Экономика

Балық шаруашылығындағы бетбұрыс кімге тиімді?

Балық шаруашылығындағы бетбұрыс кімге тиімді?

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ сүт өндірісін, балық шаруашылығын дамытуды Соңғы бір жылдың көлемінде облыс бойынша сүтті мал шаруашылығы тың серпілісті бастан өткеріп, түбегейлі өзгеріс енгені белгілі. Халықтан сүт қабылдау жолға қойылып, сөредегі шетелдік ақ тағам түрлерінің үлесі азайғанын көз көрді. Бетбұрыстың кезегі балық шауашылығына да жетіп отыр. Қалыптасқан қасаң жүйені уақыт талабына икемдеу үшін арнайы шеберлік жоспары да дайындалды.

Қарапайым балықшы да тендерге қатысады

Мұндай өзгеріс не үшін қажет еді? Әуелі осы сауалға жауап іздеп көрейік.
«Өзен жағалағанның өзегі талмайды». Бұл мақалдың мәнін Бұқтырма, Зайсан, Шүлбі сынды алып су қоймалары мен Ертістің жағасын қоныс еткен ауылдар жақсы біледі. Сондықтан да төккен тері мен тапқан табысы сәйкес келмейтініне қарамастан, ел іргесін сетінетпей, ата қоныстарынан табан аудармай келеді. Балық аулауға өткізілетін тендерлік конкурс шарттары қарапайым балықшының аяқ-қолын жіпсіз тұсап отырғанын қармақпен жан бағып отырған жұрт айтудай-ақ айтып жүр. Министрліктің ережесі бойынша мұндай тендерге ауланған балықты өңдейтін кешені бар меншік иесі ғана түсе алады. Аталған шарттың арқасында балық өңдеу өнеркәсібі өркендеп, шикізат күйіндегі бағасынан әлдеқайда қымбатқа экспортталады деп күтілген болатын. Алайда, табиғи ресурстарды пайдалану және реттеу басқармасының мәліметінше, сыртқы нарыққа негізінен көксеркенің сүбе еті шығарылады екен. Ал сүйегі мен ішін ақтарып, етін сылып сатуды терең өңдеу деп айтуға мүлде келмейді. Керек десеңіз сол сүбені қабылдайтын Германия сияқты елдер өз балығымызды өзімізге қымбат өнім ретінде қайта сатып жатқан жайы бар. Бұл дегеніңіз балығы тайдай тулаған өзен-көлдердің қызығын «өңдейтін зауыты» бар белгілі топ қана көріп отыр деген сөз. Ал белуардан су кешіп, қыстың қызылшұнақ аязына төтеп беріп, шыбын жанып шүберекке түйіп еңбек етіп жүрген қарапайым балықшылар тендер иелеріне кіріптар күй кешіп келеді. Кіріптар болмай қайтсін, тендерді ұтқан монополистер өздері балық аулап әуре болмай-ақ, жергілікті тұрғындардың қызметіне жүгінеді. Қолында рұқсат қағазы болмағаннан кейін, қарапайым балықшылар еңбегін тендер иесі нұсқаған бағаға сатады. Ал егер қарапайым халыққа да балықты аулап, сатуға рұқсат берілсе, зауыт иелері оларға шекеден қарауын
азайтар еді. Осы теңсіздікті реттеу үшін облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ өткен жылдың желтоқсанында балық шаруашылығын дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берген. Осы тапсырма аясында Күршім, Тарбағатай, Көкпекті аудандарындағы балық ауланатын 21 учаскеде жиындар өткізіліп, тұрғындардың пікірі тыңдалған. Бүгінгі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігіне аталған су қоймаларында балық аулау бойынша конкурс өткізу ережелеріне өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс дайындалып жатыр. Аталған ұсыныста тендерге жергілікті балықшыларды да жіберу мәселесі көтерілген. Ол үшін балықшы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, кәсібіне қажетті мүліктерін заңдастырса болғаны. Бұдан кейін балықшы қанша балық аулағаны жөнінде, оны қандай бағамен өткізгені жөнінде салық мекемесіне есеп өткізетін болады. Бүкіл әрекетін көлегейлемей, адал түрде кәсіппен айналысқандарға ауланған балық қорын толтыру шығынадарының бір бөлігін субсидиялау жағы да қарастырылуы мүмкін.
Ережеге осы өзгеріс енген жағдайда, біріншіден, қарапайым балықшының еңбегін қанау тыйылатын болады. Екіншіден, олардың барлығы жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендіктен, балық сатудан түскен табысына салық төлейтін болады. Табиғи ресурстарды пайдалану және реттеу басқарамасы басшысының орынбасары Виталий Чернецкийдің айтуынша, бүгінде Ертіс-Бұқтырма алаптарында балық аулауға жылына 7-8 мың тоннаға дейін шектеме берілетін болса, соның елу пайызының қалай қажетке жаратылатыны белгісіз. Ал жаңа ереже бойынша жеке кәсіпкер ретінде тіркелген балықшыға өңдеуші кәсіпорындармен келісе алмаған жағдайда аулаған балығын базарға өткізуге рұқсат берілмек. Бұл балық шаруашылығындағы көлеңкелі сауданың жолын кесу үшін тиімді болмақ.

Кооперативке бірігудің берері мол

Балық шаруашылығындағы бетбұрыс кімге тиімді?

Облыс басшылығы балықшы ауылдардың тұрмысын түзеу үшін бұдан өзге де қолдаулар көрсетуді ойластырып отыр. Атадан қалған кәсіпті дөңгелетіп әкету үшін қажетті қайығы мен өзге де құралдары жоқ жеке кәсіпкерлерге «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша үш млн. теңгенің шағын несиесін беру жолдары қарастырылуда. Өз кезегінде облыстық кәсіпкерлер палатасы балықшыларға бизнес жүргізу үшін типтік жобалар үлгісін таратуға кірісіп кетті. Бұл қағаз бен құжатқа бас ауыртып көрмеген қарапайым балықшының ісін заңды түрде бастауына үлкен көмек екені айтпаса да түсінікті.
Билік балықшыларға кооперативтерге бірігуді де ұсынып отыр. Кооперативке бірігу арқылы балықшылар түрлі деңгейдегі несиелік қаржы көздеріне қол жеткізе алады. Балық өңдеушілерге бірауыздан өз бағаларын ұсынуына да мүмкіндік туады.
Жоғарыда аталған жиындарда 199 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп және кооперативтерге бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендерін білдірген. Бүгіннің өзінде Тарбағатай ауданының 60 балықшысы кооперативке бірігіп балық аулауда. Ал Көкпекті ауданында үш коператив құру жоспарланған.
Өңірдің балық шаруашылығындағы шырмауықтай шатысқан берекетсіздікті тыйып, тәртіп орнату мақсатында жергілікті әкімдіктерге балықшылардың кәсіптік мүліктерін түгендеу тапсырылып отыр. Барлық мүлік түгенделіп біткесін, олардың құжаттарын реттеп, заңдастыру тетіктері де ойластырылды. Бұл мүліктер жергілікті әкімдіктердің сот орындарына меншік құқығын табыстау жөнінде талаптар жолдауы арқылы заңдастырылатын болады.

Қанша балық ауласаң, сонша шабақ өсір

Осы аталған жұмыстардың жүйелі атқарылуын қадағалау облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусинге жүктелген. Дүйсенғазы Мусин өзі Көкпекті ауданын басқарған кезінде аталмыш мәселелермен бетпе-бет келгенін, бұл өзгерістер қарапайым балықшылармен қатар аудан және ауылдық округ әкімдіктеріне үлкен мүмкіндік туғызатынын айтады.
-Бір балықшы жеке кәсіпкер ретінде тіркелсе, салық төлеуші саны біреуге артты деген сөз. Сондықтан ауылдық округ әкімдеріне өз қарамағындағы елді мекендердің әр балықшысымен жеке-жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл кешенді шаруаны соңына дейін жеткізуге барлық негіз бар. Министрлікке жолдайтын ұсынысқа да оңды жауап аламыз деген сенім бар. Енді осы салаға қатысы бар барлық тарап өзінен талап етілетін міндетті қалтқысыз орындауы қалды, – деген Д.Мусин балықшы қауымнан балығын аулаған өзен-көлдерге де өз мүлкіндей күтіммен қарау талап етілетінін айтады.
Бұл жерде «бір тал кессең, он тал ек» қағидатын қолдану көзделген. Яғни, тоғаннан қанша балық ауласаң, сонша шабақ әкеліп жіберу қажет. Табиғаттан тапқан ризыққа осындай өтем беру арқылы ғана ен байлықты болашаққа сарқымай жеткізуге болады. Саланы дамытуға бағытталатын шеберлік жоспардың көздеген негізгі мақсаттарының бірі де осы мәселемен үндес. Балық шаруашылығынан түсетін кіріс көздерін көбейту, сала өнеркәсібін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, балық экспортын арттыру сынды кешенді міндеттерді жүзеге асыруды көздейтін бұл жоспарда облыстың өзен-көлдеріндегі балық қорын молайту, сол арқылы балық аулау шектемесін біртіндеп ұлғайту тетіктері енетін болады. Аталған жоспарда табиғи су қоймаларынан бөлек, жасанды тоғандарда тауарлық балықтар өсіріп аулау, оларды өңдеп сату жүйесін жолға қою қарастырылмақ. Осының арқасында тауарлы-балық зауыттары құрылатын болады. Осы бағытта жоғары технологияларды енгізе отырып, тұйықталған су айналымында балық өсіру жобасы қазірдің өзінде қолға алынып отыр. «OstFish» ЖШС-нің өңірлік Индустрияландыру картасына енген жобасы жылына төрт тонна қара уылдырық, 40 тонна бекіре етін өндіруге бағытталған. Мұндай кәсіптік су қоймаларының артықшылығы балық аулау және көбейту кезеңі жыл мезгіліне қарамай, өз ыңғайың бойынша реттелетінінде.
Ал саланың экспорт аясын кеңейту үшін инвестициялық жобалар әзірленіп, іске асыру көзделуде.

Өскемен СЭС-інен балық аулайтын күн жақын

Ертіс бассейні үлкендігі жөнінен еліміздегі үшінші балықшаруашылық бассейні болып саналады. Қазақстан көлемінде ауланатын балықтың 21 пайызы Зайсан, Бұқтырма, Шүлбі су қоймаларына тиесілі. Ал осы көрсеткіш бойынша Ертістен бір саты жоғары тұрған Балқаш-Алакөл бассейнінің Алакөл-Сасықкөл алабы да біздің облыстың аумағына кіреді. Өкінішке қарай, аталмыш көлдерден сазан мен көксерке ынсапсыз ауланып, саны күрт кеміген. Өткен жылы бұл екі көлде аталмыш балық түрлерін аулауға рұқсат берілмеді.
2015 жылы балықшаруашылық аумақтар қатарына Өскемен СЭС су қоймасы да кірді. Учаскелерге бөліп, құжаттары реттелгеннен кейін, мұнда да балық аулауға конкурстар өткізілетін болады. Аталған су айдындарынан ауланатын балықтың 69 пайызы – табан, 10 пайызы – көксерке, алты пайызы – алабұға, сегіз пайызы шортан мен торта, алты пайызы –мөңке балық пен рипус, қалған бір пайызы – қарабалық, аққайран, нәлім және сазан.
Виталий Чернецкий Ертіс алабындағы балық популяциясына кәдімгі суқұзғынның айтарлықтай зиян тигізе бастағанын айтады. Оның сөзіне сенсек, су жыртқыштарының әрқайсысы күніне бір келі балық жейді екен. Оған «қанатсыз суқұзғындарды» қосыңыз. Табиғат жанашырлары өңірде ауланатын балықтың іс жүзіндегі көлемі қағаз жүзіндегі шектемеден 20 пайызға артық болатынын осы барконьерлердің бассыз әрекетімен түсіндіреді. Қорыта айтқанда, балық шаруашылығын дамтуға арналған шеберлік жоспары осы аталған келеңсіздіктердің барлығына лайықты жауап беретін, барынша қарапайым балықшының мүддесіне жұмыс істейтін жүйе құратын болады. Оның қалай жүзеге асатыны жергілікті әкімдіктер мен жобаны үйлестіруші басқарманың кәсіби қызметіне, балықшы ауылдардың табиғат байлығын жанашырлықпен пайдалану мәдениетіне байланысты болмақ.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button