Балғын әншілердің өнерін Мақпал Исабекова бағалады
Жас дарындардың талантын ұштайтын «Бала дауысы» ұлттық ән байқауының аймақтық кастингі кеше өз мәресіне жетті. «Жандану әлемі» қорының басшысы Әлия Назарбаеваның идеясымен елімізде тұңғыш рет өткізіліп отырған байқауда Шығыс өңірінің түкпір-түкпірінен келген жүзге тарта өнерлі балалар бақтарын сынады. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған ән байқауының ресми әріптесі – Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті қоры екенін айта кетейік.
21 мамырдан бастап қазақстандық жұлдыздардан, белгілі музыкалық продюсерлерден, режиссерлерден тұратын үлкен шығармашылық топ елді аралап, ең үздік орындаушыларды анықтауда. Әли Оқапов, Жанар Дұғалова, Маржан Арапбаева және басқа да 13 тәлімгер өңірлерден жас таланттарды іздеуде. Облысымыздағы ең үздік вокалшыны таңдайтын жұлдызды тәлімгер – танымал эстрада жұлдызы Мақпал Исабекова болды. Қазылар алқасының құрамындағы әнші және музыкалық продюсер Фарида Ниязова мен белгілі сазгер Ғалымбек Исмбергенов жас өнерпаздардың талантын сарапқа салды.
7-13 жас аралығындағы жас өнерпаздар кез келген тілдегі екі ән, қазақстандық және әлемдік хит әндерді, кейбірі халық әндерін орындады. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дегендей, әрине, байқау болған соң қуаныштың көз жасымен қатар келесі турға өте алмай қалған балалардың өкпе-назы да болды. Өскеменге келген жұлдызды тәлімгер Мақпал Исабекова: – Мұндай байқаулардың жас өнерпаздар үшін маңызы зор. Бұрын біздің бала кезімізде «Әнші балапан» байқауы ғана болды. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, баланың талантын неғұрлым ертерек байқап, ұштаған дұрыс. Мәселен, жеті жасынан бастап вокалмен мықтап айналысса, жиырма жасында одан нағыз кәсіби әнші шығары сөзсіз. Жас дарындарды анықтайтын бұл байқауға қазылық етіп, өз үлесімді қосып жүргеніме өте қуаныштымын. Орындаушылар, әрине, өте көп. Дегенмен, кезінде «Суперстар» жобасында қазылық еткен марқұм Батырхан Шукенов айтқандай, біз әнді жай орындап қана қоймай, өзінің энергетикасымен көрермендерін баурап алатын шын таланттарды іздейміз, – деп өнерпаздарға сәттілік тіледі.
– «Бала дауысы» – еліміздің барлық облыс орталықтарына арнайы
барып, таланттарды іздейтін жалғыз байқау. Біздің негізгі мақсатымыз – балалар шығармашылығын дамыту. Әр аймақтан суырылып шыққан жеңімпаздарға арнап жаңа әндер жазамыз,-дейді байқауды ұйымдастырушы «Жандану әлемі» қорының басқарма төрағасы Мұрат Исаханов. – Барлық өңірлерде кастингтер аяқталған соң, 16 аймақтық жартылай финалға қатысушы тамыз айында Алматыдағы Жазғы музыка мектебінде екі апта бойы тәлім алады. Бұл жерде балалар сольфеджио, хореография, әртістік шеберлік сияқты бағыттар бойынша білімдерін шыңдап, атақты әртістерден шеберлік кластарын алады. Жаңа әндер үйреніп, оларды күзде Астанада финал кезінде орындайды. Жартылай финалға жолдама алған қатысушыларға арнап 16 жаңа ән жазылып, олардың дискілері республиканың балабақшалары мен мектептеріне тегін жолданады. Барлық аймақтық музыка және ән пәнінің мұғалімдеріне «7-12 жастағы балаларды вокалдық тәрбиелеу теориясы мен тәжірибесі» атты лекциялық курсын сыйға тартады. Бұл курстың авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова.
Айжанат Бақытқызы