Балғын хоккейшілердің өліміне кім кінәлі?
Желтоқсанның үші күні Семей – Өскемен бағытындағы тасжолда екі жеткіншектің өрімдей өмірін қиған қайғылы апат болды. Екі шетелдік көліктің соқтығысынан 11 және 13 жасар екі бала тіл тартпай кеткен.
Облыс орталығында хоккейден 2002 жылы дүниеге келген балалар арасында өтетін ел чемпионатына қатысу үшін жолға шыққан семейлік «Локомотив» командасы ойда жоқта орны толмас қазаға тап болды. Өскеменге жете бере, Таврия ауылының аумағында команданың төрт ойыншысы отырған автокөлік қарсы келе жатқан мәшінемен соқтығысқан. Тойота көлігінің артында команданың басқа мүшелері отырған «ГАЗель» автобусы келе жатқан. Ондағы жолаушылардың барлығы дін-аман. Ал жеңіл көлікте отырған Тимур Ахметов пен Әлішер Оразғалиев оқиға орнында көз жұмса, Владимир Ефремов пен Әкежан Меңтаев ауруханаға жөнелтілген. Апатты көзімен көргендердің айтуынша, олардың жағдайы аса ауыр болғанға ұқсайды.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі көлік апатына байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Қолайсыз ауа райының кесірінен тасжолдағы көріністің нашарлауы апаттың негізгі себептерінің бірі ретінде қарастырылуда. Бұдан басқа да себептер болжану үстінде.
– Алдын ала болжам бойынша «Toyota Camry» автокөлігі жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, Өскемен қаласы жақтан келе жатқан «Mitsubishi Pajero» көлігіне соғылған, – дейді облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз-хатшысы Бақытжан Торғаев. – Әртүрлі болжамдар бар. Алайда нақты себебі мен тексеру қорытындылары тағайындалған сараптама жұмыстары аяқталған кезде ғана белгілі болады.
Желтоқсанның төртінде ұлттық баспасөз клубының облыстық филиалында осы оқиғаға байланысты баспасөз мәслихаты өтті. Оған облыстық автомобиль жолдары департаментінің директоры Сайранбек Бармақов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Мақсұт Исахов, «Қазавтожол» РМК облыстық филиалының директоры Серік Ақтанов, облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Әбіл Дөңбаев және денсаулық сақтау саласының мамандары мен чемпионатты ұйымдастырушылар қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Баспасөз мәслихатында апатқа ауа райының қолайсыздығынан бөлек адами фактордың әсер етуі мүмкін екені де айтылып, аталмыш бағыттағы жолдың сапасы, жарысқа қатысушы балаларды жол полициясы қызметкерлерінің жетелеп жүру қажеттігі сынды оқиғаның басқа да себептері қарастырылды.
Қазақстан хоккей федерациясы өзінің сайтында қаза тапқан және зардап шеккен жас хоккейшілердің отбасыларына көмек көрсету үшін реквизиттерді жариялады.
Ал өмір үшін жанталасып жатқан хоккейшілерге компьютерлік томография жасалды, барлық қажетті зерттеулер жүргізілді. Оларға бас сүйегі мен мидың жарақаты, субарахноидалды қан кету сынды бірнеше диагноз қойылуда. Қайғылы оқиғаға байланысты «Локомотив» командасы чемпионатқа әрі қарай қатысудан бас тартты.