Балықшы жігіт ерлік жасады
Күршім ауданы, Ақсуат ауылындағы «Алтын алқа» иегері Гүлсім Жақиянова әжейдің үйі түгі қалмай жанып кетті.
№40 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, капитан Ерлан Қаматаевтың айтуынша, өрт әбден тозығы жеткен электр өткізгіштерінің тұйықталуы салдарынан шыққан. Үйде жасы сексенді алқымдаған кейуана мен оның кішкентай екі немересі болған. Гүлсім әжей үйдің іші түтінге тола бастаған сәтте бір немересін сыртқа алып шығады, ал үш жасар Жанар лапылдай жөнелген үйдің ішінде қала берген. Үйде отыны толық газ баллоны бар екенін білген ақсуаттықтардың ешқайсысы өрт ішіне енуге тәуекел ете алмайды.
Осы кезде ауылда балық аулап, кәсіп қылып жүрген Топтерек ауылының 40 жастағы тұрғыны Серік Аршабаев үстіне екі шелек су құйдырып алып, қызыл жалынға қойып кетеді. Екінші мәрте кіргенде қорыққаннан төсек астына тығылған кішкентай қызды тауып, сыртқа алып шығады. «Осыдан кейінгі көрініс тура кинодағыдай болды» деп еске алады куәгерлер. Сәби құтқарылған мезетте-ақ баллон жарылып, үйдің төбесі ортасына түскен.