Спорт

Балуандар додасы көптің есінде қалады

Аягөз ауданында кейінгі ұрпаққа өнеге боларлықтай ерекше іс-шара өтті. Дәлірек айтсақ, заманында қарсы келген жауын тітіреткен Бірәлі батырды бүгінгі ұрпақтары еске алып, қазақ күресінен облыстық ашық турнир өткізді, батыр баба рухына арнап ас берді.

– Шын мәнінде, бұл кейінгі ұрпақ үшін айрықша маңызға ие турнир болды, – дейді аудандық кәсіподақтар ұйымының төрағасы, іс-шараның басы-қасында жүрген жерлесіміз Қажығали Алатаев. – Біз кейінгі ұрпаққа батыр бабаларымыздың ерліктерін дәріптеу, жастарды отансүйгіштікке баулу жұмыстарын күшейтуіміз керек. Осы мақсатта, қазақ күресінен 2008-2009 жылдары дүниеге келген жасөспірімдер арасында Бірәлі батыр атындағы облыстық ашық турнир өткізудеміз. Бұл жарысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей, Талдықорған қалаларынан, сондай-ақ облысымыздың бірқатар ауданынан келген спортшылар қатысуда. Байрақты бәсекеде ауданымыздың намысын Шыңғожа, Бидайық, Қарағаш, Мыңбұлақ, Қопа, Баршатас, Ақтоғай, Тарбағатай ауылдарының балуандары қорғап жатыр.

Оның айтуынша, сайысқа барлығы 120-дан астам спортшы қатысыпты. Осы ретте, олардың дені Аягөз спорт мектебінің оқушылары болғанын айта кеткен орынды. Осыдан бірер жыл бұрын, яғни 2016 жылы да Қайыртай Қажығұлов ағамыз бастаған азаматтар жұрттың басын қосып, Бірәлі бабамызды ұлықтауға арналған үлкен іс-шара ұйымдастырған еді. Сол жолы Аягөздің солтүстік беткейіндегі Еңірекей шайқасы болған жерде батыр бабамыздың ұрпақтары ас берген болатын. Ол кезде де жиналған жанкүйер қауымның делебесін қоздырған түрлі спортық сайыстар ұйымдастырылған.

Батыр бабаға арналған іс-шараның ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Сейілбек Ысқақов жиылған қауымды осынау айтулы күнмен құттықтай келе, бүгінгі буынның баба салған даңғыл жолмен жүруі ел арманы екендігін тілге тиек етті. Қазақстанның әр түкпірінен келген Бірәлі батыр ұрпақтары шашу шашып, қатысушыларға ақ жол тіледі. Бұдан кейін журналист-жазушы Бақытөмір Шалғынбай, сондай-ақ батыр баба ұрпақтары – ауыл шаруашылығы саласының ардагері Кәмелбек Оңғарұлы, Жарма аудандық мәслихатының депутаты Құрманғазы Мұсағиев пен Аягөз аудандық кәсіподақтар ұйымының төрағасы Қажығали Алатаев сынды азаматтар жиылған қауымды жарыстың басталуымен құттықтап, балуандарға сәттілік тіледі.

– Биылғы іс-шара жоғары деңгейде өтті. Баба рухын сыйлап келген барша ағайынға алғыс айтамыз. Сонымен қатар аудан басшысы Сейілбек Абұйырұлы мен орынбасарларына, демеушілік жасаған барша азаматқа алғыс айтсақ дейміз, – дейді ұйымдастыру комитетінің төрағасы Қажығали Алатаев.

Белгілі болғандай, ауқымы кең, мән-мағынасы зор жарыстың жоғары деңгейде өтуіне Аманғазы Шегіров, Әріп Жаңатаев, Аягөз аудандық спорт мектебінің директоры Еркін Юсупов пен аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің қызметкерлері ерекше атсалысыпты.

– Бұл тізімге шежіреші Орынбек Түсіпбектегіні, бауырымыз Тілеубек Ормановты, жасы 90-ға келген апамыз Күлбағиза Оңарқызын, «Құс жолы» мейрамханасының иесі Ләтипа Омарқұлованы, Жармадан келген Құрманғазы Мұсағиевты, Аягөз спорт мектебіндегі Мәдениет Жаңатаев пен Алабек Омарбековті, сонымен қатар осы іс-шараның өтуіне ұйытқы болған Кәмелбек Оңғарұлы, Айдар Өмірбеков, Жанат Қалиев пен Тұрсын ағамызға рақмет айтқым келеді. Бұл – биылғы жарыстың өтуіне барынша атсалысқан адамдар. Бір сөзбен айтқанда, бұл ағайынсыз осындай ауқымды іс-шараны ұйымдастырып өткізу мүмкін болмас еді, олардың бәрі үлкен де сауапты іс бітірді. Барлығына разымыз, – дейді Қажығали Алатаев.

«Жалпы, Найманның Сыбан руынан 18 ақын шыққан делінеді ғой. Ал соның басында есімі елге мәшһүр Ақтамберді, Дулат, Ақтайлақ, Әріп, Құттыбай билер мен батырлар, суырыпсалма шешендер тұрғаны жасырын емес. Байгөбек, Бигөбек, Жангөбек бабаларымыздың кейінгі ұрпақтарында елге тұтқа болып, билік еткендер жетерлік. Мәселен, Байгөбек Сыбан Кедей батырдың жалғыз ұлы Бірәліден Байтоқ, Бәйтен, Жақсылық атты ұлдар дүниеге келіп, олардың да есімдері дүйім жұртқа мәлім болды. Олар осы Аягөз өңірінің Ақшатау, Мыңбұлақ, Ақши ауылдарында қоныстанған. Әрине, заман ағысына сай олардың ұрпақтары еліміздің әр түкпіріне тарап, бүгінде әр салада жемісті еңбек етуде. Ал Аягөздің Жарма ауданымен шектесетін тұсында батыр баба Бірәлінің бейіті бар. Ол жерге батыр ұрпақтары мен былайғы жұрт үнемі келіп, аруағына құран бағыштап кетеді», – дейді ол.

Көптің көңілінен шыққан жарыс соңынан жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттауға шыққан Орынбек Тұрысбектегі, Серікхан Саукиманов, Тілеубек Орманов, Талғат Жаңатаев, Аманжол Омарбеков, Сарқытбек Мүсіркенов, Жанат Қалиев, Айдар Өмірбаев, Кәмелбек Оңғарұлы, Қажығали Алатаев, Асхат, Айтуған Олжаевтар, Аманжол Рахымжанов, Марат Саматов пен Тұрғали Мүсіркенов сынды азаматтар балуандарға ізгі тілектерін білдіріп, жеңімпаздардың мойнына алқа тағып, мақтау қағаздарын тапсырды.

Иә, «Өлі разы болмай, тірі байымас» демекші, осылайша Бірәлі батыр ұрпақтары ұлағаты мол, кейінгі ұрпақ айта жүрерліктей үлкен істі қолға алды, оны лайықты деңгейде өткізіп, жерлестерінің алғысын арқалады. Жалпы, Кедей батырдан тарайтын ұрпақтың бұл ізгілікті қадамы жұртқа үлгі болып жатса, нұр үстіне нұр. Қабылахмет Шәкерұлы, Рымқұл, Қайыртай сияқты шежіреші ақсақалдарымыздың аузынан естіген батыр жайлы аңыздар әр аягөздіктің есінде.

…Нар дауысты Нарымбай биге Тәшкеннің 12 қақпасының біреуін билеуге әперген осы Кедей батырдың ерлігі, халық алдындағы зор беделі себеп болған деседі. Ал ел аузындағы әфсанаға сенсек, Тәшкенді алуда көрсеткен жойқын ерлігі үшін ханнан сұраған үш тілегінің бірі осы болған деседі.

Шынтуайтына келсек, Кедей батырды Байгөбек, жеті ата Құлмамбет қана емес, күллі Сыбан елі төбесіне көтерген-ді…

Берікхан Тайжігіт, Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button