Балғындарды қуантты
Облыстық полиция департаментінің ұжымы балаларды қорғау күні қарсаңында Өскемендегі балалар үйіндегі қамкөңіл бүлдіршіндерге мейірімділік, қуаныш сыйлап, оларды әртүрлі сыйлықтармен қуантуды көп жылдар бойы игі дәстүрге айналдырған-ды. Биыл да осы үрдістен жаңылмай, облыстық полиция департаменті бастығы полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков бастап, барып қайтты.
Балалар үйінде төрт жасқа дейінгі балғындар тәрбиеленеді. Олардың барлығы тастанды емес, “Үміт” мәртебесі бар балалар да бар. Аналары оларды әртүрлі себептермен уақытша балалар мекемесіне орналастырған. Ата-аналық құқығынан айырылған отбасылардан шыққан балалар да кездеседі.
-Балалар-үлкен бақыттың кішкентай бөлшектері, әрбір ересек адамның өмірін шынайы қуаныш пен жылулыққа толтыратын ғажайып. Балалар әрқашан азаматтардың ең осал және қорғалмаған санаты болған және солай бола береді. Қазіргі заманда әрқайсымыз балалық шақты әсіресе немқұрайлылық пен қатыгездіктен, қажетсіз ақпарат пен ерте есеюден, соғыстар мен ауыр аурулардан қорғағымыз келеді. Балалар сүйіспеншілік пен қамқорлыққа, ата-ананың махаббатына зәру және әрбір баланың жүрегі осы кішкентай бақытқа ие болуды қалайды. Биліктің, қоғамның және барлық бей-жай қарамайтын адамдардың басты міндеті-балаларымызды ақылды, әдепті, білімді етіп тәрбиелеу. Біз олардың өздерін сенімді қорғалғандарын сезінуі үшін, өмірде жақсы бастама алуы үшін бәрін жасауымыз керек. Тек біз, ересектер ғана, балалық шақты жарқын және алаңсыз ете аламыз. Әр бала өзін қорғалған, қажет, сүйікті және шексіз бақытты сезінсін!- деп атап өтті Ерлан Омарбеков.
Мекеме директоры Салтанат Фатихова облыстың бас полицейіне қайырымдылық көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді. Қызметіне сәттілік тілеп, алғыс хат табыс етті.
Кәмал Естай