Агросектор

Балық өсіру табысты кәсіпке айналды

Азамат Темірбеков

 Шығыста негізгі назар балықтың үш тұқымын өсіруге аударылмақ. Бұл туралы өңірдегі балық шаруашылығын дамыту мәселесі бойынша өткен баспасөз мәслихаты барысында айтылды.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Арман Есентаевтың айтуынша, қазіргі уақытта аймақтағы аквашаруашылық саласының өкілдері негізінен тауарлы балық өсіруге ден қойған.

– Тауарлы балық өсіруді дамыту мақсатында 2021 жылы Үкімет қаулысымен «Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы» бекітілген болатын, – дейді ол. – 2030 жылға қарай облыс бойынша жыл сайын 9 774 тонна тауарлы балық алу жоспарланған, оның ішінде 8 578 тоннасы албырт, 1 151 тоннасы тұқы және 45 тоннасы бекіре тұқымдас балық түрлері болмақ.

  Осылайша, негізгі назарды көл байлығының үш түріне аударуды жөн көрген өңірдегі акваөсірушілер жақын болашақта аталмыш істің көл-көсір табыс әкелетініне сенімдері мол. Оның айтуынша, албырт тұқымды балықтарды өсірудің межеленген көлеміне қол жеткізудің бірнеше жолы бар. Оның бірі  –  бүгінде жұмыс істеп тұрған «ШығысУниверсал» және «ГрандФиш» сынды форель өсіретін қос шаруашылықтың өндірісін кеңейту болса, екіншісі  –  Бұқтырма су қоймасының таулық бөлігіндегі жеті резервтік учаскені жалға беру.    

Ал тұқы тұқымдас балықтарды өсіру 19 көл және бір тоған шаруашылығының жобалық қуатына қол жеткізу арқылы жолға қойылса, бекіре тұқымдас балықтарды көбейту бүгінгі күні  жұмыс істеп тұрған «OstFish» өнеркәсіптік бекіре өсіру зауытының есебінен жасалмақ.

– Былтыр тауарлы балық өсіру көлемі толықтай орындалып, 1491 тонна балық өсірілсе, оның ішінде албырт тұқымды балықтар  1322 тонна, тұқы 148 тонна  және бекіре 21 тоннаны құрады. Биыл 2846 тонна тауарлы балық алу жоспарланған, – деп қосты Арман Есентаев.

Тауарлық өсірудің негізін балық азығы мен балық шабақтарының болуы құрайтынын алға тартқан ол 2030 жылға қарай жемге деген қажеттілік балықты азықтандыру нормаларын сақтаған жағдайда шамамен 15 мың тоннаны құрайтынын атап өтті. Қазіргі уақытта Алматыдан албырт және бекіре тұқымдас балықтардың импорттық азығын жеткізу жолға қойылды. Сонымен қатар жергілікті Өскемен ұн тарту зауыты тұқы балығының азығын дайындауды қолға алып, биыл өндіріс көлемін 100 тоннаға жеткізуді жоспарлады.

2030 жылға қарай балық шабақтарына деген қажеттілік 16 млн дананы құрайтын көрінеді. Бүгінде бұл іске атсалысып жатқан Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы 6,3 млн дана тұқы тұқымдас балықтардың шабақтарын өсірген. Ал форель шабақтары мен ұрықтандырылған уылдырығы Польша мен Алматыдан әкелінуде. Форель балығын өсіруді мықтап қолға алған «ШығысУниверсал» шаруашылығы жыл сайын өзінің  инкубациялық цехында бір миллион ұрықтандырылған уылдырықтан балық өсіруді жолға қойып,  биыл 500 мың форель шабақтарын өсірді. Осы іске ден қойған «ГрандФиш» балық шаруашылығы да 600 мың ұрықтандырылған уылдырық әкеліп, одан 400 мың форель шабағын өсірді.

Балық шаруашылығын дамытуда мемлекеттік қолдау ауадай қажет. Өйткені бүгінде аяғына қайтадан қаз тұрып келе жатқан саланы жан-жақты қолдамаса, оның берер нәтижесі біраз жылға кешеуілдеп қалуы әбден мүмкін. Сол себепті, бүгінде балық шаруашылығы саласын дамытуда өте қажет тетіктердің бірі – субсидиялау екені рас. Кез келген балық шаруашылығының осы бағытта құйған өз қаражаттарының бір бөлігін мемлекеттің өтеп беруі кәсіпкерге көрсетілетін үлкен көмек екені белгілі.

  – Акваөсіру нысандары шеккен шығындарының бір бөлігін өтеу үшін биылға 547  миллион теңге субсидия бөлінді, – дейді Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Талғат Рахымжанов. – Былтырдан бері акваөсіру саласындағы мемлекеттік қолдау тізбесі жергілікті бюджет есебінен өтелетін субсидиялардың бес түріне дейін кеңейтілді. Атап айтсақ, балық азығы, дәрі-дәрмек және балық өсіру материалдарын сатып алу, балық өсірудің биологиялық негіздемесін әзірлеу, балық басын толықтыратын аналық балық үйірін күтіп-баптау сияқты бағыттар субсидияланатын болды. Осыған байланысты жергілікті бюджеттен талап етілетін шығындарды өтеуге 189 млн теңге бөлінеді.

 

Осы айдарда

Back to top button