Балаларымыз – бақытымыз

Бүгінгі таңда бүкіл ел аумағында бала туу деңгейінің көп төмендеп кеткені баршаға белгілі жай. Сонау жетпісінші-сексенінші жылдардағы әр шаңырақтан 10-11 бала өретін кезеңдердің көзден бұл-бұл ұшқанына да біраз уақыттың жүзі болып қалды.
Дегенмен, ортамызда сол «жемісті» кезеңдердің сарқыты іспетті отбасылардың әлі де бар екендігі көңілге медеу болып жүргені рас. Осындай отбасы деп Қалжыр ауылында тұратын Ілдербаевтардың шаңырағын атаған болар едік.
– Менің он балам бар, – дейді мақтанышпен отағасы Төлеген Сейфоллаұлы. – Осы сегіз қыз, екі ұлдың барлығы аман-сау, еліміздің әр түкпірінде лайықты өмір сүріп, өз кәсіптерін тауып жүр.
Бүгінгідей әр отбасы бір-екі, ұзағанда үш баламен шектеліп қалған заманда Төлеген ағамыздың аузынан шыққан бұл лебіздің талай адамды таңырқатары сөзсіз.
– Назгүл, Жұлдыз, Жаңыл, Қымбат деген қыздарымыз Өскеменде тұрады, – деп сөзге араласты Рахат жеңгей. – Ал Арман, Нәзира, Бибігүлдер Алматыда тірлік кешіп жатыр. Жанарымыз Күршімде тұрады, ал екі ұл – ауылда, қолымызда.
Бақытты ата-ана осы перзенттерінен 18 жиен немере сүйіп отыр екен. Олардың кейбірі осында, ата-әжесінің үйінде емін-еркін демалып жатыр.
– Мына қара қыз келгелі екі ай болды, үйіңе қайт десек, кете қоятын ойы жоқ, – деп әзілдеп қояды Төлеген аға Аружан деген бүлдіршінді көрсетіп. Әрине, атасы мен әжесінің мейірімі, шынайы ықыласына бөленген сәбидің әке-шешесіне асыға қоймайтыны түсінікті.
Осы бір берекелі шаңырақтың иелері Төлеген аға мен Рахат жеңгейдің бас қосып, өз алдарына отау тіккендеріне де табаны күректей 45 жыл болған екен. Жеке үй болған кездерінде Төкең совхоздың бір табын қойын санап алып, екеуі соны жиырма жыл бағыпты. Кейіннен осы Қалжыр ауылында тракторшы болып еңбектенді. Одан соң егістікте сушы болып біраз жыл тер төкті. Қайда жүрсе де еңбегі бағаланбай қалған жоқ, аямай төккен маңдай тердің жемісін бала-шағасы көрді. Оқу оқып, қамқор ата-ананың арқасында қалаған мамандықтарын иеленді.
Рахат Әшімқызы кезінде мектептің тазалық сақтау бөліміне жұмысқа тұрып, зейнет демалысына шыққанға дейін 25 жыл бойы сол мекемеде еңбектенген болатын.
– Бәрі де осы жас ұрпақтың қамы ғой, – дейді жеңгей жымиып, – құдайға шүкір, барлығы жолдарын тауып, өз қолдары өз ауыздарына жетті.
Сегіз қызды құтты орындарына қондырған Төкең мен Рахат жеңгеміздің ендігі үкілі үміттері – үйдегі екі ұлдың келешегінде. Ата-аналары аман тұрғанда, олардың да тиісінше білім алып, қалаған мамандықтарын меңгеретініне ешқандай күмән жоқ. Бүгінде бірі алпыс сегізге, екіншісі алпыс үш жасқа толып отырған ерлі-зайыпты Ілдербаевтардың балаларының арқасында әлі де талай қызық, мол қуаныш пен игілік көретіндеріне сенімдері кәміл.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.