Заң талабы

Банкроттық туралы біле жүріңіз

Халық арасында қарызға батқандардың қарасы көбейген. Банк пен микронесие берушілердің бұғауына түскендердің саны күн сайын қосылып  келеді. Бұл мәселені біржақты етуді көздеген ел үкіметі осы жылдың 3 наурызынан бастап жеке қарызға батқан тұрғындардың өзін банкрот деп жариялауына мүмкіндік беріп отыр.

Банкроттық жариялап, бірден қарыздан құтылып, мәселені шешіп алам деп ойласаңыз, қателесесіз. Банкроттық жариялаудың да өзіндік талаптары мен бекітілген заңдылығы бар. Осы мәселенің түйінін шешуге арналған «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң бар. Бұл заң қол қойған соң 60 күннен кейін барып күшіне енбек. Оған дейін аталған заңның кімге тиімді екенін біліп алғанымыз абзал. Банкроттық туралы рәсімнің 3 түрі бар – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Борышкермен келісіле отырып осындай үш түрлі банкроттық жарияланады.

Соттан тыс банкроттықты қолданудың өзіндік талаптары мен шарттары бар. Жеке тұлғаның банк, микроқаржы ұйымы және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарызы 1 600 АЕК-тен аспаған жағдайда ғана соттан тыс банкроттық қолданылады. Онда да шарттар мен талаптар сақталуы керек. Борышкердің атында мүлкі болмауы және өтініш берген күнге дейін 12 айдан 5 жылға дейін қарызын төлей алмағандығы расталуы қажет. Сондай-ақ 18 айдан аспайтын мерзімде борышкерге қатысты несие шарты бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу жөніндегі рәсімдер жүргізілген болуы керек. Борышкер 7 жыл көлемінде банкроттық жарияламаған болуы шарт. Міне, осы талаптарға сай келген жағдайда борышкерге соттан тыс банкроттық қолданылады.

Ал сот арқылы банкроттықты қолданудың да нақты талаптары көрсетілген. Бұл мүмкіндікті қарызының көлемі 1 600 АЕК-тен асып кеткен жеке тұлғалар қолдана алады. Әуелі борышкердің атына тіркелген барлық мүлкі сатылады. Десе де борышкердің баспанасын кепілде болған жағдайда ғана қарыз беруші тарап ала алатыны көрсетілген. Бұл рәсімді арнайы белгіленген қаржы басқарушылары ғана жүзеге асыра алады. Олардың қатарында заңды тұлғалардың және дара кәсіпкерлердің банкроттығы рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң бойынша кеңесшілер, аудиторлар бар. Аталған заңды тұлғалар іс барысын әлеуметтік осал топтағы адамдарға заң негізінде тегін қызмет қылады. Айта кету керек, қаржы басқарушыларының тізімі қаржы министрлігінің сайтында жарияланған.

Борышкерді тығырықтан шығарудың келесі тетігі – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Бұл рәсімді тұрақты кірісі бар борышкер тұлғалар қолдана алады. Олар қарызын 5 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігіне ие бола алады. Мүмкіндікті пайдаланудың жалғыз шарты – қарыз көлемі  борышкер мүлкінің құнынан аспауы керек. Бұл мүмкіндіктің тетігі ретінде мүліктің бір бөлігін сату, мүлікті жалға беру, жаңа үй сатып алу арқылы тұрғын үйді сату, құны төмен тұрғын үйге айырбастау секілді шаралар қарастырылған.

Алайда адамдар банкроттық жариялаудың соңында шектеулер бар екенін ұмытпағаны жөн. Өзін банкрот деп жариялаған жеке тұлғалалар 5 жыл көлемінде қарыз және микронесие ала алмайды. Сондай-ақ 7 жыл ішінде өзіне қайта банкроттық жариялау мүмкіндігі шектеледі. Ал 3 жыл көлемінде қаржылық жағдайына арнайы мониторинг жүргізіліп отырады. Осындай талаптар мен шарттарды ескере отырып, кез келген борышкер 3 наурыздан бастап банкроттыққа өтініш бере алады.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button