Мәдениет

Балаңыз қандай ән айтып жүр?

Балаңыз қандай ән айтып жүр?


Қазіргі балалар қандай ән айтып жүр? Балалар әні бар ма өзі? Осынау күрделі жанрды өрге сүйреп жүрген кімдер? Оларды біз танимыз ба? Таяуда Шығыс Қазақстан Өнер музейінде «Өскемен сазгерлерінің шығармашылығындағы «Балалар әні»» атты бір әдемі кеш өтті. Шараға мектеп оқушылары мен студенттер, өнерсүйер қауым қатысты.

Сазгер болу, оның ішінде балаларға арналған ән жазу әсте оңай емес тегінде. Бала жүрегінің қылын шертетін сазгер болу үшін алыста қалған балалық шаққа деген сағыныш жаныңызды үнемі баурап жүруі керек шығар. Сол бір бақытты да базарлы кездің қайта оралмайтынын сезінген сәтте сазгердің жүрегі бұлқынып, бойын буырқанған сиқырлы сезім билейтін болар. Құдай ау, ән дегеніңіздің өзі де сезім ғой… Балалық шақтың шұғылалы да, шуақты сәттерін дөп басу сол сезімнің тазалығына, мөлдірлігіне байланысты. Тұп-тұнық бастаудың суы секілді мөлдір сезіммен өрілген ән де рухани шөліңізді басады. Байқасақ, Өскемен қаласында балалар әндері жанрында жемісті жұмыс істеп жүрген сазгерлер баршылық екен. Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Шығыс Қазақстан Композиторлар одағы өкілдігінің төрайымы Светлана Апасова, Қазақстан Композиторлар одағының мүшелері Ольга Юлтыева, Анжелика Курумбаева, Марина Тарасенко, Маржангүл Маниярова, Владимир Соколов сынды сазгерлер баланың бақыты мен қуанышын шығармашылықтарына өзек етіпті.

Жалпы, бала бойына отаншылдық сезімді дарытып, ізгілік дәнін себетін де ән ғой. Балалар әнінің баланың тұлға ретінде қалыптасуына тигізер әсері орасан зор. Балалар әні барда өмір де жарқын, шұғылалы.

Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Шығыс Қазақстан Композиторлар одағы өкілдігінің төрайымы Ол есімі өңірімізге ғана емес, республикаға да кеңінен танымал. Светлана Борисовна симфониялық, камералық, оркестрлерге, хорға арналған, сондай-ақ өзі еңбек етіп жүрген облыстық драма театрының спектакльдеріне музыка жазады. Оның сазгер ретіндегі бір артықшылығы, Светлананың әндерін ересектер де, балалар да сүйсініп тыңдайды. Светлана Апасованың балалар әндері жанрында жемісті еңбек етуінің құпиясы неде?

– Мұнда ешқандай да құпия жоқ. Өзімнің жасымды қанша түсінгім келгенімен, менің ішкі әлемім балалық шақта қалып қойған секілді. Кейде өзімді 6-7 жастағы, әрі кетсе 8 жастағы бала сезінетінім рас. Менің балалар жанрында жемісті еңбек етуімнің сыры да үнемі олармен бір толқында болуым шығар, – дейді ол жымиып.

Балаңыз қандай ән айтып жүр?

Өзінің айтуынша, күйеуі екеуі Өскеменге келген соң, тезірек жұмысқа тұру мақсатында ол қаладағы №62 балабақшаға орналасады. Бұл логопедиялық бағыттағы балабақша болатын. Балалар әндері репертуарының жетімсіз екенін Светлана осы кезде анық сезінеді. Бұл поп музыканың қарқынды дамып жатқан кезі еді. Ол балаларды қатты аяйды. Сөйтіп, балаларға арнап алғашқы әндерін жаза бастайды. Кейін «Добрый день» атты алғашқы, содан кейін «Разноцветная планета» атты екінші жинағы жарыққа шығады.

Осынау кеште Светлана Апасова Евгения Ложкина жетекшілік ететін «Визит» балалар вокалды студиясы шәкірттерімен бірге «Разноцветная планета» әнін орындады.

Ольга Юлтыева да – кәсіби музыкант. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген Ольга фортепиано, камералық ансамбльдер үшін салмақты әуендер жазады. Бірақ оның шығармашылығында балалар әндері үшін де орын бар. Қазіргі таңда ол ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер музейінде оқытушы болып еңбек етеді.

– Балаларға арналған өлеңдерді оқысам, көкейіме ән құйылады, – дейді Ольга Юлтыева ағынан жарылып. Кейіннен өзінің күйеуінің де тәп-тәуір ақын екенін байқайды. Қазіргі күні оларды әдемі шығармашылық одақ десе де болады.

Ольга Юлтыева «Назарбаев зияткерлік мектебі» автономды білім беру ұйымының тапсырысымен жазылған Музыка пәні бойынша хрестоматия авторларының бірі. Бұл кітапқа оның әртүрлі жастағы балаларға арналған 20 әні еніпті.

Маржангүлдің мамандығы физик-математик

Балаларға ән жазатын өңіріміздегі әуесқой композиторлардың тағы бірі – Маржангүл Маниярова. Маржангүлдің негізгі мамандығы педагог, физик-математик. Осындай салмақты да байыпты мамандығына қарамастан, ол шығармашылықтың адамы. Айтуынша, ол бұл салада отыз жыл бойы еңбек етіп келеді екен. Жүрегінен шыққан талай әндері облыстық, республикалық деңгейлердегі концерттер мен байқауларда жиі орындалып, жүлделі орындарды да алып жүр. Олардың ішінде балаларға арналған әндері де аз емес. Сазгер балаларға арналған жиырмадан аса ән жазыпты. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен қайталанбас қырлары бар. Маржангүл Маниярованың 60 жылдық мерейтойына арнап Светлана Борисовнаның жетекшілігімен облыс көлемінде «Маржангүл Маниярованың ең үздік балалар әні» байқауы да өтіпті.

Маржангүл ән жазумен студент кезінде-ақ айналысыпты. Ал балалар әндері жанрына келуіне ата-аналар мен мұғалімдер тікелей ықпал етіпті. «Балалар әндері аз. Сіздің қолыңыздан ән жазу келеді» деген ата-аналар мен мұғалімдердің қолқасын жерге тастамаған Маржангүл ұстаз наурыз, туған жер туралы әндер жаза бастайды. Өзінің айтуынша, ол патриоттық тақырыптағы әндерді жазуды жақсы көреді екен. Жерлес ақын Бақытжан Раисованың өлеңдеріне де талай ән жазған көрінеді.

Балаңыз қандай ән айтып жүр?

Кешке қатысушылар сазгердің Асқар Дүйсенбінің сөзіне жазылған «Ұлағатты ұстаз» әнін тыңдады.

Өскемен қаласындағы №24 балалар өнер мектебінің директоры Марина Тарасенко да жиырма жылдан астам уақыт бойы балалар шығармашылығымен айналысып келеді. Өзінің педагогикалық қызметінен бөлек ол ән де жазады. Тіпті республикалық байқауларға да қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Ал Огневка ауылында 25 жыл бойы музыка мұғалімі болып еңбек еткен Анжелика Курумбаева алғашында ескі әндерге оранжировка жасап, өңдеп, жандандыруға күш салады. Келе-келе балаларға арнап өзі де ән шығара бастайды. Мектепте тарих пәнінен сабақ беретін күйеуі Сергей Курумбаевпен бірге шығармашылық одақ құрады.

Кешке жиналғандар Владимир Соколовтың да шығармашылығымен жан-жақты танысты. Қарапайым ғана музыка пәнінің мұғалімінің «От сентября до мая» атты әндер жинағы үлкен шығармашылық еңбектің жемісі екені сөзсіз.

Осылайша Шығыс Қазақстан Өнер музейінде бір тамаша кеш өзінің мәресіне жетті. Кеш соңында Өнер музейінің директоры Бекайым Ұябаева сөз алып, өзінің ізгі лебізін білдірді.

– Бүгінгі кеш керемет әсерлі болды. Біздің жүрегімізді қуаныш пен шаттыққа бөледіңіздер! – деген Б.Ұябаева кешке қатысқан сазгерлерге Алғыс хат табыс етті.

Иә, балалар әні әлемді әдемі ететіні сөзсіз. Балалар әні көк аспанда қалықтай берсін.

Мейрамтай Иаманғали

Осы айдарда

Back to top button