Оқиғалар

Балық аулаймын деп арлан соққан жігіт

Таңертең біраз балық аулап қайтуды межелеген Аманат ауылының 24 жасар тұрғыны Медет Тоқтаров Зайсан көлінің бетіндегі мұздан ойық ойып, қармақ салып отырған болатын.

Балық аулаймын деп арлан соққан жігітОйында ештеңе жоқ жас жігіттің көзіне бір қарап қалғанда өзінен жүз қадамдай жерде жортып бара жатқан сұр ит шалынды. «Бұл неғылған ит?» деген оймен ысқырып қалған Медет оны өзіне шақырды. Жортқан күйі сәл таяп келген әлгі хайуан кенет тұра шауып, жігіттің өзіне атылды. Сол екі арада мұның ит емес, арлан қасқырдың өзі екенін ұғына қойған Медет жанұшыра қорғаныс қамына кірісті. Арандай ашылған ауызға қалың киімнің қалың жеңінің ішіндегі білегін төсеп үлгерген ол екінші қолындағы қысқа сапты күрегімен жыртқышты бас-көзге соққылай бастады. Екеуі алысып жатқанда Медет амалын тауып, қасқырды аунатқан күйі астына басып алды. Шамасы жеткенше білегімен көмейін тығындап тұншықтырып, күрекшесімен ұрғылай берген өжет жігіт жыртқыштың біртіндеп әлсірей бастағанын сезді. Аузына кептеген қолы шығып кетсе, қасқырдың пышақтай тістерінен қандай қатер төнетінін ойлаған Медет бар салмағымен жаншып, соққысын тоқтатпады.

– Қолымды қасқырдың аузынан ол әбден қимылсыз қалғанда бір-ақ алдым, – дейді Медет. – Артынан ес жиғанда байқағаным – санымда, қолымда тіс тиген жарақаттар қалыпты.

Қасқырды сол күйі қалдырған Медет ауылға келіп, дереу нағашылары Байбөрі мен Болатқа болған жайды баяндады. Әдейілеп барған ересектер шалажансар жатқан жыртқышты атып өлтіріп, құтырған аң болмасын деген қауіппен аулақтағы мал қорымына апарып тастады.

Сөйтіп, қауіпті сәтте табандылық таныта білген Медет «арланмен алысқан азамат» атанды.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button