Баланың бесігі – кең дүниенің есігі
Бұл тәмсілді Төле би айтты деген дерек бар. Талдан иіп жасаған бесікке асылып, бөпесінің ұйқысын күзетіп отырған Анадан сұлу әйел жоқ шығар бұл пәниде?! Оның әлдиінен асқан әуезді әуен, сазды ырғақ табу да қиын. Біз ата-бабаларымыздан қалған осы асыл мұраны сақтап, тұңғыш сәбилерін киелі бесікке бөлеген Бұлбұл мен Асқардың шаңырағында болып, Хадиша апамыздан бесіктің қасиеті мен пайдасы туралы біліп қайтқан едік.
Жас отбасы Өскеменнің іргесіндегі Шығыс ауылында ата-енесімен бірге тұрады. Бізді есік алдынан қарсы алған Бұлбұлдың үстіндегі қынама бел қазақтың ұлттық киімі, басындағы ақ орамалы өзіне керемет жарасып тұр. Қазақ келіндеріне тән биязылығы мен әдептілігі бірден сезіледі. Табалдырықтан аттай бере-ақ қаймағы бұзылмаған, ғажайып бір қазақи иісі мүңк етті. Хадиша апамыз бен отағасы Мұратбек ата Хамзатегі де қалбалақтап, құрақ ұшып жатыр. Бөпе жатқан бөлменің аурасы тіпті ерекше. Үйдің іші қазақтың ою-өрнегімен әшекейлеген құрақтар және көрпешелермен безендірілген, «тіл-көзден сақтасын» деген тілекпен қасиетті үкінің бірнеше тал қауырсынын кереуеттің басына, бесіктің маңдайшасына тағып қойыпты. Өзінің алғашқы отауы-бесік жайлы әңгімеден бейхабар Меруерт атты періште томпайып ұйықтап жатыр…
Келген мақсатымызды естіген Хадиша апа бірден әңгімесін бастап кетті.
-Бесік деген ерекше қасиетті мүлік қой. Шешем 86 жасқа келді, он бір құрсақ көтерді, бәріміз осы бесікте жатып өстік. Қазақтың ақыны да, батыры да, шежіреші, балуаны да осы тал бесікке бөленіп өскен. Өзім де бес баламды енемнің тәрбиесімен бесікке салып, жеткіздім. Бесік – жаңа босанған келіншектің бірінші көмекшісі. Бесікке бөленген нәрестенің ұйқысы тыныш, жайлы болады. Осы уақытта анасы өз шаруаларын тындырып алуға тырысады. Менің жолдасым да күні бойы қызметте, өзім де жұмыс істедім. Бөлмеден шығып кеткенде де бала ауып, құлап қалды ма деп қорықпайсың. Өйткені ол құндақтаулы, екі жерден бесік бауымен байланады, – деген Хадиша апа бесіктің жабдықтарын таныстыруға кірісті.
Бесікті Ұлан ауданы, Тарғын ауылында тұратын 86 жастан асқан Сәбихан ақсақал талдан иіп, арнайы жасап берген екен. Бесіктегі бала тұншығып қалмас үшін арқалығына жеңіл жапқыш жабылады, оның саңылауынан ауа кіріп тұрады. Бұл, бір жағынан, сәбиді бөтен көздердің сұқтануынан сақтаса, екінші жағынан, бетіне сәуле түспейді, жел тимейді. Бөпесін емізген кезде де ибалық сақтаған ана кеудесін осы жапқышпен қалқалайды.
-Бесікте нәресте негізінен құндақтаулы жатады. Сонда ол өзінің ербеңдеген қолдарынан шошымайды. Бесіке бөленген балғындардың бойы, аяқ-қолы түп-түзу болып қалыптасатыны да содан. Ал өсіп қалған баланың қолдарын шығарып, белінен басып байлайсың, арқалығына сылдырмағын іліп қойсаң, сәби өзі ойнап жата береді. Қонағыңның шайын беріп, тамағын пісіріп, алаңдамай жүре беруге болады. Тағы бір ерекшелігі – бесікке бөлеген нәрестенің асты таза болады, қазіргідей памперс салып, әуре болмайсың. Киізден жасалған екі түбекті күнде кешкілік кезек-кезек жуып, кептіріп қоямыз. Баланың астына салатын жөргекті қойдың жүнінен сырып отырып тігеді, аяқ-қолын басып, құндақтайтын бесік бауы болады. Киізді ойып, оны шүберекке орап қоямыз. Мұны жөргек киіз дейді, жастығы түйенің жүнінен тігіледі, екі жастығы бар, оны да кезек-кезек алмастырамыз. Жас босанған келіншектің қалжасына сойылған малдың оң жақ асық жілігінен шүмек жасайды. Тамашалап, қыздырып отырып жасайды. Қыз баланікі мен ұлдікі екі түрлі болады. Тіпті болмаса, аршадан да жасайды, аршада микроб болмайды деседі. Сүйектен жасалған шүмек аппақ, әдемі болу үшін оны сүтке қайнататын да тәсіл бар, – деп түсіндірді Хадиша апа.
Жаңа туған нәрестенің кіндігі түскеннен кейін-ақ сол ауылдың ақ жаулықты апа-әжелері жиналып, бөбекті бесікке бөлеу рәсімін жасайды. Бесікті жас босанған келіншектің ата-анасы әзірлейді.
-Бесікті айнала отырған әйелдер «тыштыма» ырымын жасайды, – деп сөзге араласты Мұратбек ата.- Әйелдер табаққа салынған тәттілерді түбек салмай тұрып, сол тесікке қолдарын тосып, «тыштыма, тыштыма» деп шуласқан балаларға үлестіреді. Бұл, бір жағынан жақсы ырым болса, екінші жағынан, балалар үшін қызық.
Тізе берсек, бесіктің баланы жолда алып жүруге қолайлылығы мен пайдасы ұшан-теңіз. Хадиша апа шешесі балаларын кебежеге екі-екіден салып, түйенің екі жағына теңдеп, көшіп-қонғанын есіне алды. Бесікке арнайы қап тігіледі екен, оны кебенек дейді. «Қазақтың «кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген тәмсілі осыдан қалса керек. Кебенекті бесіктің астынан жіберіп, жан-жағын қымтап тігеді, екі жерден бау қадайды, баланы көшіп жүргенде көтеріп алуға ыңғайлы. Жауын-шашыннан, ақ түтек бораннан да қорғайды. Бала былқ етпестен, бесігінде ұйықтай береді. Жолда тоқтап, баланы емізуге де тиімді. Айтпақшы, кезінде Семей облыстық онкодиспансерін ұзақ жылдар басқарған, онкология саласының ардагері, онколог дәрігер Тоқан Қалиұлы қазақтың келіншектерінде омырау бездерінің мастопатиясы, ісік ауруы бұрын мүлде кездеспегенін айтады. Бұл бесікте жатқан баланы екі омыраумен кезек-кезек емізудің нәтижесі болса керек.
Бұлбұлдың өзі де, жолдасы Асқар да бесікке бөленіп өскен екен. Сол себепті тұңғыштарын ата дәстүріне сай, бесікке салуды ұйғарыпты.
-Бесікте жатқаным болмаса, оның қыр-сырын білмейтінмін. Апамның ( енесін осылай атайды) үйретуі бойынша жарты айда бөпемді бесікке құндақтауды меңгеріп алдым. Қиын ештеңесі жоқ. Қазір қызымыз өсіп қалды, алты ай. Кейбіреулер ойлағандай, бала күні бойы құндақтаулы жата бермейді. Қолға ұстауға жарағалы, бесіктен шешіп алып, киіндіріп, қолымызда ұстаймыз, ойнап, оның өсуіне еркіндік береміз. Бесіктегі баланың аяқ-қолы қисық өседі дегеннің бәрі бекер сөз. Менің еш жерім қисық емес қой, – деп күледі Бұлбұл.
Оның әкесі Дүйсенбек пен анасы Зайра Тарғын ауылында тұрады екен. Үш баланың ортаншысы. 2007 жылы Алтай өлкесінен атажұртқа көшіп келіпті. Бұлбұл бір жылдың ішінде кириллицамен хат танып, еркін жазып-оқитын дәрежеге жетіпті.
-Мен сол кезде Тарғынның кітапханасында істеген Күләнда апайды ризашылықпен есіме аламын. Дұрыс кітаптар таңдап беріп, менің сауатымның ашылуына сол кісі көп көмектесті, – дейді Бұлбұл. Талапты бойжеткен бір жыл дайындық курсынан кейін, Алматы қаласындағы әль-Фараби атындағы Ұлттық университеттің физика факультетіне оқуға түсіп, жоғары білім алып шығады. Сәбилі болғанға дейін «Қазақтелеком» мекемесінде оператор болып істепті.
Әлди, әлди, ақ бөпем….
Бүгінде ғалымдар сәбиінің кіндігі анасымен он жасқа дейін көзге көрінбейтін күшпен байланып тұратынын дәлелдеген. Ана мен баланы байланыстыратын тағы бір қасиетті күш – бесік жыры екен. Шығармашылығына бесік жырын арқау етпеген қазақтың ақын-жазушылары кем де кем. Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Мұқағали Мақатаев, Несіпбек Айтов, осылай кете береді. Бесік жырының қалыптасқан нұсқасы жоқ. Анасы сәбиімен сырласып отырып, ойындағысының барлығын, тіпті туған жеріне, ата-анасына деген сағынышын да жырына қосып, ыңылдап айта берген. Анасының осындай әлдиін тыңдап өскен баланың шешесіне деген мейірімі, махаббаты шексіз болуы заңдылық та. Анаға деген құрмет баланың бойында ана сүтімен, бесік жырымен қалыптасқан. Қазақ халқының батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апа Ахметова бесік жыры туралы мынадай пікір білдірген еді: «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалары шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», – деп таңдана жазған екен жер аударылып келген поляк революционері А.Янушкевич өз естеліктерінде. Әйгілі Затаевичтің «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай…» деуінің астарында көп сыр бар. Ал мұның басты себебі баланың бесік жырын тыңдап өскендігінде жатыр».
Шынында, туғанынан анасының даусын, әсем әнін естіп өскен баланың өзі де ән-жырға, өнерге құштар болып өспей ме?! «Әу» демейтін қазақ жоқ деген сөздің төркіні осында жатса керек.
Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ