Білім

Балаңыз дәрігерлік тексеруден өтуі тиіс

Оқу жылы басталды. Осы  уақытта баланың денсаулығын қалай нығайтуға және жаңа оқу жылына дайындауға болады? № 1 Өскемен қалалық емханасының 30 жылдық тәжірибесі бар дәрігер-педиатры Клара Кунчинова уақыт тығыз болса да, баланы оқу жылына дайындауда неге үлгеруге болатыны, нені жасау керектігі туралы кеңестерімен бөлісті.

Ол өзінің кеңестерін 1 қыркүйектен жаңа өмірге қадам басқалы тұрған бірінші сынып оқушыларының ата-аналарына арнады.

– Балақайға сәтті бастама жасауға, физикалық және психологиялық тұрғыдан дайындалуға көмектесу қажет. Баланың мектепке бейімделу кезеңі 2-3 аптадан алты айға дейін созылады. Бұл баланың жеке ерекшеліктері, оның мектепке дайындық дәрежесі сияқты  факторларға байланысты, – дейді дәрігер.

Клара Кунчинова ересектерге ең бастысы –  балақайлар алдын ала дәрігерлік тексеруден уақтылы өту керектігін ескертеді.

Диспансеризация аясында бала невролог, хирург, ортопед, офтальмолог, оториноларинголог, стоматолог, логопед, психолог сияқты арнайы мамандардың қарауынан және консультациясынан өтуге тиіс. Бұл тексерулердің барлығы тегін екенін ескертеміз.

Сондай-ақ мектепке барар алдында гемоглобиннің, лейкоциттердің (денені инфекциядан қорғайтын қан жасушалары) және басқа да қан элементтерінің құрамын көрсететін жалпы қан анализін тапсыру керек. Зертханалық зерттеулер тізіміне зәр анализі және бактерияларға тексеру де кіреді.

Педиатр сонымен қатар профилактикалық екпелердің маңыздылығын атап өтті.

– Баланың инфекциялардан қорғалғанына көз жеткізіңіз – оның жасына сәйкес барлық профилактикалық егулері болуы керек. 6 жасында қызылшаға, қызамыққа және паротитке және АбКДС-ға (көкжөтел, дифтерия және сіреспе) қарсы екпе жасалады. Манту сынамасы теріс болған жағдайда туберкулезге қарсы ревакцинация жүргізіледі, –  деп түсіндірді педиатр.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button