формасы тегін беріледі, балалар асханада тегін тамақтанады. Райханның өзі балаларының тәрбиесімен ғана шектеліп отырған жоқ. Ауладағы бақшасына түрлі көкөністер егіп, балаларының көмегімен оларды күтіп-баптап, күзде жемістерін жинап алып, қысқа әртүрлі тосаптар мен салаттар дайындайды. Ересек балалары ата-анасына үй жинастыру, қар күреу сияқты жұмыстарға көмектесіп, кішілеріне қамқорлық жасайды.

– Ана атанып, ұрпақ тәрбиелеу менің міндетім болса да, мемлекет тарапынан «Алтын алқа» тағынып, құрметке бөленіп отырғаныма ризамын. Былтыр кенже ұлымды қалада босанғанда Өскемендегі дәрігерлер облыс бойынша соңғы он жылда он баланы дүниеге әкелген сіз ғана деген еді.

Осы уақытқа дейін ешкімнен көмек сұраған жоқпыз. Жанымда асқар тау әкем бар. Әкем болысып, ауылдан үш бөлмелі баспана алып берді. Ол да тарлық етеді. Ендігі бір тілегім – С.Аманжолов атындағы университеттің ақылы бөлімінде оқып жүрген ұлымды көпбалалы отбасынан шыққан бала ретінде жоғары оқу орнының басшылығы грантқа ауыстырып берсе деймін.

Кейбіреулер «Қазір 4-5 баламен үй алып жатыр, 10 баламен сен неге алмайсың?» деп айтады. Оған ойлаймын, 10-15 жылдап әкімдікте кезекте тұрғандар бар екен, соларға обал болмасын, жолдарын кеспейін деп. Құдай қаласа, енді әр екі жыл сайын балалардың үлкені студент атанады. Оларға пәтер жалдап беру қымбат. Сондықтан облыс басшылығы тарапынан студент баламның арендалық баспана алуына көмек жасалса, қуанар едім. Мереке қарсаңында өңірдегі барлық мейірбан аналарды Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтаймын! Өмірге әкелгеннен кейін балаларының қызығын көрсін. Көп баланы бағу оңай емес. Бірақ әр баланың өз несібесі бар. Тәуелсіздігіміз баянды болсын, балаларымыздың өмірі тыныш болсын, – деді Райхан Есенбекқызы.

    Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button