Баланы мектепке ғана емес, өмірге бейімдейтін орталық
Соңғы жылдары қоғамның баланы ерте жастан дамыту мәселесіне ерекше назар аудара бастағанын байқауға болады. Мұны еліміздің ірі қалаларында Глен Домон, Николай Зайцев, Вальдорф, Монтессори методикасына негізделген түрлі орталықтардың көптеп ашылып жатқанынан да байқауға болады. Өткен жазда мұндай орталықтардың бірі Өскемен қаласында да ашылған болатын. Таяуда біз «Айналайын» Монтессори орталығында болып, оның тыныс-тіршілігімен танысқан болатынбыз.
Бұл жүйе 146 мемлекетте қолданылады
Батыр болар ма екенсің
Алып тұлғалы,
Ақын болар ма екенсің
Жазар жыр-әнді,
Әкім болар ма екенсің
Елін сыйлайтын.
Аман болшы, балапаным!
Әнші Медеу Арынбаев шырқайтын «Балама тілек» деген әнінің қайырмасында осындай жолдар бар. Шіркін, арман дегенді қойсаңшы! Әсіресе, ата-ананың арманынан асқақ не бар? Ешқандай ата-ана баласының жаман болғанын қаламайды, әрине. Әрбір ата-ана дүние есігін іңгәлап енді ашқан бөпесінің болашағына зор үмітпен қарайды. Болашақта баламыз ақын болса, батыр болса, әкім болса деп бәріміз армандаймыз. Бірақ сол арманымыздың бала тәрбиесіне, оны ерте жастан дамыту мәселесіне тікелей қатысты екенін білеміз бе?
Біздің қазақ халқы бала тәрбиесі құрсақтан басталатынын баяғыда-ақ айтып кеткен. Келіннің құрсағына бала біткен бойда-ақ, енесі оған ерекше қамқорлық көрсеткен. «Құрсақ тойын» жасаған. Жаман әдеттерден аулақ болуын қадағалаған.
Қазіргі таңда сол болашағымызды кімдер, қандай әдіспен тәрбиелеп жатыр? Баяғыдай немересіне ертегі айтып беретін, көңіліне түйгені мен көргені көп әжелеріміздің қатарының да селдіреп, сиреп қалғаны еш құпия емес. Сәбиіміз емшектен шығып, аяғын апыл-тапыл баса бастағаннан-ақ балабақша іздейміз. Рас, елімізде мемлекеттік те, жекеменшік те балабақшалардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Енді олардың қатарына баланы ерте жастан дамытуды көздейтін түрлі орталықтар да қосылып жатыр. Бұл қуанарлық жайт, әрине. Сізге керегі не?
Қалтаңыз қалың болса, балаңызды көңіліңіз қалаған жерге бере аласыз.
Осы орайда мамандар баланы ерте жастан дамытуда Монтессори орталығының маңызы зор екенін айтады. Кейбір деректерге қарағанда, бүгінгі таңда Монтессори жүйесі 146 мемлекетте қолданылатын көрінеді. Қазіргі таңда әлем бойынша 24 мыңнан астам мектеп пен мектепке дейінгі мекемелер осынау Монтессори әдісін өздерінің іс¬-тәжірибелеріне кеңінен пайдаланады. Ендеше, алдына зиялы ұрпақ тәрбиелеу сынды ұлы мұрат қойып отырған Қазақстанда да соңғы жылдары мектепке дейінгі білім беру саласына жүз жылдан астам тарихы бар Монтессори жүйесі кеңінен енгізіле бастағаны байқалады.
Мария Монтессори. Ол кім?
Жалпы, Монтессори педагогикасының ерекшелігі неде? Монтессори дегеннің өзі кім?
Мария Монтессори – италияндық ғалым, арнайы педагогикалық жүйенің авторы, педиатр-дәрігер, педагог, психолог, философ. 1870 жылдың 31-тамызында Италияның Чиаравалле қаласында дүниеге келген Мария Алессандро мен Рейнильде Монтессорилердің жалғыз перзенті болыпты. Әкесі жоғары лауазымды мемлекеттік шенеунік болған көрінеді. Ата-анасы кішкентай Марияның қамсыз да бақытты болып өсуі үшін барлық жағдайды жасайды. Оқуға өте зерек қыз әсіресе, математикаға ерекше қызығушылық танытады. 12 жасында гимназияда білім алуды армандайды. Бірақ ол кезде гимназияда оқуға қыздарға тыйым салынған болатын. Дегенмен, айтқанынан қайтпайтын Мария Монтессори ер балаларға арналған техникалық мектепке қабылданады. Кейін ол балалар дәрігері боламын деп өз таңдауын жасайды. Сөйтіп, Италиядағы әйелдердің ішінен шыққан алғашқы дәрігер атанады. Университеттің клиникасында жұмыс істей жүріп, өзіне қажетті пайдалы тәжірибелер жүргізеді. Осында жүріп алғаш рет мүмкіндігі шектеулі балалардың мәселесіне көңіл аудара бастайды.
Өзінің педагогикалық жүйесінде Мария Монтессори баланың дүниеге келгенінен бастап 6-7 жасқа дейінгі өмірінің ерекше маңызды екенін айтады. Өйткені, қазақ халқы баланы қалай исеңіз, солай қарай майысатын жас шыбыққа бекер теңемейді. Яғни, баланы тәрбиелеуді шындап қолға алатын, оның зейіні мен логикалық ойлау қабілетін, қимыл-қозғалысын дамытатын уақыт та – осы кез. 1910 жылы «Монтессори әдісі» атты кітап жарыққа шығып, әлемнің бірқатар тілдеріне аударылады. Ал 1929 жылы халықаралық Монтессори ассоциациясының негізі қаланады.
«Айналайынның» ашылғанына алты ай болды
– Баланы ерте жастан дамыту мәселесі өзім ана атанып, сәбилерім дүниеге келген кезде қатты толғандыра бастады. Баланы қалай тәрбиелеу, қалай дамыту керек деген ой маған жатсам-тұрсам тыным бермей, түрлі методикаларды қарастырып, іздене бастадым. Сөйтіп, көптеген методиканың ішінен таңдауым осы Монтессориге түсті. Ол кезде Өскеменде Монтессори орталығы жоқ. Тіпті Монтессори әдісіне негізделген орталықтардың өзі Қазақстанда, оның өзінде Алматы мен Астанада ғана енді- енді пайда болып жатқан кез болатын, – дейді облыс орталығы Өскеменде алғаш ашылған «Айналайын» атты Монтессори орталығының жетекшісі Жанар Заманбекқызы. – Өйткені, бұл жүйе баланың толыққанды, жан-жақты дамуына жол ашады. Осыған көзім жеткен соң, Монтессори орталығын ашу жайында ойлана бастадым. 2008 жылы қолға алғым келген, бірақ өкінішке қарай тағы да қаржылық дағдарыс басталып кетті. Оның үстіне балаларым да жас болды. Қазақстанда алғашқы Монтессори орталығын ашқан жетекшім Ләйлә Мұқашева да «Сен әлі жассың, балаларың өссін» деп өз кеңесін берді. Одан кейін отбасымызбен Астанаға қоныс аудардық. Сөйтіп, орталық ашу туралы арманым кейінге шегеріліп қалды. Тек осыдан бір жарым жыл бұрын Өскеменге оралған соң ғана бұл істі мықтап қолға алдым. Орталық ашу, әрине, оңай емес, көп дайындалдым, несие алудың жолдарын да қарастырдым. Халықаралық Монтессори қауымдастығының әлемдік стандарттарына (AMI) сай келетін ғимарат іздеуге, Монтессори-педагогтарды әзірлеуге, орталыққа қажетті құрал-жабдықтарды Ресейден жеткізуге де едәуір уақыт кетті. Нәтижесінде, өткен жылдың тамыз айында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының, Өскемен қаласы әкімшілігінің, «ЦентрКредит» банкі мен қалалық мәслихаттың депутаты С.Коротиннің қолдауымен халықаралық Монтессори қауымдастығының әлемдік стандарттарына толық сай келетін орталығымызды аштық.
Жанардың айтуынша, басында 300-ден астам бала осы орталықта сынақ сабақтарынан өтіпті. Ата-аналар үшін де арнайы семинарлар ұйымдастырылып, Монтессори жүйесінің артықшылықтары түсіндірілген.
Бірақ әр ата-ананың жағдайы әртүрлі екені белгілі. Мұндай орталыққа баласын беруге біреудің қалтасы көтерсе, ал біреудің жағдайы келмейді дегендей. Бүгінгі таңда орталықтағы 1-3 жас, 3-5 жас, 6-7 жас аралығындағы балаларға арналған қазақ және орыс топтарына барлығы 80-дей бала келіп жүрген көрінеді.
– Қазіргі таңда баланы мектепке әзірлеудің өзі үлкен мәселе ғой. Заман талабы сол ма, кім білсін, бала мектепке бәрін біліп баруы керек. Қалада дамыту орталықтары бар болғанымен, көбіне олар орысша сөйлейтін балаларға арналған. Ал бұл орталықта қазақ топтары да бар. Немерем Әлинұр үш жасқа келіп қалды. Осы орталыққа келіп жүргенімізге екінші айға кетті. Аптасына екі рет келіп, 1,5-2 сағаттай шұғылданамыз. Ең бастысы, балаға ұнайды. Ерекше ықыласпен келеді, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Рымгүл Камалқызы.
Жас ана Жансая Карменова да осынау орталыққа 5 және 4 жастағы екі баласын әкеліп жүр екен.
– Нәтижесін байқап жүрмін. Әлиханым мен Османыма ұнайды, – дейді Жансая да жылы жымиып.
– Бір қараған адамға бұл жердегі балалар өз бетімен жүрген секілді көрінуі әбден мүмкін. Бірақ мүлдем олай емес. Орталыққа келетін бүлдіршіндер ең алдымен өз бетімен, еркін жұмыс істеуге үйренеді. Мұндағы материалдардың барлығы да баланың бойымен бірдей. Өзіне қажетті материалды бала өзі алып, өзі орнына қоя алады, – дейді Жанар Заманбекқызы әңгімесін одан әрі жалғастырып. -Мұнда әр нәрсені баланың өзі жасауына мүмкіндік беріледі. Бала өздігінен жұмыс істеуге дағдыланып, тәртіпке үйренеді. Осылайша баланың өзіндік мені қалыптасады. Монтессори-педагог баланы бақылайды, оған керек кезде ғана көмектесіп, бағыт-бағдар береді. Егер баланың өзі істей алатынына көзі жетсе, тиіспейді. Материалдармен жұмыс істеген кезде баланың қолының икемі, зейіні дамиды. Бұл орталық баланы тек мектепке ғана емес, өмірге дайындайды. Мысалы, жәй ғана күнделікті тұрмысқа қажетті дағдыға арналған зонада бүлдіршіндер суды бір ыдыстан бір ыдысқа құйып, түймені ағытып, шешіп, тағы басқа да тұрмыста жиі қолданатын қажетті дағдыларды меңгереді. Өйткені, өзіңіз білесіз, үйде көпшілік ата-аналар баланың өздігінен бірдеңе істеуіне қолдау көрсете бермейді. Үйде бала «сындырасың», «төгесің», «былғайсың», «тиіспе» деген шектеулерді көп естиді. Осыдан кейін баланың қызығушылығы жойылып, бірдеңені үйренуге деген ынтасы кеміды. Ал Монтессори орталығында ондай тыйымдар жоқ. Кейде кейбір ата-аналар баласын әкеліп, «балама оқуды үйрет, жазуды үйрет» деп айтады. Ондай ата-аналар баланың басқа да психологиялық ерекшеліктерін дамыту қажет екенін ескермейді. Балаға жазуды үйрету үшін ең алдымен оның қолының моторикасын, содан кейін көру қабілетін, зейінін дамыту қажет. Осыны кейбір ата-аналар білмейді. Содан кейін байқасаңыз, біздегі материалдардың барлығы бір бірден. Неге? Өйткені, бала осы жерде адаммен қарым-қатынас негіздерімен танысады. Мысалы, бір материалмен жұмыс істеп отырған баланың қолындағы затына екінші бала қызықты ма, ол ендеше оның ойнап біткенін күтеді, немесе жанына жақындап сұрайды немесе «Екеуміз бірге ойнайықшы» деп өтінеді.
Ұлттық педагогикамен ұштастыруды ойластырып жүр
Монтессори педагогикада хаос деген ұғым бар. Мұнда бірінші рет келген балалар анаған да қызығады, мынаған да қызығады, анаған да жүгіреді, мынаған да жүгіреді, бірін алып, бірін лақтырады. Бұл – заңдылық. Бірақ келе-келе олардың барлығы да тәртіпке бой алдырып, әр затты орны-орнына қоюға әдеттенеді. Сырт көзге ұсақ-түйек болып көрінгенімен, мұның бәрі өмірлік маңызы бар дүниелер, – дейді Жанар.
Алдағы уақытта Жанар Монтессори ілімін қазақтың ұлттық педагогикасымен ұштастыруды да ойластырып отыр. Ол бізбен әңгімесінде қазақ халқының байырғы тұрмыс-тіршілігіне арналған арнайы зона ашсам, ол зонаны ұлттық бұйымдармен жабдықтасам деген арманын да айтып қалды.
– Киіз басуды, май шайқауды, құрт жасауды кішкентай балаларымыз білуі керек, бала әр нәрсені қолмен ұстап, көзбен көріп, сипалап көрсе, ақпаратты тез қабылдайды, – дейді ол.
Жанар Мұхаметқалиева алда көп жоспарлары бар екенін де бізге жайып салды. Десе де, ол жоспарларды жүзеге асыруға әзірге қазіргі бүкіл әлемді әбігерге салып отырған қаржылық дағдарыстың кедергі болып отырғаны да рас.
– Ата-аналардан Монтессори балабақша ашсаңыз деген ұсыныстар көптеп түсуде. Әрине, мұндай орталықтан гөрі Монтессори балабақша болса, әрине жақсы болар еді. Күнде осы зонада жүрсе, баланың да жетістіктері көп болады. Бірақ ол арманды жүзеге асыру алдағы күннің еншісінде, – дейді орталық жетекшісі.
Мейрамтай Иманғали