Бұған дейін 50-60 көлікті «барымталапты»
Өскеменде жуықта 18 жасар қылмыскер қолға түсті. Оның ерекше хоббиі бар болып шықты. Аулаларда қаңтарылып тұрған көліктердің терезесін бұзып, машинаны мініп кету оның сүйікті ісі екен.
Полиция бөлімшесіне бір күнде төрт дабыл түседі. Алдымен Алматы көшесінен «Мазда 626», бірер сағаттан кейін Тәуелсіздік даңғылының бойындағы №83/1 және 83/3 үйлердің ауласынан екі бірдей ВАЗ көліктері жоғалады. Түстен кейін осы көшенің бойынан тағы бір ВАЗ-21114 автомобилінің ұшты-күйлі жоғалғаны туралы ақпар жетеді. Алайда, автокөліктердің барлығы жуық маңнан терезелері сынған күйінде табылған.
– Темір тұлпарларға жасалған мұншама «барымтаның» авторы кім екенін оның «қолтаңбасынан» бірден білдік, қылмыскер құрықталды, – дейді қалалық жол полициясы бөлімінің басшысы Владимир Попов.
Полицейлер оны бұрыннан таниды екен. 18-ге жаңа толған жас жігіт бұл іспен бала кезінен айналысатын көрінеді. Заң өкілдерінің айтуынша, бұл баланың бойындағы ауру немесе аулада тұрған көлікті айдап кетуге деген ессіз құмарлық екен. Оның жасаған қылмыстарының бір-бірінен еш айырмасы жоқ, алдымен дабыл орнатылмаған көлікті таңдап алады, оның терезесін сындырып, көлікпен жанармайы таусылғанша қыдырады, кейін машинаны сол аулаға жақын маңға әкеліп тастап кетеді. Көлік ішінде ақша болса алып, магнитолаға немесе басқа заттарға тиіспейді екен.
Бала кезінен машина айдап кетуді сүйікті хоббиіне айналдырған жасөспірімді Белоусовка кентіндегі арнайы мектеп-интернатқа да жіберіпті, бірақ одан да еш нәтиже шықпаған, оның бүгінгі күнге дейін айдап кеткен машиналарының саны 50-60-тан асып жығылады екен. Енді кәмелеттік жасқа толған қылмыскер бас бостандығынан айырылады.