Балаңызға қандай кітап оқып бересіз?

Семейде «Айдана» балабақшасы қызметкерлері мен ата-аналарға арналған «Бала тәрбиесі – ұлт болашағы» атты жиын ұйымдастырылды. Шара барысында балаларға қандай кітаптар оқып беру керек, балабақша қызметкерлері жаңа заман талабына сай тәрбие жұмыстарын қалай ұйымдастыру керек деген сауалдарға жауап ізделді. Тәрбиешілерге инновациялық технологияны қолдануға көмек беру жағы да қозғалды.
Мектепке дейінгі тәрбие берудегі инновациялық технологиялардың мазмұндылығын түсіндірген қаладағы орталық кітапхананың ақпараттық-библиографиялық бөлім меңгерушісі Мейрамгүл Маханбетова педагогтардың алуан түрлі әдіс-тәсілдерді дұрыс таңдауы жайында кеңінен түсіндірді. Сондай-ақ шара барысында Меруерт Ахметқалиева «Мектеп жасына дейінгі балалардың креативті тұлғасын қалыптастыру» тақырыбында сөз қозғап, баланың жеке тұлғасын қалыптастыру жеткіншектің белсенді көзқарасын айқындайтындығына тоқталды.
– Баланың кез – келген уақытта шешім қабылдауға дайын болуы, тілдік құзыреттілігін қалыптастыру және өзінің жасаған іс-әрекетінің нәтижесіне, жетістікке жетуі өзіндік танымының дамуында маңызды рөл атқарады, – деді маман Меруерт Ахметқалиева.
Қазірде балалар кітап оқи ма? Балаларды қандай басылымдарға жазғызып, қандай ақын-жазушылардың шығармаларын оқып беруіңіз керек? Осы тұрғыда библиограф Бүбіхан Ержанова жиынның тақырыбын аша түсетін «Балабақша тәрбиешісіне көмекші кітапхана қоры» атты ақпараттық-библиографиялық шолуын ұсынды. Балалармен жұмыс жүргізуге, бала тәрбиелеуге көмегін тигізетін түрлі әдебиеттер, мерзімді басылымдар, электронды, аудио-бейне материалдармен де таныстырды.
– Бала, тәрбиеші, ата-ана атты үштіктің рөлі зор, – деді жиынға қатысушы Лаура Мәдибаева, – балабақша мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты нығайту керек. Отбасында бала тәрбиелеуде ата-ананың ықпалын арттыру аса маңызды.
Балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкері Қамар Ахметғалиева балалармен жұмыс жүргізудің қызықты әдістерінің бірі «Мектеп жасына дейінгі балалардың таным үрдісін қалыптастыру» атты ойын калейдоскобын ұсынды. Шара барысында «Айдана» балабақшасының тәрбиеші – мамандары мен қатысушы ата-аналар айтылған тақырыптар бойынша өз іс-тәжірибелерімен ой бөлісті.
Сондай-ақ, «Тәрбиешілер, сіздер үшін!» кеңес-көрмесі ұйымдастырылып, «Тәрбиеші тәжірибесінен» арнайы ұсыныстық көрсеткіш, әдістемелік-библиографиялық құралдар ұсынылды.
Раушан Нұғманбекова
Семей.