Қоғам

Банктер бизнесті несиелеуге белсенді атсалысуы тиіс

Банктер бизнесті несиелеуге белсенді атсалысуы тиіс

Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ банкирлермен кеңес өткізді.Еліміздегі екінші деңгейлі банктерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар аз емес. Басқасын айтпағанда, әртүрлі бағдарламаларға бағытталатын бюджеттің қыруар ақшасы осы қаржылық институттар арқылы игерілуде. Ендеше, соған сәйкес банктер де өздерінің міндеттерін дұрыс атқарумен қоса, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі секілді ізгі істерді де ұмытпағаны абзал. Аймақ басшысы осы жайды ерекше атап көрсетті.

Өңірдегі Ұлттық банктің және екінші деңгейлі банктер филиалдары директорларының, сондай-ақ, облыстық басқармалар басшыларының қатысуымен өткізілген жиында облыстың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін, агроөнеркәсіп кешені кәсіпкерлерін несиелендіру, ағымдағы жылдың он айындағы банктердің қызметі және басқа да мәселелер қаралды.

Ұлттық банктің облыстық филиалының директоры Марат Барлыбаевтың деректеріне сүйенсек, биылғы он айдың ішінде екінші деңгейлі банктермен барлығы 277,7 млрд. теңге көлемінде несие беріліпті. Мұның 154 миллиардтан астамы заңды тұлғалардың үлесіне тисе, 123,3 млрд. теңгесі – жеке тұлғалардың еншісінде. Айта кетейік, былтырғы он айда барлығы 200 млрд. теңгеге жуық несие берілген. Демек, өсім бар. Сол сияқты депозиттерге ақша сақтауда да өткен жылғымен салыстырғанда даму бар. Мәселен, былтырғы он айда депозиттегі валюта көлемі 159,1 млрд. теңгені құраса, биыл бұл 183,7 млрд теңгеге жетіп отыр. Республика бойынша біздің облыс депозиттегі ақша көлемі жағынан бесінші орында. Алайда, бір көңіл аударарлық жайт, кейінгі уақытта депозитке ақша салушылардың дені өзіміздің төл теңгемізді емес, шетелдік валютаны, яғни, АҚШ-тың долларын немесе Еуропаның еуросын қалайды. Айталық, жыл басынан бері теңгемен орналастырылған салымдардың өсімі бар-жоғы 7 пайызды құраса, шетелдік валютада бұл 27 пайызға жетіп жығылған. Арасы жер мен көктей. Неге? Ұлттық банк өкілінің пікірінше, ел ішінде гулеп жүрген «теңгенің девальвацияға ұшырауы (құнсыздану) мүмкін» деген қауесет салымшылардың тәуекелге бармай, теңгеден гөрі доллар мен еуроға көбірек бүйрек бұрып, сенім артуына әкеліп соғуда. Осыған орай облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Ұлттық банк филиалын халық арасында түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жүргізбейді деп сынға алды.

– Түсіндіру шараларын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ұдайы жүргізіп отыру керек. Осыған дейін не бір қалалық, не бір облыстық басылым беттерінде Ұлттық банк тарапынан теңге немесе доллар бағамдарының өсуіне қатысты жазылған қандай да бір ақпараттық мақсаттағы материалдарды байқамадым. Сол сияқты жұртшылықтың алдына шығып жағдайды түсіндіріп, толық мағлұматтар беруге тырысқан бір де бір банктің басшысын көрмедім. Бұл дұрыс емес, депозиттің өзі салымшылардың ақшасының арқасында жұмыс істейтіндіктен адамдармен үнемі байланыс орнатып, мән-жайды түсіндіріп отыру керек, – деді аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ.

Өкінішке қарай, банктер алдындағы тұтынушылардың мерзімі өткен берекшектері де көбейе түсіпті биыл. Нақты деректерге сенсек, ағымдағы он айда оның мөлшері 40 млрд. теңгеге (34% өскен) жуықтаған. Өз кезегінде аймақ басшысы мерзімі өткен қарыздардың үлесін азайту қажеттігін, оны бақылауға алмаса, ертеңгі күні өңірдегі кәсіпорындар мен өнеркәсіп орындарына, басқа да жұмыс көздеріне кесірін тигізетінін айтты.

Сонымен қатар өңір басшысы банктік төлем карталарын жаппай қолданысқа енгізу мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, көпшілік жұмыс берушілер адамдарға еңбекақыны төлем картасы арқылы емес, қолға беретіндіктен, зейнетақы жарналары мен салықтық төлемдер аударылмай, көлеңкеде қалады. Ал қазіргі еңбеккер ертеңгі зейнеткер екенін ескерсек, жасы жеткенде зейнетақыны қалай алады? Сондықтан банк қызметкерлері салық органдарымен бірлесе отырып, өңірде қанша адам төлем картасын пайдаланатынын, қаншасы айлық жалақыны «конвертпен» алатынын тексеруді мықтап қолға алуы керек.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Шәкәрім Бұқтұғұтовтың ұсынған мәліметтеріне сенсек, ағымдағы жыл басынан бері екінші деңгейлі банктермен өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға 45 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініпті. Ал «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағалы субсидиялау мен кепілдендіру мақсатында кәсіпкерлерден келіп түскен 270 өтінім мақұлданып, екінші деңгейлі банктердің өз қаражаты есебінен несиелерді субсидиялауға 61,4 млрд. теңге бөлінген. Оның ішінде несие мөлшерлемесін субсидиялауға Тұран Әлем банкі – 47, Қазақстанның халық банкі – 32, Цеснабанк 26 өтінімді мақұлдаған.

Тұтынушыларды несиелендіру мәселесінде көпшілік адамдар бетпе-бет келетін тағы бір түйткіл – несиелік кепілзат. Бүгінгі күні оның мөлшері алатын несие көлемінің 70-80 пайызын құрайды. Қарапайым тілмен түсіндірсек, кепілдікке қоятын мүліктің құны алатын несиенің 70%-нан кем түспеуі керек. Егер қарыз алушының несие тарихы дұрыс болмаса, кепілзаттың құны екі есеге дейін өседі екен. Бұл шарт несие алуға ниетті көпшілік адамдардың қолын байлап отырғанға ұқсайды.

Сондай-ақ, жиын барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селиханов баяндама жасады. Оның айтуынша, 2012 жылы аграрлық секторда барлығы 920 млн. теңгенің 4 жобасы іске асырылған болса, биыл 6 млрд. теңгеге 9 жоба қолданысқа енген. Бүгінде «Агробизнес – 2020» бағдарламасы бойынша барлық шеберлік-жоспарлары құрылып, Үкіметке бекітуге жіберілген. Алдағы уақытта Үкімет қаулысы шыққан соң, ауылшаруашылық секторындағы кез келген ғимарат (мемлекеттік сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттамасы бар) құрылысы мемлекет тарапынан 30 пайыз мөлшерінде субсидияланатын болады. Ал технологиялық қондырғылар 50 пайызға дейін субсидияланбақ. Бұл нені білдіреді? Бұл – екінші деңгейлі банктердің тәуекелі азаяды деген сөз. Ауыл шаруашылығы саласына берілетін несиенің жартысына жуығы мемлекетпен субсидияланады. Кәсіпкерлікті мемлекет тарапынан қолдау бағытында істеліп жатқан мұндай іс-шаралар бірінші кезекте екінші деңгейлі банктерге қолайлы екенін айтады ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы. Сондықтан осы мүмкіндікті мүлт жіберіп алмау үшін банктер де тұтынушыларға түсіністікпен қарап, бизнесті несиелеуге белсенді атсалысқандары абзал.

– Банктер ең алдымен экономикаға жұмыс істеуі керек. Сонымен қатар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де естен шығармаған дұрыс. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды патронаттық тәрбиеге, қамқорлыққа алып, қайырымдылық көрсетуден банктердің табысы азайып қалмайды. Байқап отырсам, Халық банкінен басқалары мұндай қадамдарға бара қоймаған секілді, – деп түйген облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ қаржылық институттардың өкілдеріне бұл бағыттағы жұмысты келешекте ширата түсуді тапсырды.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button