Баласы Арыстың Шығыспен танысты

Кеше Шығыс өңірінің ең шырайлы жерлерін аралап жүрген арыстық оқушылармен облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова жүздесіп, кішкентай қонақтармен әңгіме-дүкен құрды.
«Өскемен ұнады ма?», «Демалыстарың қалай өтіп жатыр?» деген сияқты Әсем Бекқызының саулдарына балалар жамырай «иә», «күшті» десіп жатты. Олардың көтеріңкі көңіл-күйде тұруының тағы бір себебі, соның алдында ғана «Юбилейный» кинотеатрынан «Арыстан патша» атты кино көріп шыққан болатын.
– Биылғы жазда біздің өңірдің балалары мен Арыстан келген балалар бірге демалу мүмкіндігіне ие болды. Катонқарағай ауданына барған балалар Берел қорғанына, Семей өңіріне бөлінген оқушылар Жидебай, Бөрілі мұражайына, Глубокое, Ұлан ауданына бөлінген балалар Абылайкит, Көктау сынды біздің табиғаты да, тарихы да бай жерлерімізді аралап көруде. Барлық балаларды біздің дәрігерлер медициналық тексеруден өткізді. Олар өз туған жерлеріне көтеріңкі көңілмен қайтады деп ойлаймын. Арыстан келген балалардың бәріне облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы спорттық киімдер сыйлайды. Ал мына дүниелерді балалар жолда кәдесіне жаратсын деп сыйладым, – деген облыс әкімінің орынбасары кішкентай қонақтарға сыйлық жасады. Қуанышы қойнына сыймаған балалар әкімдік қызметкерлеріне алғыстарын жаудырды.
Әсем Нүсіпованың мәліметіне сүйенсек, біздің өңір Арыстың 300 баласын қонаққа шақырған. Олардың 220-сы10 шілдеден бастап шырайлы һәм шұрайлы жерлерде демалып жатыр. Ал қалған 80 бала 25 шілдеден бастап киелі Шығыс топырағына табандарын тигізеді. Ал облыс әкімінің орынбасарымен кездесіп, сыйлық алған бұл балалар Өскемендегі «Дарын» лагеріне бөлінген 50 бала болып шықты.
– Біз ертең қайтамыз. Сонда жол бойы мына кітаптарды оқитын болдық, – деп Әсем Бекқызының тартуына ризалығын білдірген арыстық оқушы Аяулым Қуаныш он күндік қызықты сәттерімен бөлісті. – Біз этноауылда болдық. Ондағы әр ұлттың орталықтарын араладық. Маған бұл жақтың табиғаты керемет ұнады.
Аяулым Арыстағы жарылыста үйде жалғыз отырыпты. «Қатты дауысты естігенде, сыртқа шығып елмен бірге қаштық. Артынан ағам келіп машинамен алып кетті», – дейді жарылыстың кішкентай куәгері.
Облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмәділованың дерегіне сүйенсек, биыл жазда 174 мыңнан астам оқушы аймақтағы лагерьлерде демалыстарын өткізуде. Олардың 33852-сі – аз қамтылған және көпбалалы отабасының балалары.
Мұратхан Кенжеханұлы