Шағын кәсіпкерлік

БАЛЫҚШЫ АУЫЛЫН ТӨРТ ТҮЛІККЕ ТОЛТЫРДЫ

     Біздің  өңірде:  «кәсіп  іздегеннің  бәрі  көл  жағалайды»  деген  мәтел бар,  асылы  солай.  Зайсан  көлінің жағасында  тұрған  Байтоғас  ауылы  ежелден  балықшылар  ауылы деп аталады.  Бүгінде мұнда балықпен емес, мал өсіріп, мал шаруашылығын кәсіп етіп  жатқан ерекше шаруашылық бар.

Негізгі  мақсатым осындағы  балықшы  ауылының  тіршілігімен танысу  болатын. Ауыл әкімі  Ә.Егінбаев  Байтоғаста  бетке  ұстар  шаруа  қожалығы бар,  сол үйден түстеніп, балықшылармен  жүздесеміз деген  болатын.  Шағын  ауылдың  ортасындағы  ақ  шаңқан  үйдің  алдынан  қырықтың қырқасынан енді  ғана  асқан  жігіт  ағасы  есік  алдында  қарсы  алды. Дастархан  үстінде  отағасы  Тұрсынғали  әңгімесін  «Газеттеріңіздің  әр  санын  қалт жібермей  оқып  отырамын , тұрақты  оқырманыңызбын»,- деп  бастаған  соң мен де  әңгімемді өздері туралы,  балықшылар  жайында бастаған  едім. Сөйтсем, отағасы  балықшы  ауылында  тұрып,  қолына  қармақ  ұстамаған  жан  екен. Сөз  ләмінен байқағаным,  кәсібін мал  шаруашылығынан бастаған Тұрсынғали  балықшы  ауылында алғашқы  болып  мал  шаруашылығымен  айналысқан  азамат   екен.

2003 жылы  «Ғасырлан» шаруа қожалығын құрып,  ауыл  сыртындағы  шағын  қыстаққа  мал  өсіріп,  алғашқылардың  бірі  болып  мемлекеттің «Сыбаға» бағдарламасына қатысып,  7 млн. несие қаржысына   асыл тұқымды  ақ бас сиыр сатып  алады. Қазір  Тұрсынғалидың  қорасында  200 бас  ақ бас сиыр, 250 бас  асыл  тұқымды қой, 40  жылқысы  бар. Мал  басын  әлі  де  асылдандыруды  жалғастырып  жатқан қожалық иесі шағын ауылдағы  үш  адамды  тұрақты  жұмыспен қамтып  отыр. Мемлекеттік бағдарламаның  арқасында  техникаларын  толықтай  жаңалап  алған.  -Тұрсынғали Тоқтағұловтың  шағын  шаруа  қожалығы  аудандағы  үлгі  боларлықтай  қожалық. Өйткені  көл  жағасында  мал шаруашылығымен  айналысудың көптеген қиындықтары бар.  Оның  бастысы –  мал  шаруашылығына  арналған  жердің аздығы,   жаз  жайлаудың  болмауы.  Сөйте тұра,  Тұрсынғали  көл жағасында  мал басын  көбейтіп,  өзгеге үлгі  болып  отыр,-  дейді  аудандық  ауыл  шаруашылығы  бөлімінің басшысы Б.Сербатыров.

-Бұл өңірде  мал  шаруашылығымен айналысуға  өте үлкен  қажыр- қайрат керек.   Басты  қиындық  – өсірген  малыңыздың  өтімі  аз. Өңірде   мал  соятын  орын жоқ,  өсірген малымыз  арзан  бағамен алыпсатардың  қолында  кетеді,  енді   бордақылау  алаңын  салуды  қолға алып  отырмыз. Бұл  тұста менің  айтар уәжім бар,  ауданымызда  шағын  шаруашылықтарда  мал  басы  көбейді. Аудандағы  ет  өндіретін  шағын кәсіпорынның   жұмысы  жүрмей тұр,  аудан басшылығы осыған жан бітірсе, өндірген өніміміз осында қалар еді.  Ала жаздай тапқан- таянғанымызды  Алматы мен Шымкенттің  алыпсатарларына береміз, болмаса Өскемен мен Семейге тасимыз. Осыны іске қосса, нұр  үстіне нұр  болар еді. 120-дан астам  түтіні  бар  шағын  ауылымыз  күн  санап  көркейіп  келеді.  Ауылға  көшіп  келушілердің  саны артты.  Жыл  сайын  5-6 жаңа үй  салынады.  Үлкен  ауылдарда да мұндай  құрылыс жоқ  шығар.   Ауылымызға  қашанда  қол ұшін  беріп  отырамыз,-дейді Тұрсынғали.

Өткен  жылы Тұрсекең облыстық  газетке  тоғыз  адамды  тегін  жаздырып  берген екен. Қожалық иесі ауылдағы мәдениет  үйіне, мектептің жөндеу жұмыстарына, ауыл жанындағы  Қабанбай  ауылына да қолдан келген көмегін көрсетіп келе жатқанын естіп, білдік.

Ежелден балықшылықты кәсіп еткен жағалаудағы ауылдан  мал шаруашылығын ашып, бүгінде білек сыбана еңбек етіп жатқан Тұрсынғалидың  маңдай тері ақталып, шаруасы дөңгелене беруін тілеп аттандық ауылдан.

Қадырбек Кәкімұлы

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button