Білім

Баланың үйірмеден үйренері көп

Балаларды болашақ ортасына бейімдеп, оларға жаңа ақпараттық ғасырдың қыр-сырын үйрету басты міндет. Ол үшін «бала бастан» дейтін бабалар өсиетін негізге алып, балаңызды үйрімелерге апаруыңыз қажет. Қайдан табам демейсіз, қазіргі таңда қалада не көп  үйірме  көп. Біз А.Пушкин атындағы облыстық кітапхана жанынан ашылған үйірмелер туралы біліп қайттық.

Баланың байыпты да байсалды, сабырлы да салмақты, білімді де білікті болуы бастапқы тәбрибеден бастау алса керек-ті. Сондықтан тал бесіктегі тәрбиеге  қосып тіршіліктің де тетігін үйреткен абзал.

– Біз біраз уақыт онлайн режимде үйірмелер жұмысын жалғастырдық. Ал қазіргі таңда санитарлық талапты сақтай отырып үйірмелер өз жұмысын жүргізіп жатыр. Солардың ішінде ағылшын тілі үйірмесіне келетіндердің қатары көп. Бірнеше жыл бойы қатысып жүйелі түрде білім алып жүрген балалар бар. Сондай-ақ мектепке дейінгі дайындық үйрімесіне де ата-аналар балаларын әкеліп жатады. Үйірмелер кітапхана жанынан құрылғандықтан қажетті дүниелердің көбі бар деуге болады, –  дейді кітапхандағы білім орталығының жетекшісі Нұргүл Құдайбергенқызы.

Әр үйірменің үйретері, балаға берер білімі, тәрбие мен тағылымы бар. Тек баланың бейіміне қарай бетбұрыс жасаған жөн.

«Сиқырлы пішіндер» мен «Қағаз айшықтары»

Ермексазбен жұмыс істеу еріккеннің ермегі емес. Оның балаға тигізер пайдасы көп. «Сиқырлы ермексаз» үйірмесіне қатысқан баланың саусақтарындағы сенсорлық сезімталдығы жоғарылап, шеберлігі шыңдала түседі. Бала қолындағы жүйке нүктелері оянып, шығармашылық қиялы дамиды. Сондай-ақ бала шындықтың объектілері мен құбылыстарына эстетикалық және моральдық көзқарасын білдіре алатын болады.

– Ермексазбен жұмыс істеу тек қызықты ғана емес, сонымен қатар мектеп жасына дейінгі балалардың ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық және еңбек тәрбиесі үшін өте көп мүмкіндіктер беретін пайдалы үйірме. Әдетте балаларға ермексаз өте ұнайды және олардың сүйікті ісіне айналады. Мұның көптеген себептері бар: біріншіден, қағазға ермексазбен сурет салу өте оңай, екіншіден, ермексаз бұлшықет пен жүйке кернеуін жеңілдетеді, – дейді үйірме жетекшісі Назгүл Қыдыралинова.

Әр аптаның сәрсенбісінде болатын бұл үйірменің балаларға үйретері көп. Үйренем, білем деген балаға бағыт-бағдар беруге дайын.

Кітапханадағы тағы бір балаларға арналған үйірме  «Қағаз айшықтары» деп аталады екен. Бұл үйірме баланы таңғажайып шығармашылық әлемге жетелеп, өзіне деген сенімділігін арттырады. Сондай-ақ қолмен жұмыс істеу қабілетін дамытып, саусақтардың нақты қимылын үйретеді.

– Қағаз балалардың ерекше дүниелер жасай бастайтын алғашқы материалы. Ол ерте жастан бастап бәріне белгілі. Қағаз парағы балаға суретші, дизайнер, ең бастысы – шексіз шығармашылық адамы ретінде сезінуге көмектеседі, – дейді үйірме жетекшісі Фарида Ақжігітова.

Қағаз қиындыларымен жұмыс істей отырып жас жеткіншек кітап әлеміне жақындай түсері анық. Үйірменің де басты мақсаты осы. Бұл үйірмеге қатысам дегендер сенбі және жексенбі күндері кітапханаға баруы керек.

Мектепке балаңыз дайын болмаса…

 Балалар ең көп баратын үйірмелердің бірі – «Мен мектепке дайынмын» деп аталады екен. Бұл – қазіргі таңдағы қажетті үйірмелердің бірі. Өйткені даярлық сыныбы балаға берілер білімнің алғашқы баспалдағы мен тағаны. Тағаны дұрыс тартылмаған білімнің болашағы баянды болмасы анық. Сондықтан да жұмыстан қолы тимейтін ата-аналардың балаларына кітапханадағы бұл үйірменің тигізер пайдасы көп.

– Үйірме қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Жас мөлшері 5-6 жастағы балалардың білім алуына көмектесеміз. Басты мақсатымыз балаларға алғашқы әліпбиді таныстыра отырып, кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру. Сондай-ақ жазудың алғашқы дағдыларын, анық сөйлеуді, ой-өрісінің дамуына көмектесеміз, – дейді үйірме жетекшісі Гауһар Нұрғалымова.

«Балаңыз жақсы білім алсын десеңіз, кітапханаға апарыңыз», – деген ағылшын мақалын ұран еткен үйірме жұмысын 2019 жылы бастапты.  Мектепке дейінгі даярлық үйірмесіне дән риза болған ата-аналардың біразы алғысын пікір журналына жазып қалдырыпты.

– «Мен мектепке дайынмын» үйірмесінің мұғаліміне алғысымызды білдіреміз. Осы үйріме баламыздың білім алуына көп септігі тиді. Әлі де оқытып, баламыздың білімін жетілдіріп берсе екен, – деп жазба қалдырыпты кітапхананының пікір журналына Гүльназ Мұқанғалиева.

Мектепке балаңыз дайын болмаса бұл үйірменің қызметіне жүгінуге болады.

«Ң», «Н», «М» дыбыстарын ажырата алмаса…

Өз ана тіліміздің өгей күн кешкен кездері де болған. Сондықтан болар бүгінгі ұрпақ сөйлеу барысында сингармонизм заңдылығын сақтай алмай сүрініп жататын жағдай жиі орын алады. Осы олқылықтың орнын толтыруға атсалысып жатқан облыстық кітапхандағы «Біз қазақша сөйлейміз» үйірмесінде де үйренер дүние көп екен. Үйірме жетекшісі балалар сөйлеу барысында «ң», «н» «м» дыбыстарын ажырата алмайтынын айтады.

– Сабақта әр әріпке көңіл бөлу арқылы сөйлеу мәнеріне көңіл бөлінеді.  Сонымен қатар тек  сөйлеп қоймай, оқушылардың логикалық ойлау қабілетін арттырып, өз ойын толық жеткізе білуге үйретеміз. Міне, осындай міндеттерді орындау мақсатында деңгейлік тапсырмалар орындалады. Суреттермен жұмыс жүргізу арқылы сөздік қорын байытуға көмектесеміз. Қазақтың салт-дәстүрімен таныстырып, оны қастерлеуді үйретеміз, – дейді үйірме жетекшісі Самал Қалиева.

Балаларға қосымша білім беруге бағытталған бұл үйірме әр аптаның бейсенбі, сенбі, жексенбі күндері болады. Қазақ тілін терең меңгерем деген адамға тегін үйірменің үйретері көп.

Ағылшын тілінің алғашқы баспалдағы

Қазіргі таңда арманы асқақ жастардың ағылшын тілін үйреніп жатқаны ақиқат. Өйткені алты құрлықты айналып шығу үшін осы шет тілін білсеңіз шаршап, шалдықпайсыз. Ал сіздің балаңыз ағылшын тілінің алғашқы әліппесін кітапханадан-ақ үйреніп алуға мүмкіндігі бар. Пушкин атындағы облыстық кітапхана жанынан ашылған «English for kids» үйірмесі 8-12 жас аралығындағы балаларға қосымша білім береді.

– Біз үйірмеде негізінен ағылшын тіліндегі балаларға арналған кітаптарды оқыта отырып, қосымша білім береміз. Яғни, үйірмедегі жұмыс әріп білетін бірақ оқу ережесін дұрыс меңгермеген баланы дұрыс оқи білуге үйретуге, сөздік қорын молайтуға, сөйлеу, тыңдап-түсіну қабілетін дамытуға бағытталады. Үйірмеде түрлі ойындар, рөлдік оқу, оқығандары бойынша түрлі тапсырмалар орындау, шағын қойылымдар көрсету жұмыстары жүргізіліп отырады, – дейді үйірме жетекшісі Азия Кәріғажықызы.

Үйірмеге қатысқан балалардың мектепте пән бойынша бағасы көтеріліп, үлгерімі жоғарлаған. Тіпті, үйірмеге төрт жыл бойы келіп жүрген балалар да бар екен.

– Қазір 7-сыныпта оқимын. Осы облыстық кітапханадағы үйірмеге келіп жүргеніме төрт жыл болды. Үйірмеден көп білім алдым. Мектепте ағылшын тілінен өткен сабағымды үйірмеде қайталап еске түсіремін. Жалпы үйірменің маған үйреткені көп, – дейді №35 орта мектептің оқушысы Асхат Аружанқызы.

Шеберлігіңді шыңдайды

 Байырғы бабаларымыз тілге шешен, іске шебер жандарға «өлеңшінің сөзі алтын, өнерлінің қолы алтын» деп баға берген. Осы бағаға лайық болам десеңіз . Пушкин атындағы облыстық кітапханадағы «Шебер қолдар» үйірмесіне барып, істің жайы мен ретін үйреніңіз.

Бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл үйірмені жұмыспен қамту орталығынан келген әлеуметтік қызметкер Маржан Бекмұханқызы жүргізеді екен.

– Біз әртүрлі маталардан, қолжетімді кез келген материалдан әдемі түрлі-түсті заттарды жасауды балаларға үйретеміз. Атлас, капрон ленталарынан Жапонияның Канзаши технологиясы бойынша гүлдер жасаймыз. Шпагат жіптерден  әдемі ыдыстар мен вазалар жасаймыз. Сабақта балаларды әдемілікті түсініп, қол өнеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, балалардың саусақ моторикасын дамытуға көмектесеміз, – дейді үйірме жетекшісі.

Бұл үйірмеге аптаның сейсенбі мен бейсенбі аралығында баруға болады. Үйірмеден үйреніп қана қоймай, жанына рахат тауып жүргендер де бар екен.

– Мен, 10 жасар Балжан деген қызымды «Шебер қолдар» үйірмесіне қатыстырамын. Барлығы қолжетімді және қызық. Тіпті, менің өте тынышсыз, бір орнында отыра алмайтын қызым, орнықты болып, ыждаһаттықпен түрлі маталардан гүлдер жасай бастады, – дейді Сәуле  Ахметкалиева.

Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button